Алаштың Хакім Халелі

Әділетіне жүгінсек, тәуелсіз ел тұғырының тұрлаулы болуы үшін жан аямай еңбек еткен Халел Досмұхамедов сынды біртуар азаматтың рухын еске алып, есімін қастерлеу, әрі туғанына 130 жыл толып отырған шақта «Хакім Халел» деп ұлығылау – бәрімізге ортақ парыз болу. 

xalel-1

Қорғансыз елдің теңдігі үшін басты қауіп-қатерге тігіп, бес облыстан жиналған қазақтың зиялы азаматтары 1905 жылы Теке (Орал) қаласында Конституциялық-демократиялық саяси партия құрғанда араларында Санкт-Петербургтегі әскери медициналық академияның  студенті Халел Досмұхамедов те бар еді. Халелдің Ақпан және Ұлы Қазан төңкерістері тұсындағы қызметіне айғақ боларлықтай аз да болса дәйектемелер бар. Соның бірі – 1917 жылы Орынбор қаласында жалпы қазақ-қырғыз съезінің болғандығы, оған Халелдің қатысқандығы. Бұл туралы «Қазақ» газеті сол жылдың 14 қараша күнгі санында айта келіп, мұнда Торғай облыстық комитетінің құрылғандығын, оған бар болғаны 14 адам (Орынбордан – 10; уездерден – 4) мүше екендігін хабарлайды. Дәл осы мезгілде Ақмола, Семей, Орал облыстық комитеттері де құрылды. Ал, желтоқсанның 5-і мен 13-і аралығында өткен құрылтайға Халел де арнайы шақырылады. Дегенмен, ғылыми әдебиеттерде, тарихшылар еңбектерінде бұл дерек егжей-тегжейлі зерттелмеген.

1917 жылдың шілде айында Алаш қозғалысын жақтаушылардың съезі шақырылады. Оған барлық қазақ облысынан бар болғаны 20-дан астам делегат қатынасады. Бұл съезде 14 мәселе қаралған, әрқайсысына байланысты бірнеше пункттен тұратын қаулылар қабылданды.

Әйел мәселесі тұңғыш рет осы съезде көтерілді. Осыдан кейін, араға бес ай салып, желтоқсанда ұлттық мемлекет құруға байланысты ұлттық-территориялық Қазақ автономиясы, милиция, ұлт кеңесі, ұлт қазынасы, халық соты туралы негізгі мәселелерді күн тәртібіне қойған жалпы қазақ съезі шақырылды. Міне, осы съезде қазақ-қырғыз автономиясын «Алаш» деп атау жөнінде қаулы қабылданған еді.

Халел Досмұхамедов патша өкіметі құлаған соң, 1917 жылы сәуірде Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1917 жылы желтоқсандағы жалпы қазақ съезінде Алашорда халықтық-революциялық кеңесінің мүшелігіне өтті. Мұнда Кеңес үкіметі орнағанға дейін Земстволық мәдени-ағарту жұмыстарын атқарды.

1918 жылы наурыз айының соңында ол Жанша Досмұхамедовпен бірге Мәскеуде РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы В.И.Ленинмен, ұлт мәселесі жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталинмен Қазақ автономиялы республикасын құру туралы келіссөз жүргізеді. Өкінішке орай, бұл келіссөз нәтижесіз аяқталады. Бұдан кейін Халел Досмұхамедов Түркістан және Қазақ Кеңес автономиялы республикаларында әртүрлі қоғамдық-саяси қызметтер атқарды.

Халел – қажырлы қоғам қайраткері болумен қатар, ағартушы, ғалым, дәрігер. Ұлы Қазан төңкерісіне дейін қазақтар арасында арнаулы білімі бар жиырма ғана дәрігер даярланды. Сүзектен, суық тиюден, мерезден, обадан, тырысқақтан, қарасан, қызылша, безгек, туберкулез, т.б. аурулардан халық жаппай қырылып жатқан кезде, осынау үркердей топтың қарлығаштың қанатымен су сепкендей болмашы іс-әрекетінің өзі біраз адамның өмірін арашалап қалды. Оның ішінде қазақтың Ибн-Синасы (Еуропаша Авиценна), ғұлама ғалымы, сан қырлы дарын иесі, біздің жерлесіміз Халел Досмұхамедовтің болуы, әрине, үлкен тағылым алар мақтаныш!

Халел 1913-1920 жылдары Темір уезінде учаскелік дәрігер қызметін атқара жүріп, оба ауруын жою ісіне қатысады. Ол 1920 жылдан бастап Ташкенттегі Халық ағарту институтында оқытушы болып қызметке тұрып, оған қоса, Орта Азия университеті медицина факультетінің ауруханасына ординатор болып қабылданды. 1921 жылы халық арасында педагогикалық білім беру мәселесімен айналысты. 1923 жылы Түркістан Республикасы ғылыми кеңесінің төрағасы және мемлекеттік ғылыми баспаның Күншығыс бөлімінің меңгерушісі болады. Халел Досмұхамедовтің тікелей қатысуымен ұлттық мектептердің жаңа жүйесі, қазақ тіліндегі терминология жасау ісі, ұлт тілінде журнал шығару, қазақ мектептері үшін оқулықтар мен оқу құралдары ұлттық тілімізге аударылып, жаңадан құрастырылды. Ол жаратылыстану мен педагогика саласында да нәтижелі еңбек етіп, бірнеше оқулық дайындады. Солардың ішінен үш бөлімнен тұратын зоология, анатомия, физиология, мектеп оқушыларының гигиенасы және табиғаттану пәндеріне арналған оқулықтарды атауға болады.

Педагог-ғалым Х.Досмұхамедовтің фольклортану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны – «Қазақ халық әдебиеті» очеркі. Бұл жинақта ол ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен. Халел – фольклорды тек жалаң сөз өнері деп танып қойған жоқ, оны әдет-ғұрып, наным-сеніммен байланысты этнографиялық мәліметтерден бөле-жармай қарау керектігін жақсы түсінген ғалым. Әсіресе, ол халықтық педагогиканың негізгі проблемаларына нақты түсінік береді.

Қарымды қайраткер, жан-жақты ғалым Халел Досмұхамедовтің қоғамдық-саяси, мәдени-ағартушылық көзқарастарының бүгінгі күнмен де сабақтасып жатқандығын анық байқауға болады. Түркістан автономиялы республикасы тұсында Ташкент қаласында «Түркістан өлкесін зерттеу қоғамы», «Мәдениетті көркейтушілердің «Талап» қауымы жұмыс істеген болатын. Елдегі мәдени-ағарту жүйесінің әлсіздігіне қарамастан, Халел Досмұхамедовтің жетекшілігімен аталған қауым мен қоғам өз ісін тұрақты, дәйекті жүргізіп отырған. Араб харпінде (төте) жазылған Халелдің маржандай қолтаңбасы ұлтқа байланысты мәселелердің үнемі атқарылғанынан хабар береді. Әрбір маңызды істің  жылдық, тоқсандық жоспары, оны орындаушылардың міндеткерлігі, алдын ала көрсетілген де, жоспардың нәтижесі қандай болғаны, қанша дүние тасқа басылып, ауызша (баяндама, түрлі жиындағы сөздер, т.б.) айтылғаны хатталған.

Енді заман талабына сәйкес «Халелдің басшылығымен құрылған осы мәдени-ағарту ұйымдары қазақ халқына не берді?»  деген сұраққа жауап беретін болсақ, біріншіден, олар қиын кезеңде ұлт зиялыларын елдік мұратқа топтастыра алды; екіншіден, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы  және өзге де арыстарымыздың шығармашылық еңбектері Ташкенттегі мәнді мәслихаттардың арқасында туды; үшіншіден, Халел бастаған істің бізге берер сабағы – ұлтқа сөз емес, іс қажеттігін дәлелдеп берді. 

 

Айдар Сабыров,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*