ӘЛЕМДІК СЫНАҚ – ӘЛЕУЕТІМІЗГЕ СЫН

 

Құлсарыдағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде, Мұнайшылар клубында, қаладағы №7 жалпы білім беретін орта мектепте, сондай-ақ Ақкиізтоғай елді мекенінде атқарушы органның бөлім басшылары, ардагерлер, мұнайшылар, кәсіпкерлер, село әкімдері, ауыл тұрғындары және білім беру саласы қызметкерлері алдында Елбасының биылғы халыққа арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы, одан туындайтын міндеттердің басым бағыттары турасында нақты мысалдар келтіре отырып, еркін әрі мазмұнды дәріс-түсінік берді.

Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті. 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралды. Бұл дұрыс, әйтпесе, еліміздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келеді. Экономикалық саясатта қайта бағдарлау жүріп жатыр. Бұл тәжірибе еліміздің 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларын еске түсіреді. Ол кезеңде дағдарысқа қарсы күреске 10 млрд. доллар бағытталған болатын. Ұлттық қордың міндеті экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның ішінде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, оны жоғарылату болып табылатынын жалпы жұртшылықтың білгені жөн.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Шпанов осы жайларды таратып айта келіп, өз ойын «Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Ұлттық қор экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға, нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдар, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады» деп шегеледі.

Еркін Мәжитұлының айтуынша, мұнай бағасы түсіп кетті. Мемлекеттік деңгейде маңызды шаралар алынуда. Елбасы тапсырмасымен шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге, әлеуметтік салаларды дамытуға үш жыл кезеңге – 2015-2017 жылдарға 27 млрд. теңге игеруге нұсқау берілді.

Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасының орынбасары Н.Құрбанов Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлінгеніне, басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржы шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге, банк секторын сауықтыруға, «ЭКСПО-2017» кешені құрылысын жалғастыруды несиелеуге, басқа да арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымын дамытуға бағытталатынына тоқталды.

– Елбасы «Геология – экономикамыздың локомотиві» дегені естеріңізде болар. Кен қойнауларын іздестіру-барлау жұмыстары қай уақытта да өз жалғасын тауып келеді. Мұнайы түгесілуі мүмкін кен алаңдары да болмайды емес. Сондықтан, минералдық шикізаттардың орнын толтыру мақсатында бұл салаға Үкімет тарапынан 120 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр, – деді Ниязбек Құрбанов.

Ақпараттық топ мүшелері Құлсарыда соңғы ширек ғасырдан кейін салынып жатқан алпыс пәтерлік бес үйді аралап келіп отырғандарын айтып, ортақтас пейілмен қуанышты сезімдерін жасыра алмады.

Республикалық ақпараттық топ мүшелерімен кездесулерде Қараарна округінен ардагер Жақсылық Көшекбаев, «Манас» шаруа қожалығының жетекшісі Нұртас Байжанов, зейнеткер-геолог Зейнел Бозтаев, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы құралдарды жөндеу және пайдалану цехының жөндеушісі Теңдеш Мыңтұрған және Құлсары мұнай құбырлары басқармасының меншікті қорғау жөніндегі маманы Таппатия Бекенов, тағы басқалар сөйлеп, өздері және өз ұжымдарының Елбасы Жолдауын қолдап, қуаттап отырғандарын жеткізді.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*