АҚҚУЛАР МЕКЕНДЕГЕН «АҚ ЖАЙЫҒЫМ»

Халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы ауа, су, топырақ, өсімдік пен жануарлар дүниесін қорғаумен тығыз байланысты. Жер жүзінен жойылып бара жатқан құстардың ішінде – қоқиқаз, сұңқылдақ аққу, қызыл жемсаулы қараша қаз, дуадақ, қызғылт бірқазан, тырна, ителгі, лашын, бүркіт сияқты сан алуан құстар біздің елімізде де мекендейді. Жыл сайын Қазақстанның аң-құстарын қызықтауға шет елдерден, соның ішінде Ұлыбританияның өзінен 200-300 саяхатшы келеді екен.

«Көк құрақ – көлдің сәулеті, құс пен аң – елдің дәулеті» дейді дана халқымыз. Дүние жүзінде құстардың 10-12 мың түрі тіршілік етеді. 

Құстар – біздің  досымыз

Адамзат үшін құстардың пайдасы зор. Бізде тіршілік ететін құстардың біразы аңшылық үшін айырықша орын алса, дәмді еті мен мамық қауырсыны жоғары бағаланып жатады. Құстар егістік, бау-бақша, орман зиянкестері, кеміргіштермен қоректеніп, ауыл шаруашылығына да айтарлықтай пайдасын тигізеді.

Аң мен құстарға қарап ауа райын да болжайды. Мысалы, қарлығаш аспанда самғап ұшса – ауа райының ашық, ал төмен ұшса – жауын болатыны халық арасында кең тараған. Шағала – теңізшілердің сенімді достарының бірі. Себебі, теңізшілер ашық теңізге шығарда шағалалардың мінез-құлқына қарап, ауа райының өзгерістерін біліп отырған.

Құстардың эстетикалық мәні де өз алдына бір төбе. Бұлбұлдың үні, торғайдың әні талай сазгерлердің шығармаларына арқау болған. Тіпті, құстар туралы туған әндер қаншама?! «Ақ сұңқар», «Алтын қаз», «Қараторғай», «Қарлығаш», «Аққу», «Тоты», «Бұлбұл», «Бозторғай», «Гәкку» сияқты әндер мен күйлер құстарды сүюден, оларға деген қамқорлықтан туған. Көп адам перзенттерінің есімін де құстардың атымен атаған. Ел ішінде  Бұлбұл, Қарлығаш, Тоты, Қырғи, Тұрымтай, Сұңқар, Бүркіт, Қаршыға деген есімдер кең таралған. 

Қорықта  құстар  көп

Өлкеміздің табиғатын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы №119 қаулысымен «Ақжайық» табиғи резерваты мемлекеттік мекемесі өз жұмысын бастады. Резерваттың жалпы ауданы – 140 мың  846 гектар. Оның ішінде ұйытқы аймағы – 36 мың, аралық аймағы – 75 мың, қорғау аймағы 29 мың гектарды құрайды. Жыл құстарының Сібір-Шығыс Африка көші-қон маршрутының жолында орналасқан резерват – орнитологиялық бағыттағы ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Бұл аумақта құстың  292 түрі бар, олардың 110-ы Каспийдің cолтүстік-шығыс жағалауындағы аумақта ұя салады, 76-сы осында қыстайды, қалғандары – жыл құстары. Мұнда үлкен суқұзғын, жалбағай, қараала балшықшы, аққұйрықты бүркіттерді кездестіруге болады. Құстардың 36 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген.

«Ақжайық» резерватында барлығы 86 маман  қызмет етеді. Соның  ішінде  ғылым және мониторинг бөлімінің қызметкерлері су мен су жағалауы құстарының көктемгі және күзгі санақтарын жүргізеді. Жазғы уақытта құстардың балапан басуы мен түлеуін мемлекеттік инспекторлар фенологиялық тұрғыда бақылайды. 

Туған  жерін тастамайды

Ерте заманнан бастап, адамнан ғайбат сөз естіген екі құс болса, соның бірі – қарға. Расында, қарға – қырағы құс. Оның назарынан ештеңе тыс қалмайды. Ал, енді сіз қарға – ақылды  һәм зерек құс дегенге сенер ме едіңіз? Анығында,  сайрауық құстардан гөрі, қарға адам тілін тез үйренеді.

Дана халқымыз «Қарға сүйеді баласын аппағым деп» дегенді бекер айтқан ба? Оның екінші бір кісі сүйетін қасиеті – жұт болсын, өрт болсын, аштық-аласапыран келсін – туған жерін тастап кетпейді. Ми қайнатар ыстықта, ақтүтек борандарда Атыраудан бір алыстамайды.

Соңғы жылдарда тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл жер шарында құстардың біраз түрі азайып бара жатқаны байқалады. Қазақ халқының құстарды қорғауда қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Құстың ұясын бұзбау, жұмыртқасын жармау, балапанын жәбірлемеу – қашаннан бергі қалыптасқан дәстүр. Тұмсығы тесік құстың бәрі – табиғаттың азат перзенті, оның өсіп-көбеюіне көмектесу керек.

 

Туристер таңдана қарайды

Әрине, туризм саласында «Ақжайық» қорығы бағындырар белестер әлі алда. Бастысы, резерват «ЮНЕСКО» тізіміне енгізілді. Халықаралық ұйымдар арқылы экологиялық туризм саласының жаңа жетістіктерін тарту мүмкіндігі ашылып отыр. Өте сирек кездесетін аң мен құс, балық пен өсімдік түрлері мекендейтін бұл қорық –  мемлекет қамқорлығында.

Каспий жағалауының солтүстік-шығысы арқылы 5 млн үйрек, 2 млн-нан астам қасқалдақ, 100 мың аққу, 35 мың қызғылт қоқиқаз, 10 млн қараала балшықшы, 2,5 мың сыбырлақ аққу, 500 сұр қаз, 2 мыңнан астам көл үйрегі (барылдауық, боз үйрек, шүрегей), 2 мың қызғылт сүңгуір қоныс аударады. Оған қоса, 20 мың шағала, 200 үлкен суқұзғын, 100-ге жуық бұйра бірқазан мен 10 мың құтан тағы бар. Жазғы мезгілде түлеуге 80 мың аққу мен 100 мың үйрек жиналады.

Өзен мен теңіздің қосылар сағасындағы тамаша табиғатты көргісі келетін Атырау қонақтары мен облыс тұрғындары «Ақжайыққа» асығады. Мұнда олар құстар мен жануарлар дүниесін арнайы құралдар арқылы биіктен тамашалауға мүмкіндік алады. Таза ауа, таңғажайып табиғат, тек теңізде ғана кездесетін бағалы бекіре балықтарға, жер шарын айналып келіп, «Ақжайықты» мекендейтін құстар әлеміне таңданбасқа болмайды. Болашақта бұл жерде халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын туристерге көрсететін орталық ашу жоспарланып отыр.

Бүгінде жасыл-желекті көбірек отырғызып, экологиялық ахуалды барынша жақсартуымыз қажет-ақ. Сөйтіп, өлкемізге құстарды көбірек тартумыз керек. Табиғат та сәби секілді, қамқор алақанымызды қалайды. Біз оны қазірден бастап аяласақ, ертең ол бізден ештеңе де аямайды.

Мейрамгүл Маева,

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи

резерватының бас маманы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*