ҚАЛА КӨРКІ – ӨЗ КӨРКІҢ

Ортақ шаруаға аймақ басшылығы, облыстық әкімдік қызметкерлері, басқарма басшылары да бір кісідей атсалысты. Олар әкімдік ғимаратының айналасын қоқыс-қалдықтардан тазалап, жиектастарды әктеді. Қала тұрғындарын сенбілікке ұйымшылдықпен қатысуға шақырған облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев тазалыққа жауапкершілікпен қарау керектігін атап айтты. 
Сенбілікті осы сәтте «Алмагүл» ықшамауданында жастар ұйымдары «Таза аула» акциясымен үндестірді. «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырған шарасында облыс орталығында соңғы он шақты жылда бой көтерген ықшамауданның аулалары тазартылды. Атырау аграрлы-техникалық колледжінің ондаған студенті жасыл алаңқайларды қоқыстардан арылтып, ағаштардың түптерін әктеді. Сонымен қатар, жастар елуге тарта тал екті.
– Акцияның мақсаты – жұртшылықты аулаларды таза ұстауға шақыру еді. Біздіңше, әр Қазақстан азаматы қаланы көріктендіре түсуге күш салуы қажет, – деді пікірін білдірген «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Самат Жұмалиев.
Дегенмен, көз көріп жүргендей, әлі де болса «әттеген-айлардың» да орын алатыны рас. Жауапкершіліктің аздығынан ба, әлде салғырт қарағандықтан ба, жылу жүйелерінің құбырлары ашық күйінде жатыр. Кейбір тұрғындар күні бүгінге дейін тұрмыстық қалдықтарды кірме дәлізде қалдырып кетуді әдетке айналдырған. Жеке сектор тұрғындары қоқысты көліктердің мезгілінде әкетпейтінін айтып ақталса, көп қабатты үйлердегілердің де сылтауы табылады. Ал, қаһарлы қыстың аяқ басуына да санаулы уақыт қалды. Оның үстіне, биыл салқындық ерте түсті. Демек, сын шақтан сүрінбей өту үшін «шанамызды» сайлау қажет екенін естен шығармайық. Жалпықалалық сенбілік соның бастауы болса игі.

Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*