АЛДЫМЕН – ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, СОСЫН ҚҰРЫЛЫС…

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов төрағалық етіп, кеңес қарауына «Казгипроград 1» жобалау институты ЖШС мен бес ауданның жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша дайындалған жоба ұсынылып отырғанын айтты. Ганюшкино, Миялы, Аққыстау, Махамбет селолары мен Құлсары қаласының бас жоспарын жобалау жұмыстары аяқталуда екенін жеткізді.

Аталмыш серіктестің директоры Валентина Баркова жобаға алынған бес елді мекеннің бас жоспарымен таныстырды.
– Жоспарда аумақты функционалды аймақтандыру, үй тұрғызатын және өндірістік аймақтарды кезең-кезеңімен дамыту, қоғамдық орталықтардың, аяқталған инженерлік және көліктік инфрақұрылымның дамыған жүйесін жасау бойынша жобалық ұсыныстар берілді. «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы бойынша баспана салуға, рекреациялық демалыс аймақтарын қалыптастыруға жер телімдері қарастырылды. Мектептер мен балабақшалардың жер телімдерін қосқанда, саябақтардың, гүл бақтарының, саяжолдардың біртұтас жүйесін құру сияқты ұсыныс берілді.
Бас жоспарлар жобаларында ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан 2050 жылға дейінгі мерзім қамтылады, – деп, ол «осы уақытта жасалатын жұмыстар құрамына кәріз жүйелері міндетті түрде енгізілсе» деген ұсынысын білдірді. Әрі қарай өз баяндамасында әр ауданның жоспарына жеке-жеке тоқталды. Айтуынша, Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласының халқы бас жоспар бойынша бірінші кезекте 60 мың болса, есепті мерзімінде 70 мыңды құрап отыр. Ал, тұжырымдама кезеңінде 85-90 мың адам деп анықталған. Жалпы қала аумағының жер көлемі – 35 802 гектарды құрайды. Халық тұратын аймақ өндірістік аймақтан солтүстікке қарай орналасқан. Қамыскөл көлінің солтүстік жағасында демалыс аймағы құрылуда. Бірінші кезек мерзімінде «Береке», «Автодорожник», «Аэропорт», «Жадырасын» тұрғын аудандары аймағындағы бос жерлерде жаңа құрылыс салу туралы ұсыныс бар.
Ал, Қызылқоға ауданына қарасты Миялы селосында халық тұратын аймақты жобалау кезінде де мүмкіндігінше экологиялық таза аймақтарды қамту мен инфрақұрылым жүйелері сақталады. Ауылды дамыту негізінен солтүстік-шығыс, шығыс және оңтүстік аймақтарын қамтитын болады.
Жобалауға ұсынылған келесі бір ауыл – Исатай ауданының Аққыстау селосы. Бұл ауылды дамыту бойынша қабылданған нұсқа қоныстандыруды темір жолдың арғы жағындағы бос жатқан аумақтарда, кәріз тазарту қондырғыларын шығара отырып және сүзу алқаптарын жауып, қазіргі құрылыстарға параллель жүргізу қарастырылған.
Қазіргі уақытта Атырау-Орал автокөлік жолы бойының бос жатқаны белгілі. Болашақта осы тасжол бойынан бастап, солтүстігінде Сарытоғай ауылын айналдыра Жайық өзеніне дейінгі кеңістікті алатын тұрғын үй құрылысы басталады. Бұл Махамбет селосының бас жоспарындағы жұмыстар легі.
Құрманғазы ауданындағы Ганюшкино селосының күрделі жоспарлы құрылымға ие екендігі де баса айтылды. Дәлірек айтқанда, мұнда тұрғын үй құрылымдары әртүрлі уақыттарда салынғандықтан, құрылысы мен көркейтілуі тұрғысында және қалыптасқан көше-жолдық желіге байланысты айырмашылықтары бары анықталған. Халықты орналастырудың қабылданған нұсқасы бойынша селоның дамуы жобада батыс, сондай-ақ, солтүстік-шығыс бағытындағы бос аймақтарда қарастырылғандығы айтылды.
Жиын барысында кезекті баяндамадан кейін кеңес мүшелері сұрақтар қойып, өзара пікірлесті. Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Ерсайын Дүйсемәлиев телефон байланысы жұмыстарын жобалық нұсқа қаралып кеткеннен кейін іске асыру қиын болатынын айтып, «алдымен телекоммуникациялық желілерді жүргізу сияқты жұмыстардың қалай жүргізілетіндігін шешіп алуымыз керек» деген ұсынысын айтты.
Берген жауабында серіктестік директоры Валентина Баркова бұл мәселенің құрылысты салып жатқан мердігер компаниямен бірлесіп шешілетіндігін жеткізді.
Махамбет аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Геннадий Жуков аудан негізінен қазіргі уақытта мал өсіріп, егін егіп, көгалдандыру сияқты жұмыстармен шұғылданатынын айтып, «Болашақта тұрғындар осындай кәсіптерін қалай, қай жерде жүзеге асыра алады? Бұл жөнінде бас жоспарда айтылмаған» деген ол, жоспарға осы мәселені де енгізу керектігін жеткізді.
Құрылыс жөніндегі облыстық кеңес соңында облыс әкімінің орынбасары Т.Шәкімов бас жобаны әлі де тиянақтау, айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескерту керектігін айтып, оны қорытындылауды облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына жүктеді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан Алтыбаев.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*