ӘЛЕУМЕТ ӘЛЕУЕТІ ЖОЛЫНДА

Жиынды Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова кіріспе сөзбен ашты. Алдымен, Жолдаудың басымдық берілген бағыттары мен жүктеген міндеттеріне қысқаша тоқталған ол шаһар бойынша өзі басшылық жасап, бағыт-бағдар беріп отыратын әлеуметтік саланың жай-күйіне көбірек көңіл бөлді. Өйткені, егемен ел, тәуелсіз мемлекеттің болашағын айқындаған экономикалық та, саяси да маңызы, келешегі зор құжаттың көздеген басты мақсаты – әлеуметтің әлеуетін көтеру, соған қолдау көрсету.

Осылайша, әңгімесін білім беру саласының ахуалынан бастаған Гүлмира Мүсілімқызы бүгінгі таңда қаладағы 57 мектепте 14,5 мың оқушының дәріс алатынын айтты. Апатты жағдайда тұрғандығы анықталған үш білім беру мекемесінің екеуі (Ы.Алтынсарин атындағы №11 және Н.Крупская есімімен аталатын №18 мектеп ғимараттары)  жаңадан салынып жатса, Балықшы кентіне қарасты Ширина елді мекеніндегі М.Отаралиев атындағы мектептің құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып қойылған. Биыл  аталған нысандардың барлығы да жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұған дейін де мәлімделіп жүргеніндей, қазіргі уақытта қалада үш ауысыммен оқытатын мектеп жоқ деп есептелінгенімен, бұл мәселеде қиындық келтіріп жүрген жайлар да жоқ емес. Нақтылай кетсек, әлі күнге дейін қала маңындағы Водников-1, 2 және Құрсай ауылының балалары Көкарнадан бой көтерген жаңа мектепке қатынап оқиды. Әрине, мұның өзіндік қолайсыз тұстарының барлығын да хабарламашы жасырмады. Дегенмен, 2014-2015 жылдары бұл проблеманың да түйіні толықтай шешілетінін назардан тыс қалдырмады.

Одан әрі мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жайын сөз еткен шаһар басшысының орынбасары мұнда да шешімін күткен проблемалардың аз еместігін алға тартты. Бүгіндері қала бойынша 15 мыңдай балдырған балабақша кезегінде тұрса, қамтылу деңгейі 54 пайызды құрайды. Бұл тығырықтан шығып, мәселені түбегейлі шешу үшін жылына кем дегенде 5-6 балабақша салынуы керек. Оның өзі де қажеттілікті толық өтейді деу қиын. Қазіргі уақытта облыс орталығының «Нұрсая» және «Самал» мөлтекаудандарында, сондай-ақ қала аумағындағы екі селолық елді мекенде әрқайсысы 280 орындық төрт мектепке дейінгі балалар мекемесі құрылысы жүргізілуде. Қаражаты шешілсе, бұл үрдіс ілгеріде де жалғасып, балабақшалардың қатары көбейе түспек. Бұдан бөлек, кезінде жекешелендіріліп кеткен балабақшаларды мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы іс-шаралар да жалғасады.

Осыларды баяндаған Гүлмира Мүсілімқызы рухани өміріміздегі оңды өзгерістерге қарамастан мәдениет саласында аяққа тұсау болып отырған жайттарға да тоқталып өтті. Қалаға қарасты тоғыз селолық округтің бәрінде  дерлік уақыт талабына сай келетін, заманауи үлгідегі мәдениет ошақтары жоқ. Жылдан-жылға тұрмысын түзеп, әлеуетін көтерген халық ендігі жерде осы олқылықтың орны толтырылғандығын қалайды.

Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтардың қатарында «Жедел жәрдем» қызметі бойынша алғашқы медициналық көмек көрсететін бригадалар мен арнаулы көліктердің көбейгендігі, қызмет сапасының жақсара түскендігі аталды. Селолық елді мекендерді есептемегенде, орталықтың өзінде жеті емхана тұрғындарға қызмет көрсетеді. Әйтсе де, кейбір маман-дәрігерлердің жетіспейтіндігі, басқа да проблемалық мәселелердің бұл саланы айналып өтпегендігі анық. Спорт саласында да назар аударуға тұрарлық жайттар жеткілікті. Футбол алаңдарының саны көбейтілгенімен, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері жетіспейді.

Жиында келесі сөз кезегін еншілеген Атырау облысы бойынша индустриалды-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Роза Байсалықова өңірде шағын және орта бизнесті өрістету, оған қолдау көрсету бағытында «Жұмыспен қамту-2020» және «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде атқарылып жатқан іс-шараларды әңгімесіне арқау етті. Аталған бағдарламалар аясында кәсіпкерлерді қолдауға былтыр республикалық бюджеттен жалпы сомасы 2,0 млрд. теңге қаражат қаралса, биыл бұл соманы 2,7 млрд. теңгеге дейін көбейту жөнінде сұраныс берілген. Әріптесінің айтқандарын облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бағытжан Мұхамбетқалиев те қостап, жұмыссыздықпен күрес, жұмысқа орналастыру төңірегіндегі іс-шаралардың барысына тоқталды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*