Алдағы жылда сізді не күтіп тұр?

2017 жылға арналған жұлдыз-жорамал көптеген тосын сыймен қуантады. Тауық жылы – жамандық пен қауіп-қатерден ада. Келе жатқан жылы «күтпеген», «тосын  сый» сөздері өміріңізде жиі қолданылатын болады. Ол, әсіресе, махаббат мәселесіне қатысты. Ертегі әлемінде жүргендей күй кешіп, сезімталдыққа бой алдырасыз. Десе де абай болғаныңыз абзал. Сезімге толы сырлы әлемде өзіңізді жоғалтып алмасаңыз болғаны.

%d0%b0%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b-%d0%b6%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d0%b0-%d1%81%d1%96%d0%b7%d0%b4%d1%96-%d0%bd%d0%b5-%d0%ba%d2%af%d1%82%d1%96%d0%bf-%d1%82%d2%b1%d1%80

Тоқты. Келе жатқан 2017 жыл Тоқтылардың бойында күш-қуат таситынын жұлдыздар уәде етеді. Алайда, оны қайда жұмсарыңыздың білмей, бар істі күш сала атқаруға тырысасыз. Соның салдарынан бойыңызда  бар  жоспарларыңызға  жету  мақсатында емес, одан мүлдем басқа арнаға шығын еткендей күй кешіп, уайымға салынасыз. Шындығында, бұл сезімнің алдамшы екенін білгейсіз. Өмірде кездейсоқ ештеңе болмайды. Бар ынтаңызбен істеген кез келген іс ертелі-кеш жемісін берері анық. Сондықтан,  бұл жайт алаңдауға себеп емес.

Махаббат мәселесіне келер болсақ, Тоқтылар бұл жылы жаңа таныстар тауып, сезімге беріліп, романтикалық хикаяларды бастан кешеді.

Торпақ. 2017 жыл Торпақтардың күш-қайратын, төзімділігін сынға алады. Бұл сынақтың негізгі құраушылары – қызығу мен ләззат. Сақтық танытыңыз! Келе жатқан жыл Торпақтардың ләззат алуға деген ынтықтығының артатыны сонша, шәрбатқа батып, шыға алмаған шыбындай күйге түседі. Ол өмірдің барлық саласына қатысты. Тіпті, қарапайым ғана жалқаулықтың өзі Торпақтарды тереңге тартып әкетуі мүмкін.

Егер Торпақ 2017 жылы табысқа қол жеткізгісі келсе, өмірге деген құштарлығын бақылауда ұстауы керек. Махаббат мәселесінде, жеке өміріңізде қызықтырар дүниелер үлкен қателікке ұрындырады. Ал, жиған артық салмақтан арылу үшін айлап жаттығу залынан шықпауға тура келеді.

Егіздер. 2017 жыл Егіздерге маңызы зор, үлкен істер атқаруға мүмкіндік береді. Ол Егіздердің өміріне әсерін тигізбей қоймайды. Келе жатқан жылы оларға белгілі бір істі қолға алып, бос шаруаларға мән бермей, соған ғана көңіл бөлу, алға қойған мақсаттарының ішінен ең маңызды әрі келешегі зорын таңдау оңайға соғады.

Бұл жылы Егіздер ерекше қасиетке ие болады. Жұлдыздар Егіздердің қолға алған мақсат-жоспарының бәріне қолдау танытады. Олар мансабында, кәсібінде, тіпті, шығармашылық бастамаларында табысқа қол жеткізеді. Мұндай сәттілік жүрегінің жартысын іздеген Егіздерге де серік болады.

Шаян. 2017 жылы Шаяндар өмірінде көптеген қызықты жайттар, тосынсыйлар орын алады. Олар келер жылы өзін толықтай үй шаруасына, жөндеу жұмыстарын жүргізуге арнағысы келгенімен, бұл ойына кедергі келтіретін тамаша мүмкіндіктер мен күтпеген жағдайлар болады. Сондықтан,  төрт қабырғаға қамалып отыру мүмкін болмайды.  Олардың кейбірі Шаяндар үшін тағдыршешті сипатта болып, өмірін өзгертуі мүмкін. Жаңа таныстарының арқасында қызметі мен мансабында ғана емес, жеке өмірінде де біраз дүние өзгереді. Десе де, мұндайда сақтық танытқан жөн, себебі, жаңа таныстықтардың барлығы пайдалы бола бермейтінін ұмытпағайсыз.

Өмірлік жарын іздеген Шаяндар үшін бұл жыл жаңа таныстықтарға толы болады.

Арыстан. Келе жатқан 2017 жылы Арыстанға жағымпазданатын, қошемет сөздерін үйіп-төгетін жандар аз болмайды. Бірақ, оларға алданудың, босаңсудың қажеті жоқ. Әр мақтау сөздің астарында қулық жатқанын біліңіз. Жалпы, бұл жыл Арыстандар үшін табысты, сәтті жыл болмақ. Оның еңбекқорлығы жетістікке жеткізеді. Ал, бар ынтасымен қолға алған істерінің барлығы жемісін береді. Өз бағасын білетін, қашан да тек өзіне сенетін өршіл Арыстан қызметінде, мансабында биікке жетелейтін пайдалы мүмкіндіктерді жібермейді. Ал, жеке өмірінде үйлесім мен гүлдену кезеңі орын алады.

2017 жылы айбарлы Арыстан да махаббат құрбанына айналады. Олардың жүрегі өзгелер үшін қаншалық жабық болса да, әлсіздік танытып, құлай ғашық болады. Ал, Арыстандардың жүрегіне құлағы арқылы жол таба аласыздар. Егер Арыстанның жүрегін жаулағыңыз келсе, қошемет сөздерін жаудырудың қажеті жоқ. Ол үшін еркелете айтқан жұмсақ сөздеріңіздің бірнешеуі ғана жеткілікті.

Бикеш. 2017 жылы Бикештердің өмірінде көп өзгерістер орын алады. Оларға бір дүниеге ғана назар аудару, тек бір жоспардың соңынан жүру қиындық туғызады. Бір жағынан, бұл өзгерістер әдеткі өмір ағымын бұзғандықтан, Бикештерді  ызаландырады. Басқа қырынан алсақ, дәл осы өзгерістер өмірін қызықты, жарқын етеді.

Жұлдыздар Бикештердің аяғы баспаған жерден өз махаббатын табарын айтады. Жаңа ел, жаңа сезім, жаңа достар бұл жұлдыз белгісі өкілдерінің өмірін гүлдендіріп қана қоймай, жүрегін махаббатқа айқара ашып, сезім отын лаулата түседі.

Таразы. Келе жатқан 2017 жыл Таразылар үшін махаббат және шығармашылық арнасында өте сәтті болатынын жұлдыздар уәде етеді. Ал, ұйымдастырушылыққа қатысты жоспарлар айтарлықтай табысты бола қоймайды. Өкінішке орай, нақтылық, ұқыптылық және тәртіпті талап ететін кез келген мәселе аздаған қиындықтар тудырады. Ал, ішкі әлеміне, сезімдеріне басы бүтін берілген Таразылар келер жылы жұмысына салғырт қарап, салдарынан ол опық жегізуі мүмкін.

2017 жылы Таразылар жеңілтектігімен, тұрақсыздығымен ерекшеленіп, оңды-солды жүріс жүреді. Десе де, бұл жылы өмірлік махаббатыңызды жолықтырып, мәңгіге қол ұстасуларыңыз мүмкін.

Сарышаян. 2017 жыл Сарышаяндар үшін сәтті болмақ. Өзіне, өз күшіне сене білетін Сарышаяндар жолында кездескен мүмкіндіктердің барлығын құр жібермейді. Нәтижесінде,  өмірінде бірқатар оң өзгерістер орын алады. Өзгелері «жеті рет ойлап, бір рет кеспек» үшін біраз уақыт ой соңында жүргенде салқынқанды Сарышаяндар мақсатына жетудің оңай жолын тауып, күмәнсіз, табысқа қол жеткізеді. Келер жылы бұл жұлдыз белгісі өкілдері діттеген мақсаттары мен жоспарларын жүзеге асыра алады. Олардың бойындағы әр істі саралай шешіп, дұрыстығына көз жеткізіп барып қолға алу қабілеті бұл жылы Сарышаяндар үшін аса пайдалы болмақ. Өзгелердің аяқтан шалуға талпынған кез-келген жымысқы әрекеті Сарышаяндарға зиянын тигізе алмай, қазған орларына өздері түседі. Бұл жұлдыз белгісінде дүниеге келген жандардың ойы – нақты, жауабы – жылдам.

Келе жатқан Тауық жылы Сарышаяндар өз бақытына өзі ұста болмақ. Тағдыр көптеген мүмкіндіктерді қарша боратады. Оларды дер кезінде қолдану не бас тарту – Сарышаяндардың өз  еркінде.

Мерген. 2017 жылы Мергендер бойында бұғып жатқан жаңа дарын мен қырларын байқайды. Оның шығармашылық қабілеті және парасаттылығы көп мүмкіндіктерге есік ашып, талай биікті бағындыруға көмектеседі. Әрине, бұл деген әрбір Мерген 2017 жылы ғаламат дүниелерді жүзеге асыруы тиіс дегенді аңғартпайды. Бірақ, олардың қатысуымен жасалған істің қай-қайсысы болмасын бұрынғыдан айтарлықтай жақсырақ шықпақ. Ең бастысы, айналысқан істердің барлығы Мергендердің көңілін қанағаттандырып, қызығушылығын арттырады.

Жұлдыздар Мергендердің кез келген салада табысқа жетіп, айы оңынан туатынын айтады. Шығармашылықтан бөлек, ол жеке кәсіп саласында да айтарлықтай табысқа қол жеткізеді.

2017 жылы Мергендер тек өз қызығушылықтарына бар уақытын арнайды. Өз кезегінде дәл осы әрекеті қарсы жыныс өкілдерінің қызығушылығын тудырып, еліктіре түседі. Басқаша сөзбен айтсақ, бұл жылы Мергендерге жаңа таныстар іздеудің қажеті жоқ. Сүйікті ісімен айналысып, саяхаттап, кітап оқып, қызықты тақырыптарды талқылап, театр мен көрмелерге барсаңыз болғаны. Жаңа таныстар Мергендерді өздері-ақ іздеп табады.

Тауешкі. Жұлдыздар Тауешкілерге 2017 жылы барынша сақ жүруді ескертеді. Бұл жылы үлкен қателік жіберіп, арман-мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыздың күл-талқаны шығуы мүмкін. Оның себебі жүрегіңізде тұтанған бір сәттік сезім болуы ықтимал. Өкінішке орай, әдетте ұстамдылығымен, сабырлылығымен көзге түсетін Тауешкілер кенеттен пайда болған сезімге бой алдырып, көптеген қателікке ұрынады.

Келер жылы үнемшіл Тауешкі күтпеген қиындыққа тап болуы мүмкін. Ол құмарлық жетегінде кетіп, отбасыңыз, жоспарларыңыз бен қолға алған істеріңізден қол үзіп қалуыңыз мүмкін екендігімен байланысты. Егер басқа жылдары мұндай тәуекелге барып, дін-аман құтылсаңыз, Тауық жылы қиындықтан сүттен ақ, судан таза күйде шыға алмайсыз. Әр нәрсенің өз орны, шегі бар. Сондықтан, қашанда отбасыңыздың жанынан табылып, көңіл бөлуді ұмытпаңыз.

Суқұйғыш. Тауық жылы Суқұйғыштар өмірі қызықты сипат алады. Жұлдыздар жаңа мүмкіндіктер сыйлап, өмірін өзгертуге жағдай тудырады. Мұндай мүмкіндіктер Суқұйғыштардың қатысуынсыз-ақ өздігінен пайда болады. Оларды пайдалану не жіберіп алу Суқұйғыштардың өз ырқында. Өмірді жарқын ету үшін берілген мүмкіндіктердің құр өзі аздық етеді. Ол үшін мүмкіндіктерді дұрыс қолдана білу қажет. Ал, ол Суқұйғыштар үшін оңай болмауы мүмкін. Мақсаттарының соңында жүріп, ережелерге, ағысқа қарсы жүзіп, қателіктерге ұрынуы мүмкін. Нәтижесінде табысқа жеткізетін мүмкіндіктердің ізі де қалмайды. Сонымен қатар, көптен күткен үлкен табыс үлкен қателікке айналуы ғажап емес.

2017 жылы Суқұйғыштар үшін махаббат үлкен айдын іспетті болса, өздері шалғайдағы жағалаудан ғашығын іздеген кеме капитаны рөлінде болады. себебі жыл бойы тынымсыз махаббатын іздеумен әуреленеді.

Балықтар. Балықтар үшін келе жатқан 2017 жыл – тосын сыйларға, күтпеген жайларға толы. Балықтар қандай жоспар құрып, табандылық танытса да, жұлдыздар өзгерістерін енгізбей қоймайды. Олардың қашан орын алатынын болжау мүмкін емес. Әрине, бұл Балықтар алдағы жылға ешқандай жоспар құрмауы тиіс деген сөз емес. Керісінше, жоспарлау керек. Тек жоспарыңыздың күтпеген жерден өзгеруіне дайын болыңыз. Олардың еш зияны жоқ. Керісінше, өз пайдаңыз үшін қолдана аласыз. Мұнда, бастысы, өзгерістермен күресуге күшіңізді жұмсамаңыз. Орын алған өзгерістерді мүмкіндігінше дұрыс бағалап, соларға сәйкес жоспарыңызға түзетулер енгізіңіз.

Келе жатқан 2017 жылы махаббатта өз ұстанымыңыздан танбаңыз және жұмсақтық танытыңыз. Егер сүйікті адамыңыз бар болса, қарым-қатынасыңыздың қаншалықтың берік екендігін тексеруге талпынбасаңыз да болады. Өкінішке орай, өмір оны сіз үшін жасайды. Бір-біріңізге сезімдеріңізді дәлелдеу үшін талай сынақтан өтуге тура келеді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*