ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

 

Енді екі жылдан кейін еліміз әлеуметтік саясаттың жаңа кезеңіне аяқ басады. Және оның басты жаңалығы – адам әлеуетін дамытуға жол ашу. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты стратегиялық мақаласында да кеңінен жария етті.

Атап өткен жөн, әлеуметтік көмек алушылар, негізінен, үш топқа бөлінеді. Олар – атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік балалар жәрдемақысын алушылар және жастары кәмелетке толмаған көп баласы бар отбасылар. Салада жүзеге асырылатын жаңа реформаға сәйкес, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әлеуметтік көмектің тың  түрі – жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Оның өзі шартсыз және шартты әлеуметтік көмек болып екіге бөлінеді.

Шартсыз әлеуметтік көмек  отбасында еңбекке қабілетті адамдар болмаған жағдайда ғана тағайындалып төленеді. Ал, шартты әлеуметтік көмек, отбасында еңбекке қабілетті адамдар болған жағдайда, олармен арнайы келісім жасай отырып төленеді.

Осы жерде шартты әлеуметтік көмек алушыларға белгілі бір міндеттердің де қойылатындығын атап өту керек. Мұндай көмек түрін алушылар – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына қатынасуға, шағын кәсіппен айналысуға, жеке шаруашылығын тиімді жүргізу арқылы өзін-өзі қамтамасыз етуге, сонымен бірге, отбасы мүшелерінің скринингтік тексеруден өтуіне ықпал етуге, туберкулез, маскүнемдік, нашақорлық сияқты дерттерден емделуге міндеттеледі. Сайып келгенде, мемлекеттік қолдаудың мұндай форматы  мұқтаж отбасы мүшелерінің әлеуметтенуіне жол ашады деп күтілуде. 

Атырау облысы жаңа реформаны жүзеге асыруды бастап та кетті. Сол мақсатта өткен жылдың 1 шілдесінен бастап Атырау қаласы және Құрманғазы ауданында «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды. Пилоттық режимдегі жобаға 129 адамнан тұратын 22 отбасы тартылды. Нәтижесінде, жобаға тартылған отбасылардағы еңбекке қабілетті 15 азамат тұрақты жұмысқа жіберілді, 8 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, біреуі әлеуметтік жұмыс орнына орналастырылды.  

Әлеуметтік келісім-шарт жасалғанға дейін шартты ақшалай көмек алушылардың  жан  басына шаққандағы орташа табысы 4010 теңге болған болса, есепті кезеңде 14 297 теңгені құрап отыр. Яғни, 10 мың теңгеге дейін өсім бар. Бұл көрсеткіштің мұқтаж отбасылар үшін зор жаңалық болғаны сөзсіз.

Сайып келгенде, бұл формат – мемлекет қаражатының тиімді жұмсалуына, яғни, әлеуметтік көмекті мақсатты аудиторияның ғана алуына және еңбекке қабілетті адамдарды жұмыс жасауға ынталандыруға ықпал ететін болады.

 

Басты  өзгеріс

«ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне халықты әлеуметтік қорғау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес,  2018  жылдың 1 қаңтарынан бастап:

– мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және 18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларына;

–  төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларына төленетін мемлекеттік жәрдемақы тоқтатылады.

 

Негізгі  жаңалық

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Оның түрлері:

– шартсыз әлеуметтік көмек;

– шартты әлеуметтік көмек.

 

2015 жылдың  желтоқсанына сәйкес, облыс бойынша

атаулы  әлеуметтік көмек  алушылар

саны –2848

мемлекеттік балалар жәрдемақысын алушылар саны14 731

төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары  бар  отбасы-ларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы отбасылар  саны 10 187

 

Көңілқос  ОРЫСБАЕВ, Атырау  облысы  Жұмыспен  қамтуды  үйлестіру және  әлеуметтік  бағдарламалар  басқармасы басшысының  міндетін  атқарушы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*