АҚСАҚАЛДЫҢ «АРАЙЛЫ АҚ ТАҢДАРЫ»

 Өткен жылдың әдеби қорытындысын безбендегенде Төлеп Мусаұлы үшін де жемісті шығармашылық белестің бірі болғандығын қапысыз пайымдаймыз. Оның бұған дейін де «Оңашадағы ойлар», «Санадағы сілкініс», «Адам – ардақты ат», «Жүрек мазалайды», «Уақыт іздері», «Жадымдағы жайсаңдар» атты кітаптарымен таныс едік. Енді, міне, оның былтыр Ақтөбедегі «NOBEL» баспасынан жарық көрген «Арайлы ақ таңдарым» деген жаңа жинағы қолымызға тиді.

Кітап «Елі сүйген Елбасы», «Сексеннің сеңгіріндемін» және «Тұғыры биік тұлғалар» деп аталатын тараулардан тұрады. Соның ішінде «Ел деп соққан елгезек жүрек», «Ұлы мемлекетті ұлы адам басқарады», «Елбасы келген жерге гүл өседі», «Дағдарыста дағдармаудың бағдары» деген толғаулары өзіндік терең пайымдаулармен, кестелі тілмен шебер өріліпті. Өзінің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен сол шалғайдағы  Миялысында кездескен сәтін әңгімелей отырып, Елбасының ел алдындағы ерен еңбегін нақты дәлелдермен толайым толғап береді. Сол арқылы Тәуелсіздіктің жемістерін де көркем тіл, өрелі оймен кестелей шолады. «…Тәуелсіздікке дейін Ақмолада 38 ғана балабақша бар екен, оның екеуі ғана қазақша. Ал, 2010 жылы Астанада 50 балабақша салыныпты, оның бәрі де – қазақша. Қалай мақтанбайсың, қазақ! Тәуелсіздіктің тәтті дәмі деген осы. Тіл мен Тәуелсіздік – егіз ұғым…» деп тебіренеді тумысынан ұлтжанды Төкең.

Міне, алыстағы ауылдың абызынан алар тағылым мол. Өмірден көргені де, түйгені де көп ақсақалдың  айтар ойының төркінін танып, дархан болмысын бойға сіңірудің өзі неге тұрады десеңізші. Жаңа кітабымен Төлеп Тілегенов оқырманына осыны тағы бір риясыз ұғындырғандай-ақ.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*