ӘЛЕУМЕТ ҚАМЫ – АЛҒЫ КЕЗЕКТЕ

Жолдауда атап көрсетілгеніндей, сыртқы нарықтағы жағдай жақсарып, Қазақстанның ұлттық байлығы саналған мұнайға әлемдік бағалар жоғарылаған кезеңде шикізаттан түсетін табыстарды Ұлттық қорға жинақтағанбыз.  Ал, ондағы қаражат тыстан келетін тәуекелдердің әсерінен ұлттық экономиканың орнықтылығын арттыруға, әлемдік нарықта баға құбылысы орын алған  кезде экономиканы қолдауға жұмыс істеуі тиіс.

Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылы Президент Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамту бағдарламасын қолдауға  2014-2015 жылдарға 1 триллион теңге бөлуді тапсырды. Осы бағдарламалар аясында басталған жобаларды аяқтау үшін Мемлекет басшысы екінші транш ретінде қосымша 500 млрд. теңге бөлуді жүктеп, қаражаттың нақты бағдарлануы тиіс бағыттарын да айқындады. Біріншіден, шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті қолдау үшін 100 млрд. теңге қаралады. Екіншіден, банк секторын сауықтырып, «нашар» кредиттерді сатып алуға 2015 жылы осы санаттағы несиелер қорын қаржыландыруға 250 млрд. теңге бөлінеді. Үшіншіден, жаңа инвестицияларды тартуға қолайлы  жағдайлар туғызуға қажетті қаражат та осының аясында қамтылмақ. Төртіншіден, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылысын несиелеуге бұған дейін бөлінген 25 млрд. теңгеге қосымша ағымдағы жылы 40 миллиард теңге бөлу көзделген. Бесіншіден, осы ауқымды шараның қарсаңында Астананың көліктік инфрақұрылымын дамытуды тиянақтау міндеттелді.

 Жолдауда  назар аударылған және маңызды бір  мәселе – тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту. Бұл ретте Нұрсұлтан Әбішұлы жалға берілетін баспана құрылысына қатысты бағдарламаны қайта қарауды жүктеді. «Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Мәселен, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», ипотекалық компания, жалға беру секілді бағыттар қамтылған. Дегенмен, бізге мәселенің басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық баспананы салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаны төлеткізеді, содан кейін банктер клиентті кіріптар етпей қоймайтын пайыздарды бекітеді, оның деңгейі 20 пайызға дейін жетеді. Адамдар оны төлеуге қауқарсыз болып, соңынан түрлі проблемалар туындайды. Әрине, бұндай бағдарламалар балама ретінде қалады, өйткені бұлар дәулетті адамдар үшін қалыпты нәрсе. Ал, жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтардың санатына ыңғайлап жасап жатырмыз», – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Соған қарағанда, жаңа бағдарлама шеңберінде баспана еш делдалсыз, барынша төмен пайызбен беріледі. Несиелік қызмет 1-2 пайыз көлемінде болуы мүмкін. Сәйкесінше, тұрғын үйді сатып алу құны төмендетіледі, бастапқы жарна төлеу тоқтатылады. Ипотекалық несиелеу жүйесіне енгізілетін төмендетілген пайыздар қазақстандықтар үшін баспананы елеулі қолжетімді етеді. Сондықтан да, жалға берілетін баспана құрылысын дамытуға 2015-2016 жылдары қосымша 180 млрд. теңге бөлінетіндігі жоспарланған.

 Бұдан бөлек, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытуға да баса көңіл бөлінеді. Осы ретте, Мемлекет басшысы апатты мектептер мен үш ауысымды оқытулар мәселесін аяқтайтын мезгіл жеткенін қадап айтты. Сол себепті де бұл проблеманы   шешуге бюджеттен қосымша 70 млрд.теңге бағыттау көзделген. Елбасы балабақшалардың жетіспеушілігіне де тоқталып, осы бағытта мектепке дейінгі мекемелердегі орын жетіспеушіліктер проблемасын алдағы үш жылда шешуді тапсырды. Бұл үшін бюджеттен қосымша 20 млрд. теңге бөлінетін болып белгіленді. «Алайда, бұл мәселеде мемлекет қаражатын оңды-солды шашуға жол берілмейді, жеке бизнес те осыған бару керек, әкімдер оларды ынталандырып, қызықтыру жолдарын қарастырулары керек», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент Ұлттық қордан жолданатын инвестициялар тиісті салалардағы құрылымдық реформалармен міндетті түрде ұштасуы тиістігін атап өтті. Бұл үшін халықаралық қаржы құрылымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асуы шарт. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Еуропа Қайта Құру және Даму банкі, Ислам даму банкі секілді қаржы құрылымдарымен Үкімет толықтай қайта келіссөздер жүргізеді. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл халықарлық қаржы құрылымдары қазірдің өзінде шамамен 90-нан астам стратегиялық жобаға 9 млрд. доллар бөлуге дайын екен.

Сөйтіп, кезекті Жолдауда жаңа экономикалық саясаттың бағытын айқындаған Елбасы елді дамытуға қажетті қаржы үшін Ұлттық қор қаражатын тартуды ұсынды. Бір сөзбен айтқанда, бағыт айқын, қаражат бар. Ендігі міндет – белді бекем буып іске кірісу. Ең бастысы, әлеуметтің қамы мен оның әлеуетін арттыру, елдің экономикасы мен халықтың тұрмыс деңгейін жаңа сатыға көтеру мақсаты айқындалып, алғы кезекке қойылып отыр.

Сайып келгенде, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының ұжымы да  түсіністікпен қабылдап, оны толықтай қолдауда. Басымдық берілген бағыттар мен жүктелген міндеттердің орындалуына өз үлестерін қосып, еңбек заңдылықтары мен талаптарының ұдайы назарда ұсталынуын қадағалауды мақсат тұтуда.

Бисенбай ТАСПАЕВ,

Атырау облысы бойынша мемлекеттік еңбек

инспекциясы басқармасының еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің бас маманы-мемлекеттік еңбек

инспекторы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*