ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯДА МЕШІТТЕ БОЛҒАН АТЫСТАН 27 АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

20190315110405 Жаңалықтар

Atr.kz/15 наурыз, 2019 жыл.  Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында болған атыстан кем дегенде 27 адам қаза тапқан.

ВВС Otago Daily Times басылымының хабарлауынша, атыс Крайстчерч мешіттерінде түс қайта болған. Нью-Плимутта өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министр Джасинда Ардерн бұл оқиғаны Жаңа Зеландия тарихындағы ең қаралы күндердің бірі деп атады. Полиция комиссары Майк Буш (Mike Bush) та қаза тапқандардың көп екенін растаған. Оның айтуынша, осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен бір адам ұсталған, алайда полиция осы оқиғаға кінәлі басқа адамдар да болуы мүмкін екенін жорамалдап отыр.

 New Zealand Herald басылымының хабарына қарағанда, Майк Буш бүгін адамдардың мешітке бармай қоя тұруын өтінген. Полицейлер қала тұрғындарынан үйден шықпай, кез келген күдікті жағдайды байқаса, «111» нөміріне хабар беруін сұрайды. Қосымша шара ретінде полиция қаладағы мектептердің барлығын қоршаған.

 Атыс болған кезде Deans даңғылында орналасқан Мәсджид ән-Нур мешітінде 200-ге жуық адам болған. Қазір сол көшенің бір бөлігі жабық. Бұдан бөлек, Линвуд кварталындағы мешіттің айналасында да атылған оқтардың дыбысы естілген деген мәлімет бар.

Дереккөз: «ҚазАқпарат»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз