ҚАЛАМ ҚУАТЫ ТАНЫЛҒАН КҮН

Кеше «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің ең үздік туындыларына жарияланған байқау мәреге жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды.

Жалпы, ТШО компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімі таратқан баспасөз мәлімдемесіне қарағанда, «Теңізшевройл» мен «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен шара баспасөз, теледидар мен радиостансалардың, сондай-ақ, электронды БАҚ пен олардың журналистері арасында үлкен белсенділік туғызған. Байқауды ұйымдастыру комитетіне аймақтық, облыстық газеттердің, телеарналардың журналистері мен штаттан тыс тілшілерінен, өңірде жұмыс жасайтын республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілерінен барлығы жүзге жуық материалдар мен телетуындылар түскен. Солардың арасынан ең үздіктерін анықтап, лайықтыларын таңдау жюри алқасына да оңай болмағаны белгілі.

Конкурс жүлдегерлерін марапаттау салтанатында «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры Тим Миллер сөз алды.

– Біз үшін, – деді ол, – Теңіз тәрізді кең ауқымды жобаның төңірегіндегі қоғамдық пікір өте маңызды. Біз баспасөзде, теледидарда ТШО қызметі туралы сан қырлы материалдардың объективті түрде жарық көруін аса жоғары бағалаймыз. Мен бүгін өз ісінің кәсіби мамандарына, талант иелеріне біздің компанияға деген тұрақты ықыласы үшін алғысымды білдіремін.

Жиналғандарға жюри төрағасы, бірлескен кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев та жылы сөзін арнады.

– Бүгін, – деді ол, – ТШО бірлескен кәсіпорны «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және Қазақстан Журналистер Одағы облыстық ұйымымен бірге ұйымдастырған журналистер конкурсының қорытындысын жариялайды. Байқау мақсаты – БАҚ материалдарында Теңіз кен орны тарихы мен облыстың мұнай-газ саласының даму мүмкіндіктері туралы материалдардың баспа беттерінде және электронды түрде жариялануына бұқаралық ақпарат құралдары мен олардың журналистерінің қатысуын ынталандыру еді.

Құрамында облыстың ардагер журналистері, Қазақстан Журналистер Одағы облыстық ұйымының, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және ТШО бірлескен кәсіпорнының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің мүшелері енген жюри алқасының қорытынды мәжілісінде жеңімпаздар анықталды.

Сонымен, олар кімдер? Салтанатты жағдайда «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 20 жылдығына арналған байрақты бәсекеде өзгелерден оза шауып, алдыңғы лектен көріне білген БАҚ пен қаламгерлер есімдері аталды.

Журналистердің IV облыстық конкурсының бас жүлдесі (Гран-при) облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетовке өңірдегі мұнай өнеркәсібінің дамуын және «Теңізшевройл» ЖШС-нің құрылу тарихы мен оның қызметін жан-жақты көрсеткен очерктер циклі үшін берілді.

Облыстың мұнай өнеркәсібі саласын белсенді түрде көрсете білген облыстық «Атырау» газеті үздік БАҚ деп танылды.

«Үздік телевизиялық жоба» номинациясы бойынша облыстық телеарнаның редакторы Балауса Халелова жүлдегер атанды.

Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының Атырау облысындағы меншікті тілшілері Тұрсын ҚалИмова («Айқын» газеті), Оксана Мартынюк («КурсивЪ») және Виктор Сутягин («Хабар» ақпараттық агенттігі) аталған номинация бойынша жүлдеге ие болды.

«Мемлекеттік және орыс тілдерінде БАҚ-та жарық көрген үздік мақала» номинациясы бойынша облыстық «Атырау» газетінің тілшілері Меңдібай Сүмесінов пен Қаржау Оразбаевтың, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Светлана Новак пен «Мұнайлы астана» газетінің бас редакторы Құттыгерей Смадияровтың материалдары үздік деп танылды. Ал, «Мемлекеттік және орыс тілінде түсірілген үздік телерепортаж» номинациясы бойынша облыстық телеарнаның Елнұр Есмұратова мен «Хабар» ақпараттық агенттігінің операторы Темірлан Сұлтанғазиев жүлдегерлер болды.

Ақырында, «Атырау» газетінің тілшілері Ерлан Алтыбаев пен Азамат Базарбаев «Жас қалам» сыйлығын алса, жюри алқасының арнайы шешімімен «Сахара» газетінің штаттан тыс тілшісі Ерсайын Өмір мен «Мұнайлы астана» газеті ынталандыру сыйлықтарын иеленді.

Жюри төрағасы, бірлескен кәсіпорынның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев осы жолғы байқауда облыстық «Атырау» газетінің журналистері жоғары белсенділік танытып, өңірдегі мұнай-газ саласын, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігін әрі жан-жақты, әрі толық көрсеткенін атап өтті.

Марапатталғандар атынан сөз алған облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов тоқсан жылдық тарихы бар басылымның ТШО компаниясының әр қадамын ол құрылған күннен бері жазып келе жатқандығын атап өтті.

– Сайып келгенде, – деді ол, – біздер бірге қадам басып келе жатырмыз. Теңіз кенішін бастап игеру, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылуының маңызы – газет журналистерінің аға ұрпағының да ұдайы назарында болды, қазіргі тілшілердің де тұрақты тақырыбы. Алда кеніште іргелі шаралар қолға алынбақшы. Ендеше, біздің ынтымақты қарым-қатынасымыз жалғаса бермек.

М. ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

.

(Московское бюро)

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*