ҒАЛАМТОРДАҒЫ ХАТТЫҢ ХИКАЯСЫ

 

Қалаға келіп, жұмысқа тұрғанына – екі жыл. Жалдап алған баспанасында – бір өзі. Аптаның алты күні жұмыс. Жексенбі – ұйқы қандыру күні. Өзгеріссіз апта күні де жалықтырады екен. Көпшілдігі тағы жоқ. Көпшілдік – бір басына бұйырмаған қасиет. Үйдегі жалғыз бала еді. Енді түздегі жалғыз бала болды. Ауылдағы ата-анасымен телефон арқылы тілдескені болмаса, барып қайтатын уақыты да жоқ. Бірақ, жоқ деген уақыт, интернет дегенде табыла кетеді емес пе?! Интернет ақтарды. Поштасына хат толып қалыпты. Курстасы, тағы бір кластасы үйлену тойына шақырту жіберіпті. Бара алмаспын, құттықтау хат жіберермін деп ойлады. Танысу парағын ашты. Хат жазсам не болады екен деп ойлады. Өзі шамалас бір бойжеткенмен таныспақ. Әйтеуір, бір уақыт өткізу. Көңіл алдау болсын деді. Хат жазды. Ертесіне жұмыстан келсе, хат келіп тұр екен. Бейтаныс бойжеткенмен бір қалада тұрады екен. Оның апта кестесі де өзінікіне ұқсас болып шықты. Бір ұқсастық табылды. Бұл хаттар аптаға, айларға созылды. Кеш батса, үйіне жеткенше асығады. Хат жазысу да бір ғанибет екен. Көңіл-күйін, мұңын, сырын да ақтаратын болды олар ақырында.

Күлән бүгін ерекше қуанышты еді. Ертең жексенбі. Интернеттегі досы Орталық сауда үйінің кафетерийіне кездесуді өтініпті. Үміті, досы, жалғыз жұбанышы – сол хаттар. Сол хаттардың иесі – Айбар қандай жігіт екен? Ұзын бойлы, сымбатты жігіт жымиып, қып-қызыл раушан гүлдерін ұсынып тұр. Енді бірде Мерседестен күлімсіреп түсіп келе жатыр. Қиялға шомған қыз қара шашын жайып жіберіп, айна алдында ұзақ тұрды. Жүгіріп барып, ертеңге не кисем екен деп сөрені ашты. Қызыл барқыт көйлегін алды. Жоқ. Бұл тым салтанатты. Қара қөйлек. Бұл да жарамас. Көк көйлек. Бұл өзіме жарасады деді. Теледидар хабарында айтатындай “Әлемдегі ең сұлу қыз өзіммін” деді. Бұрын өзінің бітіміне көңілі толмайтын Күлән өмірінде тұңғыш рет өзіне ризашылықпен қарады да, тәтті ұйқыға кетті.

Айбар да көңілді еді. Күләнді көрмесе де, сөздерін ұнатты. Пікірлері, өмірге көзқарастары үндес екен. Жігіт те ертең кездесуге не кисем екен деп ойлады да, бұл мәселені таңертең шешермін деп ұйқыға кетті. Таң атты. Айбар сағат қоңырауынан оянды. Сағат тілі түскі он бір болыпты. Орнынан самарқау көтерілді. Бір сағаттан соң Күләнмен кездесуге баруы керек. Үстіне джинсы мен футболкасын киді де үйден шықты. Жолда гүл сатып алды. Гүл сатып алып тұрғанда, оған бір ой келді. Ол сұлу ма екен? Сұлу болмаса, қайтем?! Оған бірден жүгіріп бармай алыстан бақылайын деді.

Уәделескен жерге ол бұрын келді. Гүлдерін үлкен пакетке салып алды. Ығы-жығы ағылған адамдар арасында белгіленген орынды бағып тұрды. Ұзын бойлы, ақсары әдемі қыз есіктен кіріп келеді. Айбар орнынан қозғалып кетті. Сол ғой. Жоқ! Ол емес екен. Басқа жаққа бұрылып кетті. Неге ғана бұл қыз емес. Көзін жұмып, біраз тұрды. Бір кезде белгіленген орындыққа көз салса, етжеңді, қараторы қыз отыр. Көңілі түсіп кетті. Қайта қарады. Қыз біреуді күтіп отырған сияқты. Мұның өзін күтіп отырғанын сезді. Қыздың жүзі таныс сияқтанды. Қарады. Үй жанындағы дүкенде бір- екі рет ұшырастырып қалған-ды. Өзі қап-қара. Шомбалдай. Тартымсыз. Интернетке өкпеледі. Неге ғана хат жазып, уақытымды кетірдім деп өкінді. Күткен сұлуым осы ма деп ашуланды. Адымдап сыртқа шықты да, қолындағы гүлдерін пакет-макетімен есіктің алдына тастай салды.

Күлән ұзақ отырды. Жігіт келмеді. Келер деген үміті үзіле  бастады. Жыларман болып сыртқа шықты. Есік алдындағы аяқ астында жатқан қызыл гүлдерге көзі түсті. Ешкімге сыйланбаған бейшара гүлдер. Ол өзін осы гүлдерге ұқсатты. Үйіне келді де, бөлмесінің есігін құлыптап алды, ағыл-тегіл жылады. Интернеттегі сезімдерінің аяқасты болғанына налыды. Көрем деп, кездесем деп жүгіріп барғанына өкінді. Компьютеріне жақын келді. Өш алу керек! “Күттім! Келмедің! Енді хат жазба!” деп хат жазды. Іле жауап келді. “Кешірім сұраймын. Жолсапарға кеттім. Бірер ай қалада болмаспын” деген хат-хабар келді. Қыз сенбеді. Өзін көріксіз болғаны үшін жазғырды. Ертеңнен бастап арықтауым керек деп бекінді.

Арада ай өтті. Арада хаттар жолданбады. Айбар интернет-досын іштей сағынды. Ішіндегісін айтып, пікірлесіп отыратын досын аңсады. Күлән да сағынды. Сол хаттарда ғажайып сыр бар сияқтанды. Айбар тағы да хат жазды. Жауап та келді. Хаттар жалғаса бастады. Олар жандары ұғысқан достар болды. Айбар тағы кездесуді ұсынды. Ондағы ойы: “Дос болып қалайық” деп айтқысы келді. Күлән “Ол мені сүйіп қалды” деп ойлады. Кездесу тағыда сол сауда үйінің кафетерийінде өтетін болып белгіленді. Айбар ерте келді де, орындықта отырды. Күләнға ой келді: “Сыртынан көрейін. Өзі қандай жігіт?” Көрді де, шошып кетті. Қарама- қарсы үйде тұратын аласа бойлы, шикіл сары жігіт. Менің күткен адамым бұл емес. Күткен адамының “Мерседес” мінген ұзын бойлы жігіт болмай шыққанына қайғырды. Мені тіпті қызықтырмайды да деп ойлады да, үйіне қарай бет алды. Жаңбыр жауып тұрған. Жаңбыр тамшысы ма, әлде көз жасы ма – бетіне тамып келеді. Айбар күтті. Қыз келмеді. Ол да үйіне келе жатып, дәл қазір Күләнді көргісі, сөйлескісі кеп кетті. Компьютерге жақын келді де “Келмедің. Күттім” деп екіауыз сөз жазды. Хат келмеді. Біраздан соң “Сені көргім келмейді” деген сарындағы хат келді. Бұл сөз жігіттің намысын оятты. “Неге көргің келмейді? Мен сен жаққа қарап тұрмын ғой. Терезеңді ашшы” деп жазды. Күлән орнынан тұрды. Терезенің пердесін ашты. Қарама-қарсы үйдің төртінші қабатында манағы шикіл сары жігіт қолын бұлғап тұр екен. Бұл да қолын бұлғады.

“Мен сені ұнатып қалдым, Күлән!” деп айқайлады Айбар. Жаңбыр жауып тұр. Қыздың көңілі көтеріліп, дүние жарқырап кеткендей болды. Екеуі Терезе алдында бір-бірін ұғысқандай үнсіз тұрды да, компьютерлеріне кетті.

Нұрсұлтан ЕРШУОВ.
Жаңа жырлар

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*