Қалмақ қырындағы қазақтар

Көршілес Ресей елінде талай мәрте болып жүрсек те, бұл келісіміздің жөні бұрынғыдан өзгеше еді. Мақсатымызкөршілес Ресейдегі Астрахан облысы мен Қалмақ Республикасындағы қандастарымызбен жүздесу, тыныстіршілігімен танысу.

__алма__ __ырында__ы __аза__тар

Атадан балаға мирас болар салт-дәстүр секілді ұлттық құндылықтарды сақтауына да көңіл аудардық.  Алдымен, қалмақ атанған ойрат ұлтының хошеуот тайпасының (бізше руының) атауын иемденген селоға маңдай тіредік. Мұнда ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырда қалмақ ұлысын басқарған орыс армиясының полковнигі, 1812 жылы Отан соғысында өзінің атты әскер құрамасымен Парижге барған, Хошеуот қалмақ ордасының билеушісі Сербеджаб Туменов тұрған. Ол – адамзатты алаламай, ұлттар достығын сақтауға тер төккен, орыс халқы үшін жан беруді, майданға шықса, қазақтармен тату-тәтті сыйластықты, көршілікті қалаған адам. Өзінің тұстасы Жәңгір ханмен достық қатынаста болып, бір-бірін құрметтеген. Сазгер бабамыз Құрманғазы «Саранжап» туындысын дәл осы кісіге арнаған деген мәліметті қазақтың күйлерін зерттеушілердің мәліметтерінен кездестіреміз.  Хошеуот селосында  Мақаш Бекмұханбетов бабамыздың атын иемденген мектептің барын біреу білсе, енді біреулер білмеуі мүмкін.

Ресейдей көп ұлтты елде қазақтың біртуар ұлының есімін мәңгілікке айналдыру оңай шаруа емес. Бұл – мыңның емес, бірнеше жүз мыңдардың қолынан келе бермейтін шаруа. Орайы келгенде бұл туралы кеңірек айтқан артық болмас. 2010 жылы Мақаш Бекмұханбетовтің туғанына 180 жыл толуына орай «Мақаш әкім» қорының бастауымен ауқымды мерейтойлық шара ұйымдастырылды. Осыған орай Астрахандағы ұлтжанды,  беделді азамат Никита  Ысқақов Володар ауданының  Алтынжар ауылындағы қазақтың мәдени орталығында ғылыми конференция өткізді. Жиынның қорытындысында Мақаш Бекмұхамбетовтің есімін көше, мектеп, басқа да мәдени орындарға беру жөнінде ұсыныстар айтылды. Кейін Астрахандағы қазақтардың қамқоршысына айналған Никита Сейітұлының қажырлы талабының, басшылық алдындағы өтімді сөзі мен беделінің көрінісіндей Харабайлы ауданының Хошеуот селосындағы орта мектепке Мақаш Бекмұхамбетовтің есімі берілді.

Кеңес одағы кезінде тұрғызылған ғимаратқа орналасқан мектептегі  Мақаш Бекмұхамбетовтің есімі жазылған маңдайша ыстық көрініп, тебірентіп жіберді. Бізді көп жыл ұстаз болған Зұлқаш Сатайұлы, ауыл азаматы Бекбол қазақы қонақжайлылықпен қарсы алып, ұлттық салт пен сананың көмескіленбеген шырайын шашқандай әсер берді. Мектеп директоры Людмила Юрьевна Иптееваның  «Қош келдіңіз!» дегенді қазақша айтқанына таңданғанымыз рас. Әңгімелесу барысында марии қызының қазаққа келін болғанына қанықтық. Оның қайын атасы Тастан Иптеевтің осы мектепке қазақтың біртуар азаматының есімін беруге белсене араласқанын, ұзақ жыл директорлық қызметті атқарғанын білуші едік.

Өзге елде орналасты демесеңіз, білім ордасында   Мақаш әкімнің өмірі мен қызметі, тұлғалық бейнесі толығымен қамтылған стенділер қойылыпты. Мектепте Әсел Амангелдіқызы  қазақ тілінен дәріс береді екен. Білім ордасының ұжымымен кездесуде  қазақтың ұл-қыздарының  бізді туған елдің, атажұрттың нұрын алып келгендей қабылдап тұрғанын сездік. Алдымен сөз алған Өтепберген Әлімгереевтің әңгімесін  балалар асқан ынтызарлықпен тыңдады. Оның ұзақ сөйлегенін қалайды. Жалықпай тыңдауға әзір.

Зал толы қазақ балаларының ана тіліне деген сағынышы мен сүйіспеншілігі жанарларынан байқалып тұрды. Пікірімізді айтып, алған әсеріміз жөнінде ой бөлісіп, апарған кітаптарымызды, газет-журналдарды, бейне-дыбыс таспаларды сыйладық. Мектептегі кездесуге  кешігіңкіреп келген Хошеуот селолық кеңесі-муниципалдық басқару басшысы Оразғали Бекболатовтың  айтуынша,  осындағы  тұрғындардың   60 пайызын қандастарымыз құрайды. Ал, Актуба селосының 99 пайызы – қазақтар. Лапас ауылында ноғайлар мен қазақтар қоныстанған.

***

Бұдан соң Астрахандағы  «Жолдастық» мәдени орталығы төрағасының орынбасары Өмірзақ Қабиұлы Бекмұхановтың   бастауымен Қалмақ Республикасына жолға шықтық. Өмірзақтың жасы жетпісті алқымдаған, көпті көрген, өмірден түйгені де мол азамат.  «Жолдастық» мәдени орталығын құрған  Никита Сейітұлын аса ізеттілікпен дәріптеп, әр ісінен өнеге алатыны аңғарылады. «Біздің қазағымыздың ұлттық дәстүрден ажырамай,  тіл мен дінді сақтаудағы дара  ұйымды көздің қарашығындай сақтаңдар. Бұл – бабалар алдындағы борышымыз» деп еді» дейді.

– Астрахан облысындағы қазақтардың саны қанша? – дейміз қандастарымыз туралы кеңірек білуге ұмтылып.

– Былтырғы есеп бойынша 160 мыңның шамасы. Жалпы облыстың тұрғыны 800 мыңды құрайды. Сан жөнінде ноғайлармен қатар тұрмыз, – дейді Өмірзақ аттасым біздің сауалымызға орай.

– Сонау 1974 жылдары 180 мыңдай қазақтар бар делінетін, қырық жылдай уақытта өсім болмаған ба? – деп таңданысымызды жасыра алмадық.

– Қайдам, – дейді ол иығын қиқаң еткізіп, –  біз жете білмейміз. Бірақ, жалпы тұрғындардың 30 пайыздан астамын бір ұлттың өкілі құраса, арнайы мәртебеге ие болады деген қағида бар сияқты.

Қалмақ Республикасында да қазақтардың мәдени орталығы бар. Оны қандастарымыз «Жерлестер» деп атапты. Осы елдің шекарасына енген кезде орталықтың Яшкуль ауданындағы басшысы Асқар Тілемісов қарсы алды. Қазақы «Қош келдіні» ұмытпаған. Аудандық «Искра» газетінің аға тілшісі Аида Байғазиевамен кездестік. Ана тілінде сөйлей алмағаныма кешірім сұрап: «Мен қазақ қызы екеніме мақтанамын, басқа ұлттың азаматына тұрмысқа шықсам да өз фамилиямды сақтадым» деп пікірін білдірді. Ақ сақалы өзіне  әдемі жарасатын 70 жастағы Сағындық Хулхута селосындағы үйіне қонаққа шақырды. Қазағымның кең пейілі-ай, шіркін!

***

 Элиста – Қалмақ Республикасының астанасы. Қаланы аса үлкен деуге келмейді. Тұрғыны да көп емес екен. Қазір мұнда 150 мыңдай адам тұрады. Қаламен таныстығымыз Будданың храмы – хурулдан басталды.

христиан шіркеуі де бар. Алайда, мұсылмандардың Аллаға мінәжат ететін мешіттері жоқ. Қазақтардың «Жерлестер» мәдени орталығының жетекшісі Хатимолла басшысы болып жұмыс атқаратын интернатта орналасқан. Жергілікті қазақтар  орталықта кездесіп тұрады екен. Біздің келуімізге орай жиырмаға тарта қандастар жиналды.  Толқындай тасыған сағынышпен өздері жөнінде ақтарыла әңгімеледі.

Қазіргі тұрғындардың аталары 1933-1934 жылдардан бастап Қазақстанның батыс өңірінен  келіпті. Кейіннен  қоныстанушылардың легі 60-жылдарға дейін түрлі себептермен жайғасқан. Одан кейінгі жылдарда қазақтардың атамекеніне кері көшу үрдісі басталған.  Мұндағы 5000-дай қазақтың Отанына оралмауының әртүрлі себептері  бар. Оның бастысы – қазақ жігіттерінің өзге ұлттың қызына үйленуі. Яғни, екі ұлттан құралған жанұяда дүниеге келген ұрпақтың қолайлы жұмыс орнын тастап кете қоймайтыны байқалады. Қазақтар республикадағы 13 ауданның төртеуінде тұрады.

Жауапты лауазым атқарып жүргендердің бірі ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Ғалымжан Хасенұлы болса,  селолық кеңестерді де бірнеше қандасымыз басқарады.  Қандастарымыз әсіресе, Наурыз мейрамын жоғары деңгейде атап өтеді екен. Олар ресми кездесулерден өзге жанұялық дастарханда басқосулары жоққа тән екенін жасырмайды.

Әлемдік  жаһандану жойқыны күш алғанымен, мұндағы қандастардың жеті атасын ұмытпағанын көңілге медет етуге болады. Мәселен, Марат деген азаматтың  жары Марфуға – Алашаның, Альфия – Шеркештің, Хатимолла – Беріштің ұрпағы. Ал, Оқасовтар – қарақалпақ. Десек те, Элиста қаласындағы мемлекеттік университетте оқитын қазақ жастарының бір шоғыры бар. Кездесуге төртеуінің келгеніне риза болдық. Айбар Бейбітұлы Ресей Федерациясының Президенті В.Путин тағайындаған шәкіртақының иегері, Бүкілресейлік олимпиадада жүлделі 1-орын алған. Солтүстік Кавказ жастарының экстремизм мен терроризмге қарсы слетін ұйымдастырушылардың бірі болыпты. Сондай-ақ, ағайынды Ғабит, Сәбит есімді жігіттер – физика-математика факультетінің студенттері. Олар оқумен қатар, фото-видео түсіріп, шағын бизнесін бастапты. Бұлардан өзге мұндағы жоғары оқу орнында оншақты жас оқиды.

Елге қайтар жолда Хулхута селосындағы Сағындық Темірғалиұлының үйіне тоқтадық.  Өзі – мұсылман, әйелі будда дініндегі  Томара  Лижигереевнамен қырық жылдың үстінде  жанұя болып, өмір сүріп келеді. Дүниеге екі ұл, бір қыз әкеліп, тәрбиелеп отыр.

Сағындық қазақша жатық сөйлейді. Ал, Томара «қазақша түсінемін, бірақ, жауап қайтара алмаймын» дейді.

***

 Астрахан облысында ауданның басшылығын атқарып, кейіннен облыстық Думаның депутаттығына сайланған беделді азамат Нұрлан Маянұлы Хандықов «Жолдастық» қоғамының басшылығын қабылдапты.  Никита Сейітұлы  сенім білдіріп, өз ісін  жалғастыруды тапсырған  ұлтжанды азаматпен кездесуді қалағанбыз. Кәсіпкер жас жігіттің ынталы, бизнес саласына құлшына кіріскені байқалады. Кездесуіміз ұзаққа созылмаса да «Жолдастық» қоғамының толыққанды жұмыс жасауы тұрғысындағы ой-пікіріміз бір арнаға тоғысты.

Сапарымыздың барысында көрші елдегі қандастарға қолұшын беруіміз қажет-ау деген ой түйдік. Дәстүрлі Наурыз және басқа да  мерекелерімізге астархандық және Қалмақ Республикасындағы қандастарымызды барынша қатыстыруға жұмыстану керек деген тоқтамға келдік. Өнер ұжымдары да атажұртын аңсап жүрген қандастарға концерттік бағдарламаларын ұсынса, ұлттық өнерге сусап отырғандарға үлкен қамқорлық болар еді. Бұл мәселеге облыс, Ресеймен  көршілес отырған Құрманғазы ауданының әкімдігі және басқа да азаматтар белсенді араласар деген сеніміміз бар.

   Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

Дүниежүзі  қазақтары қауымдастығы Атырау облыстық филиалы

басшысының орынбасары.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*