ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ЖАҢА ҚАДАМ

Біз соғыстың зардаптарын көрген ұрпақпыз. Біз бұдан да қиын, өте ауыр жағдайда өмір сүрдік. Ішерге ас, киерге киім таппаған, бейбітшілік аспанын бұлт торлаған сол заманда да халқымыз бірлігінен ажыраған жоқ. Ғажабы да сол, халқымыз  жақсылыққа сене түсті. Сондықтан, доллар бағамына байланысты қалыптасқан ахуалдан дүрбелең тудырудың, алаңдаудың қажеті жоқ деп есептеймін. Өйткені, Қазақ елінің әлемдік экономиканың бір бөлшегі екенін ұғынуға тиіспіз. Оның үстіне, мемлекет әлеуметтік жауапкершілікті толық сезініп отыр. Әлеуметтік төлемдер қысқартылмайды,  халықтың әлсіз тобы мемлекеттің қамқорлығында болады. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы аяқталады. Ең бастысы, азық-түлік өнімдері негізсіз қымбаттамайды. Баға тұрақты бақылауда. Осының өзі халыққа үлкен демеу деп есептеймін. 

Рас, осы мәселеге орай, өткен аптада арнайы жиын өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев теңгеге байланысты мұндай ахуалдың алдағы белгілі бір  жылдарға дейін сақталуы мүмкін екендігін мәлімдеді. Мұндай болжам жасауға мұнай бағасының түсуі, әлемдегі геоэкономикалық, геосаяси ахуалдар тікелей себеп болып отырғаны белгілі. Сондықтан да, халықты барлық жағынан да үнемдеуге және ұйымшылдыққа шақырған Елбасының ескертуіне жете мән беруіміз қажет деп есептеймін. Әр нәрсенің де сұрауы бар екендігін уақыт дәлелдеп отыр.

Айтылған ойларды сараптай келе, еліміздегі теңгенің айырбас бағамының еркін айналымға  жіберілуін әлемдік нарыққа жаңа қадам басқанымыздың белгісі ретінде қабылдау қажет деп ойлаймын. 

Әліпқали БЕКЕШ,

еңбек ардагері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*