ӘЛЕУМЕТ ӘЛЕУЕТІ – БАСТЫ НАЗАРДА

Сәлімжан Нақпаев,

Атырау облысы әкімінің орынбасары: 

– АҚШ долларының теңгеге шаққанда курсының өзгеруіне байланысты облыста құрылған топ коммуналдық қызметтің де бағасын өсірмеу бағытында жұмыстанады. Аймақта жанар-жағармай бағасы бұрынғы күйінде қалады, қоры әзірге жеткілікті. 2009 жылдан бастап газды ТШО-дан теңгемен сатып аламыз, сондықтан, көгілдір отын бағасы көтерілмейді.

Серік Айдарбеков,
Атырау қаласының әкімі: 

– Біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Күн сайын екі рет бағаны қадағалап отырмыз. Үкімет басшысының тапсырмасына сай негізсіз өскен тауар бәсін ретке келтіреміз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұдайы бақылауға алдық. Қажет болған жағдайда керекті өнім түрлерін алуға мүмкіндік бар. Әзірге тұрақтандыру қорында тек картоп, қырыққабат, пияз, қызылша сақталған.

Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА,
облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы:

– Бүгінгі таңда облыстық әкімдік аймақта орналасқан сауда орындары мен халыққа қызмет көрсету  нысандарында жасанды түрде баға өсіру әрекеттерін қатаң бақылауда ұстап отыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы бұрынғы күйінде сақталады. Өйткені, бұл тауарлар Қазақстан Республикасы аумағында өндіріледі. Қазір облыста мұндай тауарлардың 33 атауы тіркелген. 

Сейсенбі күнінен бастап банк филиалдары, ірі сауда орындары, супермаркеттер басшыларымен жиын өткізіп, бағаны көтермеу шараларын қолға алудамыз. Сондай-ақ, облыс орталығы және аудандарда рейд жүргізіліп, бақылауда ұстаймыз.

Сырым РЫСҚАЛИЕВ,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы:

– Алдымен, күнделікті тұтынар өнімдердің дені жергілікті екендігін, демек долларға еш қатысы жоқтығын айтқым келеді. Сондықтан, атыраулық диқандар бау-бақша дақылдары мен көкөніс бағаларын бұрынғыша сақтайды.

Атырау қаласындағы ірі сауда мекемелері және базарлар басшыларымен келісімге келіп, әлеуметтік азық-түлік сатушыларға қосымша орындар беру жоспарлануда. Қазір 33 түрлі әлеуметтік тағам түрі 59 сауда орнында сатылып жатыр. Енді оны одан әрі көбейту жоспарланып отыр.  Сонымен қатар, сырттан тауар тасушылармен меморандум жасақталып, олар әкелген заттарының бағасын орынсыз өсірмеуге келісім берді. Осындай шаралар аудандарда да алынуда.

Нұрлан Таубаев,
Атырау облысы бойынша монополияға қарсы инспекция басшысы: 

– Ірі көтерме тауар жеткізушілер, бизнесмендермен  арнайы жиындар өткізіп, келісімге  келдік.  Оларға өндірістік және азық-түлік тауарларына бағаны негізсіз көтеруге құқығы жоқ екендігі ескертілді. Біздің қызметкерлер арнайы штаб құрамына кірді. Бұл ортақ шаруаға қала тұрғындарын да шақырамын, 21-43-45 телефон нөміріне хабарласып, орын алған фактілерді жеткізуге болатынын қаперлеріңізге беремін.

Абат Тасымов,
«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік
корпорациясы» ұлттық компаниясы АҚ басқарма төрағасы: 

– Тұрақтандыру қорынан картоп – 81, сәбіз – 75, қызылша, қырыққабат, пияз 70 теңгеден сатылып  жатыр. Аудандық операторларды қосқанда қордағы тауарлар жеткілікті. Алдағы екі айға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Былтыр күз айында жергілікті, отандық ауылшаруашылық өнім  өндірушілерден  қорға  жинап қойғандықтан, АҚШ долларының өсуі әсер етпейтінін  айтқымыз келеді.

Пікірлерді жазып алған М.СҮМЕСІНОВ, А.ЕРТІЛЕУ, А.САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*