АҚҚАНЫМ

Егер оның өмір, еңбек жолын еске алар болсақ, ол қарапайым шаруа адамы Байдолла ақсақал мен Қамқа шешейдің жанұясында әпкелері Шолпан, Мәзкурадан кейін дүниеге келген. Әкесі Исаев Байдолла Манаш ауылдық кеңесіне қарасты «Қызылбалық» колхозында жылқышы болып еңбек етіп, екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы атты әскер үшін жарамды аттар баптауға зор үлес қосты. 1947 жылы әкесі дүние салғанда кенже қызы Аққаным үште еді. Шаруаның бар ауыртпалығы енді анасы Қамқаға түсіп, колхоздың малын бақты. Қыздарын оқытып, қатарға қосуда түн ұйқысын төрт бөлді.
Аққаным 1960 жылы М.Горький атындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын бітірген соң Гурьев балық консерві комбинатының құты жасау цехында құтыға балық салушы болып жұмысқа орналасты.
Алғашқы күннен-ақ балаң қыз 800-ден астам жұмысшысы бар цехтың бір мүшесі ретінде білек сыбана еңбек етті. Оның алғашқы еңбек жолында атақ-даңқы облыста емес, республикаға кеңінен танылған Социалистік Еңбек Ері Айнаш Байжігітова, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қадиша Шәріпова сынды апаларының мол тәжірибесі мен ақыл-кеңестері аз болмады.
Ақыры табандылықпен еткен еңбек Аққанымды абырой биігіне көтерді. Әріптестерінің мақтанышына бөленді. Күн сайын оның қолынан шыққан 3000-3500 құты ел дастарханына береке әкелді. Содан да комбинат басшылығы оны көпке үлгі етті. Аққаным тек еңбек етіп қана қоймай, комсомол комитетінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстың бел ортасында да өзін танытты. Осылайша, өзінің қажырлы еңбегі, еңбекке деген құштарлығы арқасында Аққаным Байдуллина бас-аяғы жеті жылда, яғни, 1967 жылы VII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Халық қалаулысы болған жылдары өзі сияқты депутаттармен бірге Жоғарғы Кеңес сессияларында экономика, мәдениет, білім, жалпы халық шаруашылығының әр саласындағы күрделі де, келелі мәселелерді шешуге атсалысты.
Оны еңбек абыройға бөледі. 1970 жылы «Ерлік еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне», «Қазақ КСР-нің 50 жылдығы» медальдары, 1971 жылы «Құрмет белгісі» ордені, сондай-ақ, КСРО Балық шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Кеңес Одағы Коммунистік партиясы мүшелігіне өтті. Сол жылдары республика, Одақ көлеміндегі басылымдар Аққанымның өнегелі еңбегі туралы мақтау мақалалар жазды. Ал, «Коммунистік еңбек» газетінде (қазіргі «Атырау») журналист-ақын Төлеген Берішбаевтың «Аққаным» атты өлең-очеркі жарияланып, оны ұжым жұмысшылары оқып, риза көңілмен жылы қабылдаған еді.
Аққаным өндірістен қол үзбей жүріп, жұмысшы-жастар кешкі орта мектебін, кейін Гурьев педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алды.
Ол еңбек еткен жылдары комбинат балық өнеркәсібін дамытуда зор жетістіктерге қол жеткізді. Үш дүркін Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып (1974, 1975, 1979 жылдары), Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, Кәсіпшілер одағының, БЛКЖО Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. Сондай-ақ, Қазақстан КП ОК, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша 1976 және 1981 жылдары комбинат Қазақ КСР-інің «Алтын Құрмет кітабына» жазылды.
Ал, Аққаным еңбек еткен консерві цехының сан алуан балық өнімдері кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпіріне үздіксіз жөнелтіліп жатты. Консерві цехында үздіксіз 18 жыл еңбек еткен Аққаным Байдоллақызына комбинат басшылығы мен партия, кәсіподақ комитеттері зор сенім артып, комбинаттың кадрлар бөліміне кадрлар даярлау инженері лауазымына жоғарылатады. Бұл жауапты қызметте де ол өзін жаңа қырынан таныта білді. Кадрлар даярлау саласындағы білімін жетілдіру мақсатында 1985 жылы Мәскеу қаласында арнайы дайындықтан өтті.
Қайта құру үрдісіне байланысты комбинат құрылымы да сан өзгерді. Соған орай Аққанымның да қызмет саласын өзгертуіне тура келді. Комбинаттың Балықшы кентіне коммуналдық қызмет көрсететін жөндеу-пайдалану цехының таратылуына байланысты Аққаным 1996 жылы зейнеткерлікке шығып, өндірістен қол үзді.
Аққаныммен біраз жыл бірге қызметтес болған кезімде оның қандай ортада болмасын көңілі дархан, көпшіл, айналасына шуақ шашып жүретін, үлкенге де, кішіге де қолдан келген қайырымдылығын аямайтын кісілік қасиетіне тәнті болғанмын. Үйіне барсаң, төріне шығарып, дастарханын жайып, бар дәмдісін алдыңа тосатын. Нұрасыл ағамызбен бір шаңырақтың астында Ғалымжан, Гүлмира, Майра, Гүлжиһан, Нысангүл есімді ұл-қыздар өсіріп, Маржандай келін түсіріп, немере, жиендер сүйді.
Еңбектес, әріптес апамыздың ортамыздан кеткеніне де, міне, жеті жылдың жүзі болыпты. Егер тірі болса, осы қаңтар айының ішінде 70 жасқа толар еді.
Бір ұсынысымыз, кезінде әріптестері қадірлеген Аққаным Байдоллақызына арналған бір ескерткіш белгі керек-ақ. Яғни, Жұмыскер кентінде өзі тұрған Ақтау көшесіндегі үйіне мемориал тақта орнатып, аталмыш көшені «Аққаным Байдуллина көшесі» деп атаса деген ұсынысым бар. Құзырлы атқарушы билік пен өкілді органдар бұл ұсынысқа бейжай қарамас деп ойлаймын.

Бейілхан ОРАЗАЛИН,
еңбек ардагері,
Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*