ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ – АЛҒЫ КЕЗЕККЕ

Мақсат – жұмыссыздықты жою

Мемлекет әркез асыраушысынан айырылған не болмаса еңбек етуге жарамсыз азаматтарды өз қанатының астына алып, қамқорлап келеді. Оларға берілетін жәрдемақы көлемі де уақыт өткен сайын еселенбесе, азайған емес. Еліміздің әр азаматы «мемлекет бізге не береді?» демей, керісінше, «мен еліме не беремін» деп ойланғаны абзал. Елбасы ұсынған жүз қадамнан тұратын Ұлт жоспарында ендігі жерде әлеуметтік көмек оған аса зәру адамдарға ғана берілетіндігі айтылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кірісі төмен, еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана берілетінін атап көрсетеді.

Біздің облысымызда өткен жылы күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын халықтың үлесі 3,8,  ал, кедейшілік деңгейінің орташа көрсеткіші 0,5 пайызды құраған. Және мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғандарға бюджеттен 74,5 млн. теңге төленіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда аталған көмек алатындардың саны 0,5 пайызға түскен. Бұл, әрине, аймақтағы күнкөріс деңгейінің әжептәуір жақсарғандығының айқын дәлелі. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасыларындағы кәмелет жасына дейінгі балаларға 250,8 млн. теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің бастамасымен аз қамтылған отбасыларына коммуналдық қызмет ақысын төлеуге 40 пайызға дейін жеңілдіктер беру жағы қарастырылған. Осылайша, облыс бойынша 1345 отбасына 4,6 млн. теңгенің жеңілдігі көрсетілген.

Ел экономикасының локомотиві саналатын Атырау аймағында жұмыссыздықпен күрес мәселесі де жүйелі жүруде. Облыста жұмыспен қамтылған халық саны жылдан-жылға артуда. Мәселен, 2012 жылы жұмысқа орналасқандар саны – 277,3 мың, ал 2014 жылы 286,1 мың адамға жеткен. «Сонымен қатар, жалдамалы қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы да жоғары деңгейде. Жұмыспен қамтылған халықтың 12,0 пайызы өз бетінше жұмысқа орналасқандар болып табылады. Осы жылдары белсенді әлеуметтік шаралардың жүзеге асырылуына орай, жұмыссыздық деңгейі бір қалыпта тұрақтап, экономикалық белсенді халық бөлігінен 5,0 пайызды құрады», – деді Гүлболат Екпінқызы.

Тұрғындарды жұмыспен қамтитын аталған басқарманың мәліметіне сүйенсек, облыста 2012-2014 жылдары елу мыңға жуық жұмыс орны құрылып, мыңдаған адам тұрақты қызмет тапқан. Сондай-ақ, осы жылы 16800 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Бағдарламаның берері мол

Сала маманы, сондай-ақ, облысымызда төрт жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы халықтың тұрмыстық жағдайын, әл-ауқатын жақсартуға әсер етіп, осы уақыт ішінде мыңдаған адамның бағдарламаның игілігін көргендігін айтады.

Мәселен, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша, 120 жобада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2670 жаңа жұмыс орны ашылған. Көп жылдар бойына жөндеу көрмеген нысандар жаңарып, ауылдық жерде жұмыссыз жүрген адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік болған.

Бағдарламаның екінші бағыты бойынша, кәсіпкерлік негіздеріне екі мыңнан аса адам оқытылып, өз ісін ашуға немесе кәсібін кеңейтуге шағын несиелер берілген. Азаматтар несиені көбіне мал, егін шаруашылығына, халыққа қызмет көрсету, тұрғындарды тасымалдау және басқа да бағыттар бойынша алған.

Жыл сайын несие алушылары көбейіп, кәсіпкерлер саны артып, несие түрлері де кеңейген. Несие жеке балабақша, шағын оқу орталықтарын ашу, саңырауқұлақ өсіру, қайық жасау сынды жаңа бағыттар бойынша берілген. Өз істерін дамытушы, қосымша несие алушылар есебінен төрт жыл ішінде жаңадан 1265 жұмыс орны құрылып, олар қажетті инженерлік-инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген. Ал, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша, кәсіби оқумен тоғыз мыңға жуық адам қамтылып, оқуын аяқтағандар түгелге жуық тұрақты жұмысқа қол жеткізген.

«Осы жылдары нысаналы топтарға жататын адамдар үшін ұйымдастырылған әлеуметтік жұмыс орындарына 3,0 мың адам және жоғары, орта-кәсіптік оқу орындарын бітірген жас түлектер үшін алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жастар тәжірибесіне 3,8 мыңнан аса жас түлек орналастырылды. Бағдарлама шеңберінде Атырау қаласында көп пәтерлі үш үй салынып, 132 пәтер бағдарламаға қатысушыларға қызметтік тұрғын үй мақсатында пайдалануға берілді. Тұрғын үймен қамтылған отбасылар ішінен жұмысты қажет ететін 205 адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – дейді Г.Аманғалиева.

Осы шаралардың нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі тұрақтанып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар саны азайған. Оның айтуынша, аталған шаралар биылғы жылы да жалғасуда. Бағдарлама шеңберінде ағымдағы жылы 1539 адам жұмыспен қамтылып, 20 нысанда күрделі-жөндеу жұмыстары басталған. Осының нәтижесінде жүздеген адам жұмысқа орналасқан.

Аймақта атқарылған бұл жұмыстар ел игілігін көздейді. Сол себептен де әлеуметтік аз қамтылғандарға әркез қолдау көрсетіліп отыр. Осы жылдың екі тоқсанының өзінде 455 отбасындағы 2300 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 5,3%-ға жоғары болып, 39,4 миллион теңгеге жеткен. Алайда, жәрдемақыға ғана қарап отыру бүгінгі заман талабын өтей алмайды. Сондықтан да, әлеуметтік жаңғыруда өзгелерден оқ бойы озық тұрған еліміздегі әр азамат мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отыра, өзінің қал-қабілетінше қаражат көзін табуды мақсат етуі тиіс.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*