Алатау аясындағы аламан

Алматыдағы 28-ші  дүниежүзілік қысқы  Универсиаданың басталуына 15 күн қалды. Әлем студенттерінің қысқы ойындары сегіз спорттық нысанда өткізіледі, оның алтауы – оңтүстік астана орталығында, қалған екеуі Алматы облысында  орналасқан. Айта кетсек, өткен жылы екі жаңа кешен салынып, пайдалануға берілген болатын. Жылдың басты спорттық шарасы қарсаңында Универсиаданы өткізу жөніндегі дирекцияның нысандарды басқару және қызмет көрсету департаментінің басшысы Сергей ЦЫБЕНКО жарыстар өтетін нысандардың әлемдік стандарттарға қаншалықты сәйкес келетіндігі жөнінде қысқаша айтып берді.

Универсиада

– Қысқы Универсиада Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) қамқорлығы аясында өткізіледі. Дегенмен, қысқы спорт түрлері бойынша барлық халықаралық федерациялардың бақылауында болады. Сондықтан, нысандардың әлемдік стандарттарға сәйкес болуы шарт. Біздегі нысандар стандарт талабына негізделген бе?

– Алматыдағы Универсиада туралы жаңалықтар әлемнің жүзден аса елінде таралады, оны тамашалайтын көрермен саны шамамен 1 миллиардты құрамақ. Сондықтан, біздің бүкіл нысандарымыз барлық халықаралық стандарттар мен нормаларға сәйкестендіріліп, тиісті сертификаттар алынды. Жаңадан салынған спорт кешендері – 12 мың адамдық сыйымдылығы бар «Алматы-Арена» мен үш мың көрерменге негізделген «Халық-Арена» биыл  қысқы Универсиада өтетін басты нысандардың бірі саналады. Сондай-ақ, екі нысанда да сырғанайтын мұз айдыны бар. Олар ТМД аумағындағы ең үздік спорттық ғимараттардың бірі болып табылады.

Барлық спорттық нысандар және атлеттер ауылы соңғы технологиялар ескеріле отырып, озық үлгіде салынды. Айта кететін жайт, мұнда ең жоғары деңгейдегі халықаралық сайыстарды, соның ішінде, олимпиада ойындарын өткізуге болады. Сондай-ақ, біздің спорт алаңдарымыз әмбебап, онда спорттық іс-шараларды ғана емес, коммерциялық, ойын-сауық түріндегі іс-шараларды да ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Жаңа екі нысаннан басқасы, атап айтқанда, шаңғы трамплиндер кешені, «Медеу» жоғары таулы мұз айдыны, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы туралы айтар болсақ, онда бірқатар қайта құру жұмыстары жүргізіліп, кез келген жарыстарды өткізуге жағдай жасайтын ең соңғы жабдық сатып алынды.

– Әдетте спорт нысандарына тексеру қалай жүргізіледі және халықаралық стандарттарға сәйкестігі туралы сертификаттар қанша мерзімге беріледі?

– Әрбір федерациямен біз барлық стандарттар мен талаптарды  күнделікті түрде мақұлдастырып отырамыз. Өйткені, нысандар халықаралық федерацияның сертификаттары мен рәсімдеріне сәйкес келмейтін болса, бірде-бір жарыс басталмайды.

Сертификаттар белгілі бір мерзімге беріледі. Әрбір халықаралық федерацияда оның мерзімі әртүрлі болады. Мысалы, тау-шаңғы спортында сертификат бірнеше жылға беріледі. Ал, хоккей, коньки, шорт-трек секілді спорт түрлері туралы айтар болсақ, жыл сайын геодезия туралы сертификатты алу қажет. Бұл құжат мұз алаңы, жолдар мен мұз бетінің ені дұрыс белгіленгенін растайды. Халықаралық жарыстарды өткізу үшін арнайы маман келіп, ол барлық белгілеу жұмыстарын жүргізеді. Шаңғы спорты да осылай. Бүкіл жұмыс қатаң реттелген, өйткені, спортшылар, көрермендер мен төрешілердің қауіпсіздігі осыған тәуелді. Біздің нысандарымыздың барлығы толығымен тиісті  тексеруден өтті.

– Демек, Универсиада аяқталған соң да біз өзімізде аса ауқымды жарыстарды өткізе аламыз ғой?

– Жарыстың басты міндеттерінің бірі де осында жатыр, яғни, осындай ауқымдағы жаһандық және имидждік іс-шараға дайындалу аясында өзіміздің спорттық базамызды ретке келтіріп, жаңа нысандарды салу көзделген. Дода аяқталған соң мұның барлығы ұрпағымызға қалдырар спорттық мирасымыз екендігін ұмытпауымыз қажет.  Әсіресе, қаланың шет аймағындағы тұрғындарды спортқа тарту мүмкіндігі туды. Жаңа екі алаң қаланың шеткейіндегі аудандарда орналасқан. Бұл аудандардың тұрғындарында «Медеуге» немесе қаланың орталығына барып тұруға әрдайым мүмкіндік бола бермейді, ал, осы мұз алаңдарының салынуы аталған мәселені шешті.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Айгүл Ертілеу

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*