Қалдықты кәдеге жарату қалай жүзеге асады?

Қалдықтарды сұрыптау, жарамсызын полигондарға орналастыру. Еліміздегі төрт ірі мұнай-газ компаниясы, атап айтқанда, «Теңізшевройл», «НКОК», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамы өткізген бірлескен форум осынау маңызды мәселеге арналды.

ҚАЛДЫҚТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ

Облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты – табиғат қорғау заңдылықтарына сүйене отырып, жергілікті бизнес өкілдері мен мұнай-газ операторлары арасында қалдықтарды өңдеу бойынша пікір алмасу.

Қырықтан астам компания өкілдері қатысқан форумда Солтүстік Каспий, Теңіз, Қарашығанақ секілді өңірде жүзеге асып жатқан ірі жобалардың қалдықтарды шығару мәселесіне инновация енгізу, инвестиция тарту арқылы шешу жолдары кеңінен талқыланды.

НКОК компаниясының жергілікті қамту бойынша менеджері Дәуірбек Өтежановтың айтуынша, бұл басқосу осыдан бес жыл бұрын қабылданған төрт мұнай-газ кәсіпорны қол қойған «Ақтау декларациясының» бастамаларын орындау аясында өткізіліп отыр. Сол кезде операторлардың техникалық талаптары мен стандарттарын сақтауда компанияларға қолдау көрсету бағытында арнайы жұмыс тобы құрылған еді.

– Ақтау декларациясына ерікті түрде қатысушылардың барлығы дерлік корпоративтік, әлеуметтік жауапкершіліктің рөлін сезінеді. Атырау облысының кәсіпкерлер палатасы да «Ақтау декларациясының» негізгі мақсаты мен міндетін қолдайды. Өз кезегімізде, біз де жергілікті атқарушы билік пен бизнес арасындағы мәселелер туындаған кезде үлесімізді қосуға дайынбыз, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрайымы Әлия Бекқожиева.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Төлеп Орынбасаров қалада 1977 жылдан бері пайдаланып келе жатқан қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының аумағы 35 гектарды құрайтынын айтты. Ондағы қалдықтардың көлемі шамамен 2,2 тонна болса, былтыр полигонға әкелінген қоқыстар көлемі 111,6 тонна, ал, биылғы жылдың тоғыз айында 55,9 мың тоннаны құраған.

ҚАЛДЫҚТЫ КӘДЕГЕ ЖАРАТУ-2

– Атырау қаласының тұрғын үй маңында, өндірістік және әлеуметтік нысандарда 714 контейнерлік алаңда 3132 қоқыс жәшігі орналастырылған, – деген Төлеп Қиялбайұлы полигонға келген қалдықтардың, негізінен, пластик, шыны, қағаз және картон түрлері престелетінін атап өтті. Ал, олар сол күйінде Алматы, Шымкент және Ресей Федерациясының кейбір қаласына жіберілген.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, аймақтағы сауда орталықтарында қалдықтарды сұрыптаумен айналысатын кәсіпкерлер саны да артып келеді екен. Сондай-ақ, өңірде қалдықты өңдеу де бір жолға қойылыпты. «Теңізшевройл» компаниясы мердігерлерінің бірі – «Нефтестройсервис ЛТД» ЖШС компаниясы қажеттілігіне қарай қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, одан бір реттік пайдаланатын ыдыстар мен дәретхана қағазын шығарады.

– «Бірінші мамыр» өндірістік кооперативі малдың биологиялық қалдықтарын арнайы қондырғыда жоғары температурада қыздырып, кептіргеннен кейін тыңайтқыш компост ретінде әртүрлі салмақтағы арнайы пакеттерге салып сатады. Дәл осындай құс саңғырығынан тыңайтқыш шығаруға «Алмалы құс» ЖШС жұмыстануда. Алдағы жылдары облыс орталығында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигон құрылысын салу және қолданыстағы тозығы жеткен нысанды рекультивациялау жоспарланып отыр. Ол үшін 50 гектар жер учаскесі бөлінді. Өткен жылдан бастап жаңа полигонның жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, қазіргі уақытта сараптамадан өтуде, – деген Төлеп Қиялбайұлы  облыста осы бағытта жүзеге асып жатқан жұмыстар жөнінде толығырақ баяндады. Айталық, биыл құны 6 миллион теңге болатын «Атырау облысының 2017-2021 жылдарға арналған қалдықтарды басқару бағдарламасы» жасақталған.

«KazWaste» қалдықтарды басқару жөніндегі Қазақстан қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мустафина қалдықтарды өңдеу мәселесінде әлі де шешімін күткен проблемалар бар екендігін жасырмады. Сондықтан оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгені жөн.

– Сөздің шыны керек, еліміздегі кейбір салалар Үкімет көмегі арқылы аяққа тұрды. Субсидия, жеңілдетілген несиелер секторларға жаңа леп берді. Ал, қалдықтарды жинау, өңдеу бизнесінде кәсіпкерлерге кедергілер аз емес екенін көріп жүрміз, – деді ол.

Форум барысында белгілі болғандай, «Теңізшевройл» ЖШС-де қоқыстарды жинау, қалдықтан жаңа өнім шығару бір жолға қойылған. Ал, «НКОК» компаниясында бұл мәселе екі бағытта жүзеге асырылуда.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*