ӘКІМІ АҚЫНЫН ІЗДЕГЕН ЕЛ БАҚЫТТЫ!

Халқымызда «Әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген аталы сөз бар. Бұл күнде ақын көп. Бірақ, ақындықтың тұма қайнарынан тыныстап, өлең-сөздің өрнегін әсем түзетін ақын сирек. Сондай сиректің бірі – алыстағы ауылда тұрса да, поэзия биігінен түспей келе жатқан арқалы ақын ағамыз Аманқос Ершуов.
Ағамыздың мерейлі жасын Жайық аймағы тойлауда екен. Елдің мерейін асырып, игі істердің басында жүрген Бақтықожа ағамызға ризамыз. Құрманғазы, Махамбет, Динаның мерейтойлық шараларының абыройлы өтуі, Жұмекен ескерткішінің бой көтеруі – осының бәрі ел рухын көтеретін дүниелер.
Аманқос ағаның мына бір өлеңі менің жүрегімнен жол тауып жатыр.
«…Тыңдаушың өтінгесін, сұрағасын,
Толқымай енді қалай тұра аласың?
Салдың да сал Мұхиттың «Айдайына»
Көрсеттің Атыраудың мұнарасын.
Ақтарған бар асылды ішіңдегі,
Айтқышсың Ақан сері пішіндегі.
Сазың ба санамызды билеп алған
Қыз құйған шайымыз да ішілмеді…»
Аманқос ағамның тойында әннен шашу шашуға Тараздан арнайы жетер едім. Алайда, шетелдегі жолсапарлар, сан-сапат жұмыстар мойын бұрғызбай тұр. Той үстінде айтар тілегімді жеткізер деп, құрметті «Атырау» газеті, сіздерге жолдап отырмын.

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА,
дәстүрлі әнші,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты,
Жамбыл облыстық филармониясының директоры.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*