Алғашқы ұлттық әскер туралы тарихи деректер не дейді?

Алаш – Орда үкіметі құрылған тұста елі мен жерін қорғайтын әскер мәселесіне де ерекше мән берілді. Сондықтан  «халық милициясы» деген атаумен қарулы бөлімше жасақталды.

Ал__аш__ы __лтты__ __скер

Батыс Алаш-Орда да құрылатын жасақтың құрамы екі мың адам деп белгіленді. Бұл туралы «Сарыарқа» газетінің 1918 жылы 12 қазандағы №57 санында «Алаш-Орда» жарлығы бойынша Орал облысынан екі мыңнан артық қазақ әскері жиылды. Бұларға  Самар комитетінен екі мың мылтық, елу сегіз пулемет, екі зеңбірек, екі автомобиль алып берілді»  деген жаңалық жазылды. Жасақтың құрамына 18 бен 30 жас арасындағы жастар шақырылып, ерікті түрде жазылу қағидаты сақталды. Әскер қосындарын жасақтау мақсатында 1918 жылдың шілде айында Жымпитыда прапорщиктер, Ойылда юнкерлер мектебі ашылды. Ашылған мектептерде арнайы білімді бұрынғы армия офицерлері жұмыс жасады.

Алаш қосындарының азамат соғысы жылдарындағы іс-әрекеттері көркем әдебиет пен фильмдерге арқау болды. Мысалы, жазушы С.Мұқанов Алаш қосындары туралы  «Қай кезде, қайда құрылып, қалай келгенін, қайда барарын білмеймін, 1919 жылдың басында Омбыға «Алаш полкы» деген әскерлік қосын келді. Офицерлері де, солдаттар да қазақ. Алаш – Орда адамдары оларға арнап сауық-кешін ұйымдастырды,» – деп жазды (53 б. Мұқанов С. Өмір мектебі, Екінші кітап. – Алматы, 1953. – 376 б.).

1974 жылы режиссер М.С.Бегалин «Отқа оранған Орал» фильмін түсірді.  Өкінішке қарай, фильм әркімдердің «домалақ» арыздарының кесірінен экранға шықпай қалды. Қазақстанның халық әртісі, профессор  Кәукен Кенжетайұлы бұл фильм туралы былайша еске алады:

– Жоқ! – дедім мен. – Сен Алаштың генералының рөлін Шахан Мусинге бердің. Міне, содан. Ұзын бойлы әдемі қазақ генералы, үстіне кигені сап-сары алтындатқан сұр шинель, баста сұр қаракүлден папақ, аяғында жалтыраған құрым етік, белінде күміс жалатқан қылыш, командарм Фрунземен жекпе-жек сөйлесуге келеді. Оны көрген Фрунзенің өзінің зәресі ұшып, сөйлесе сөзінен жаңылғандай, сыпайы қарсы алады. Екеуара әңгімелескенде бірін-бірі арыстанша арбасып, қазақ генералы елінің еркіндігін тілейді, орыс командармы болса орысқа қосылуының жөн екенін нықтап отыр. Әйтсе де қазақ генералының сөз төркіні тереңде жатыр, елдің, жердің тағдырын айтқанда, орыс командармы сүріне бастайды, дәлелі аса тереңге бара алмайды, сөйтіп, екі генерал келісе алмай тарасады. Оны көрген біздің орысшылдар қалай сескенбей отырсын, «бұл фильм экранға болмайды» – деген қорытындыға келді» (220-221 б. Мусин Ш. Өлең. Өмір. Өнер.  Толық. 2-ші басылымы. – Алматы: Арыс, 2013. – 280 б.) Фильм 2002 жылы ғана экранға шыққанымен, қазіргі уақытта мүлдем көрсетілмей жүр.

Алаш-Орда әскерінің құрылымы сол кезеңдегі орыс армиясындағы казак құрамаларындай ондық, елулік, жүздік, бес-алты жүздіктен бір полк болып құрылған. Зерттеушілердің жазуынша, Алаш әскерінің киім формасы шолақ татар шекпен, биік саптама етік, дөңгелек жиекті, шошақ бөрік, иықта – жүздік нөмірі көрсетілген погон болған. Әскер жорыққа ақ ту ұстап шыққан. Ал, мына бір фактіге назар аударсақ, Алаштың Ойылдағы атты полкінің өз туы болғандығын аңғарамыз.

Жазушы С.Мұқанов: «Республиканың сол кездегі астанасы Орынбордан Қызылордаға көшкен тұста Қазақ АКСР-і Кеңесінің V съезі президиумына даярлаған столдың сырт жағына ілінген көп тулардың ішінен жасыл туға көзімді тіксем: «тозыңқыраған шұға, бетіне араб әрпімен: «Лә иләһа илла-алла, Мұхамәдүн Рәсул Алла» деп, оны айнала  «Жасасын, Алаш автономиясы!» және «Алаштың Ойылдағы атты полкі» деп жазылған. Бұны мен жазушылық фантазиядан туғызып немесе жөнсіз «қызық» іздеп ойдан жасап отырған жоқпын, шындықта болған ащы фактіні ғана болған түрінде сипаттап отырмын!», – деп жазды (139 б. Мұқанов С. Есею жылдары. Үшінші кітап. – Алматы, 1970. – 470 б.). Бұл ту туралы мәлімет Мәскеудегі мұрағат қорында сақталған. Ту бұрынғы Кеңес армиясы мұражайында болуы керек.

Батыс Алаш-Орда әскері сол аласапыран жылдары майдан даласында да ерлік көрсетті. Оның жарқын мысалы 1919 жылы 27 желтоқсанда Батыс Алаш-Орда әскерлері Қызылқоғадағы Елек корпусының штабын басып алып, корпус командирі, генерал Акутин, көмекші полковник Марков пен полковник Ершовты, 500-ге жуық казактар мен офицерлерді және бір зеңбірек, 15-ке жуық пулемет, көптеген винтовка, әскери қойманы қолға түсірді. Казак-орыстардың Алаш-Орда қосындарын Қызылқоғадан ығыстыру үшін жасаған шабуылдары сәтсіз аяқталып, казактар қашуға мәжбүр болды. Нәтижесінде Алаш қосындары жүздеген казакты тұтқынға алды.

Батыс Алаш-Орда әскерінің Бас интенданты атыраулық Беркінғали Атшыбаев  болды. Алаш қосындарында эскадрон командирі Р.Сұлтанғалиев, жүзбасылар М.Оспанов (Ақтөбе), З.Бисенов, С.Қощанов, хорунжийлар М.Қоңырбаев (Ақтөбе), М.Көпірбаев, Д.Жәнібеков, вахмистер А.Башбаев, командир көмекшісі А.Науатов,  взвод командирі Х.Әшіков, адъютант Ө.Төлебаев, Қощанов, офицерлер Бекмамбетов, Е.Әзбергенов, Н.Сүнелдіков (Атырау), Оспанов, Терлікбаев, Ә.Сарғожин, жауынгерлер Д.Титбаев, Ж.Жақсыбаев, Ы.Аюбеков, еріктілер Ә.Мұртазин, Ғ.Муртазин, О.Қаратаев, барлаушы Ә.Ерекшов қызмет етті. Негізінен уәлаят милициясын автономия қарулы күштерінің заңды құрамдас бөлігі деп қарастыруға болады. Алаш милициясында С.Сарғожин, Н.Есімханов,  М.Есенбаев, С.Удебаев, С.Упиров (Ойыл), Ә.Упиров (Ойыл), М.Есенбаев (Ойыл) болды. Аталғандар – Атырау мен Ақтөбе, Ойылдан. Тарихы жағынан алғанда, Ойыл екі облысқа да қатысты екендігі белгілі.

Әкімшілдік-әміршілдік жүйе тұсында гурьевтік мұрағат қызметкерлері құзырлы органдардың тиісті тапсырмасымен жинақтаған тізімдегі Алаш-Орданың жергілікті жердегі көрнекті тұлғаларының бірі Алпан Кенжәлиев бұрынғы 12-ауылда оқыған. Екі кластық қазақ-орыс мектебін бітірген. Ол туралы Бақытжан Қаратаевтың жазуынша, Қызылқоға поселкасындағы Батыс Алаш-Орданың милиция бастығы, алашордашы Алпан Кенжәлиев Қызылқоға мен Гурьев аралығында Орал қаласынан айдаумен келе жатқан 34 большевикті атуға қатынасқан. Сол кезеңде қоғамдық өмірдің әртүрлі саласында білікті мамандардың жетіспеушілігінен тергеу-тексеру ісі мен сот ісінің аражігі ұдайы сақтала бермеген, әрі соғыс уақытындағы уәлаят жағдайында бұл екі құрылымның құрамында Алпан Кенжәлиев те болған. Және ақтөбелік Е.Көпжасаров (кейін М.Шоқаймен астыртын хат алмасып тұрған), Ж.Домаланов, Қ.Төтебаев болды.

1919 жылы Батыс Алаш-Орда таратылғаннан кейін большевиктер партиясына өтіп, кеңестік мекемелерде жауапты қызметтер атқарды. Оның бұл қызметте болуы бұрынғы алашордашылардың кеңестік органдарда  көптігімен оның әуелгідегі іс-әрекеттері бүркемеленіп келді. Ақтөбе губерниялық сотының,  Ақтөбе округтық сотының төрағасы қызметтерін атқарды. Тек 1929-1930 жылғы партиялық тазалауда жұмыстан босатылып, партиядан шығарылды. Ол Қазақ өлкелік партия комитетіне және БКП (б) Орталық Комитетіне шағымданғанмен, үзілді-кесілді қарсылыққа тап болды. Темір уезінде «Эмбанефть» мекемесінде жұмыс жасады. Жұмыс жасай жүріп партияға кандидатқа тіркеліп, 1934 жылы Ақтөбе  облыстық  атқару комитетіне хатшылық қызметке тағайындалады ( 83-86 пп. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының №1227-Краткий очерк истории Алаш-Орды (Б.Қаратаевтың жеке қоры). Сол жылы қайтыс болған. Оны құрметпен бауырластар зиратына жерлеген. Жылыой, Ракөша аумағында Нияз Меңдіқұлов, Мұқан Көздекенов, Форт-Александровск жағында Тәжіғали Таңқыбаев бастаған Алаш қосындары әрекет етті. Аспандияр Кенжин  Алашорданың Торғай бөлімшесі әскеріне жігіт жинау жөніндегі комиссияның төрағасы және 4-Торғай Алаш полкінің құрамында қызмет етті. Ал, Сәлімгерей Қаратілеуов 4-Алаш полкі сапында отряд басқарып, Қостанай, Торғай даласындағы большевиктерге қарсы ұрыс қимылдарына қатысты.

Өкінішке қарай, большевиктер алашордашыларға өздері жариялаған 1919 жылғы кешірімді  естерінен шығарып жіберді. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік мұрағат деректерінде 1924 жылы бұрынғы Гурьев уезінің милиция бастығы Хабибай Әлжановты Алаш-Орда әскерінің юнкері деп көрсетсе, ал Жанысқали Мұқашев Гурьев уездік милиция басқармасының көмекшісі қызметінде жүргенде бұрынғы Алашорда офицері ретінде жұмыстан шығарылған. Облыстық мұрағат қорындағы 1927-28 жылдары дауыс беру құқығынан айырылғандар туралы мәлімет бойынша №2 – ауыл тұрғыны Әзбергенов Есенбай (бұрынғы офицер), Сүнелдіков Нұрсұлтан (бұрынғы офицер), контрреволюциялық, «ұлтшылдық» қозғалысқа қатысқандары үшін Мырзағали Құрықов, Балта Байымбетов, Қабдолла Жақсығұлов, Өтеген Көпенов, Иманғали Исмағұлов дауыс беру құқығынан шеттетілген деп көрсетілген (Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаты (АОММ),2 қор, 4-тізім, 3-іс, 43 п.).

Батыс Қазақстан өлкесінде орын тепкен Алашорда уақытша үкіметінің шабарманы болған Меңдігерей Әшенов (1944 ж. қайтыс болған). Ол 1922-1944 жылдары өз жеке шаруашылығында, «Бақсай» ұжымшарында көмекші шопан болып жұмыс істеді. Меңдігерей өте өнерлі, жан-жақты болған және өз өнерін Алаш жігіттерінің алдында көрсеткен. Өзі де бірнеше күй шығарған. Солардың бірі «Алаш аманаты» күйін 1970 жылдары інісі Қарасайдың домбырашы ұлы Нұрмұхамбеттің орындауында Қаршыға Ахмедияров нотаға түсірген (186 б. Киелі мекен Бақсай-Таңдай шежіресі. Энциклопедия, Атырау,  «Атырау-Ақпарат» баспасы, 2014, -642 бет.; 9 б. Қарасаева Ж. Өмір тіні – Атырау: Ағатай, 2008. 232 б.).

…Өкініштісі – Алаш қозғалысының қатардағы жүздеген қаһарманы да көңілден өшіп бара жатқандығы.

Аққали АХМЕТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы

Суретте: «Отқа оранған Орал» фильміндегі

Алаш қолбасшысы рөлінде Ш.Мусин.  1974 жыл.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*