ӘКЕ АМАНАТЫ

 

Менің қолға қалам алып, ой толғанысымды оқырманмен бөлісуіме кезінде солақай саясаттың құрбанына айналып, ешбір жазықсыз айдалып кеткен Аманжолұлы Ақдраш атамыздың қилы тағдыры себеп болды.

Арғы атам Аманжолдан Ғабдолла, Ақдраш, Қабдрахман деген үш бала, Әмина атты бір қыз туған. Үшеуі де ескіше оқып, білім алған, елге сыйлы, біреуге қиянат жасауды білмейтін, өз еңбектерімен күн көрген, орта шаруа адамдар болған. Қабдрахман атамыз өмірден ертерек кеткен, ал Ғабдолла атамыз 1964 жылы 93 жасында дүние салды. Екеуінің де немере-шөбере ұрпақтары баршылық. Ақдраш атамыз 1937 жылы 60-қа толған шағында, жалғыз ұлы Шияп ағамыздың он жасында, қара ниет адамдардың көрсетуімен жазықсыздан-жазықсыз, еш-қандай тергеу-тексерусіз үш адамның қолымен халық жауы деген ат таңылып, айдалып кете барады. Содан атамыз туралы ешбір хат-хабар болмаған. Артында жалғыз ұлы Шияп, анасы Қибаш шешеміз екеуі Ақдраштың үлкен ағасы Ғабдолланың отбасын паналап ғұмыр кешеді. Ғабдолла атамыз Шияпқа әкесінің жоқтығын білгізбеу үшін маңдайынан ешкімге қақтырмайды. Сондықтан да болар, Шияп ағамыз Ғабдолла атамыздың орнын ұстап отыр-ған Ахметжан інімнің үйін қара шаңырақ деп бағалайды.

Шияп ағамыз жастайынан ешкімге есесін бермейтін пысық болып өседі. Он сегіз жасында Гурьевке келіп, ФЗО-да оқиды. Оны бітіргеннен кейін Доссор кәсіпшілігіне жұмысқа орналасады. Сөйтіп жүріп Зылиха жеңгемізбен танысып, екеуінің дәм-тұздары жарасып, отбасын құрады, Қибаш шешемізді қолдарына көшіріп әкеледі. Зылиха жеңгеміз де жарлы, жоқ-жітік жанұяда түрлі қиыншылықты тартып өскен адам. Екеуі өмірге жеті ұл, екі қыз әкеліп, оларды оқытып, тәрбиелеп азамат қатарына жеткізді. Жастайынан жетім қалса да, «Халық жауының баласы» деген қара күйе жабысып, иығынан басса да мойымай көтеріп, өзінің етінің тірлігі арқасында кездескен кедергілермен күресіп, еңбек етіп, ел-жұрт, мемлекет алдында да абыройлы азамат атанды. Ол еңбек ете жүріп, білімсіз алыс-қа бара алмайтынын түсініп, политтехникумды да, институтты да өндірістен қол үзбей, сырттай оқып бітіріп, жоғары білім алуға қолын жеткізді. Қуғын-сүргінге ұшырап, хабар-ошарсыз айдалып кеткен әкесі Ақдраштың мүрдесі жерленген жерді табу және әкесінің адал, жазықсыз адам екендігін ақтау үшін көп жұмыстанды. Ақыры, 1968 жылы «Ақдраш атаңмен Амурдағы Комсомольск лагерінде бірге болдық, білеміз» деген Қоңыров Сүйеуғали, Қажекеев Кенжеғали деген екі ақсақалдың айтуы бойынша әлгі қалаға хат жазу арқылы әкесінің айдаудағы лагерінде болады. Оның 1939 жылы өмірден өткендігін және сол жерде жерленгендігі анықталып, кейін әкесінің ақталуы туралы қағазын алады. Сөйтіп, ағамыз «Халық жауының баласы» деп таңылған қара күйеден арылып, әкесі Ақдрашты да ақтап алады.

Шияп ағамыздың біраз өмірі Доссорда өтті. Балаларының барлығы да сол жерде өмірге келді, орта білімді де сол жерде алды. Анасы Қибаш шешеміздің мәңгілік мекені де сол Доссорда. Еңбек жолының отыз жылдан астамы Жаңаөзен мұнай кәсіпшілігінде өтті. Қарапайым операторлықтан бастап цех бастығына дейін көтерілді. Еңбегі жанып, үлкен марапаттауларға да ие болды. Қазір Жаңаөзен қаласының ортасындағы көрсеткіш тақтасында Шияп ағамыздың аты алтын әріппен жазылып, жарқырап тұр.

Бар арманы әкесі Ақдраштың мүрдесі жатқан Амурдағы Комсомольск қаласына барып, әкесінің рухына құран оқытып, өз қолымен ескерткіш қойып қайту болатын. Бірақ, Алланың өлшеп берген ғұмыры ағамыздың ол арманын орындауға қолын жеткізбеді. 2005 жылы 6-шы шілдеде ауыр науқастан дүние салды. Өмірден өтер алдында ортаншы ұлы Ибрагимге: «Айналайын, Ибрагим, менің саған тапсыратын бар аманатым – Амурдағы Комсомольск қаласына барып, атаң Ақдраштың мүрдесі жатқан жерді анықтап, сол жерге ұрпақтары атынан ескерткіш қойып, менің орындай алмаған арманымды сен орында. Менің саған тапсырар бар аманатым осы, ол сенің қолыңнан келеді» деп үлкен міндет жүктеп кеткен болатын.

Әке аманатын орындау әр баланың парызы ғой. Ибрагим өткен жылдан бастап маған келіп: «Әкемнің өмірден өткеніне он жыл толады. Мен әке аманатын әлі орындай алмай жүрмін ғой. Сол аманатты биыл қалай да орындауым керек. Соған сізбен екеуіміз барып ескерткіш орнатып келейікші» деп қолқа салған соң, кіші ұлы Сүлеймен үшеуіміз маусымның 30-ы күні Амурдағы Комсомольск қаласына ұшақпен жеттік.

Бұған дейін Ибрагим қаланың ресми өкілдерімен сөйлесіп, сол жердегі репрессия құрбандарының өмірлерін зерттеуші, тарих ғылымдарының кандидаты Кузьмина Марина Александровнамен хабарласқан. Мария Александровна осы қаланың негізін салып, ірге тасын қолдарымен қаласқан саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін ақтап, есте қалдыру үшін 1989 жылы 3-ші наурызда құрылған «Российское историко-просветительское, благотворительное и правозащитное общество «Мемориал» деп аталатын қоғамның қалалық бөлімін басқарады екен. Ибрагим одан атасы Ақдраштың мүрдесі жатқан жерді анықтап беруін және хабарлауын сұраған. Ол азаматшадан хабарын алыпты. Атамыздың жатқан жерін анықтапты.

«Енді ол жерге қала басшылығымен келісіп, қала сәулет-құрылысы бөліміне ескерткіштің сметалық құжатын жасақтатып, соған сай келетін ескерткішті салу туралы Волгоградта тұратын әріптесім, белгілі кәсіпкер, Роман деген құрылысшы инженер досыма тапсырыс беріп едім. Сол жігіт: «Барлығы дайын болды. Енді сіздердің келулеріңді күтемін. Өзім Амурдағы Комсомольскіден сендерді күтіп аламын» деп хабарлапты.

Айтқандай, Роман мен Марина Александровна екеуі біздерді әуежайдан күтіп алды. Ұшақтан түскен бойда кідірместен мұсылмандар мешітіне барып, келісіп бір молдасын ертіп, атамыздың мүрдесі жатқан жерге бардық. Мүрдесі сол қалың тоғайдың нағыз ортасында екен. Мұрағатта сақталған құжатта: «Аманжолов Ақдраш 1877 жылы туған. 1937 жылы Қазақстанның Гурьев қаласынан «Халық жауы» деген айып тағылып, айдалып келген. Алғашында Байкал-Амур темір жолын салуға қатынасып, ауырып ауруханаға жатқызылған. Одан жазылып шыққасын балық аулау жұмысына жіберілген. Өйткені, айыптау қағазында Аманжолов Ақдраш тәжірибелі ауылшаруашылық маманы, құрылыс инженері, сонымен қатар, балық аулауды да жақсы біледі» деп жазылыпты. Алайда, атамыз ешқандай құрылысшы-инженер де емес, балық ауламақ түгіл, судың жағасына да барып көрмеген адам. Ол сонда балық аулау жұмысында жүріп тағы да ауырып, ақыры 1939 жылы 30 маусымда қайтыс болады. Акт қағазында «Аманжолов Ақдраштың мүрдесі ауруханаға жақын жерге, тереңдігі екі жарым метр жерге жерленген. «Мүрдесі аурухананың үстіндегі киімімен, астына төселген ақ матасымен оралып көмілді» деп акт жасалып, «үстіне киіп кеткен аурухананың киімдері есептен шығарылсын» деп толтырылған.

Марина Александровна мен Роман қала басшылығына барып, көмек сұрап, сол арқылы атамыздың мүрдесі жатқан жерге баратын жолды ашқызу үшін ағаштарды кескізіп, шөптерін таптаттырып, тазалатып, үлкен еңбек сіңіріпті. Сол жерден әдейі әкімшіліктің шешімімен бөлінген орынға биіктігі метр жарымдық мәрмәр тастан ескерткіш орнатылды. Тақтада атамыздың тоғыз немересі, жиырма бес шөбересі мен екі шөпшегінің есімдері қазақ және орыс тілдерінде анық етіп жазылды. Ескерткіш басында ата рухына бағыштап құран оқытып, әкеміздің туып-өскен жері Тұщықұдықтың «Қомбыр» шағылынан әдейі алып барған топырағымызды ескерткішінің басына салып, атамыздың мүрдесі жатқан жерден бір уыс топырақ алып келдік. Бұл топырақ Шияп ағамыздың өмірден өткеніне он жыл толуына арналып берілетін аста мәйітіне апарып салынады. Осылай әкесі мен баласының рухтарын Алла тағала осы топырақ арқылы бір-бірімен табыстырғай деп тілек етеміз. Тірі адамның қолынан келері осы ғой.

Атамыздың мүрдесі жатқан жерде болып, құран оқытып, атамызға арнап ұрпақтары атынан салынған ескерткішке гүл шоқтарын қойып болып, Амурдағы Комсомольск қаласымен танысып, аралаған кезде алған әсерлеріміз де, көңілге түйгендеріміз бен білгендеріміз де аз болған жоқ. Амурдағы Комсомольскідегі Қиыр Шығыс лагерінің салына басталуы 1932 жылдың желтоқсан айынан басталған. 1929 жылы 11 шілдеде КСРО Халық комиссарлары кеңесінің саяси қуғын-сүргінге ұшырап, айдалып келгендер мен түрліше қылмыстармен сотталғандардың тегін еңбегін пайдалану арқылы тез арада осы қаланы салып бітіру, онда мұнай өңдеу зауытын, тұрғын үй құрылыстарын, мектеп пен аурухана, дәрігерлік мекемелер, темір жол вокзалын, басқа да көптеген құрылыс объектілерін салып, аяқтау туралы қаулысы шығады. Сол кездегі мұрағатта сақтал-ған құжаттарға қарағанда, қаланың атауы ВЛКСМ Орталық Комитетінің жолдамасымен келген комсомолдардың атымен байланыстырып Амурдағы Комсомольск деп аталған. Нижне-Амурск лагерінің бас сәулет-құрылысшысы Б.В.Антиповтың жазғанына қарағанда, саяси тұтқындардың жағдайлары адам төзгісіз нашар болған. Жататын орындары қысы-жазы кенеп шалаш, төсеніштері – сабан шөп, тағамдары – өлшеп беретін қара нан мен қара шай. Лагерь сыртынан темір шарбақпен қоршалған. Оларды күні-түні көзден таса қылмай, қарап тұру үшін әскери казарма салынып, әскери адамдар күзетіп тұрған.

1989 жылы құрылған «Мемориал» деп аталатын жалпы рессейлік қоғамдық ұйым – Қиыр Шығыстағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының шындығын анықтау, туыстарына ақтау қағаздарын алуға көмек көрсетуге, олардың есімдерін есте сақтау туралы құрылған тұңғыш ұйым. Оның төрайымы- М.А.Кузьмина ханым. Ұйым сонау қазақ даласынан бабасын іздеп келген қыр баласы бізге де қол ұшын беріп, жан-жақты қолдау көрсетті. Сол үшін де мың да бір рахмет!

Сөз соңында айтарым әр әке баласының өзінен асып туғанын тілейді емес пе? Қазақта: «Әкеден он ұл туса да, оны он түрлі етіп туады. «Біреуі – әкеге жете туады, біреуі – кері кете туады, біреуі – әкеден өте туады» деген бар. Яғни, барлық бала бәрі бірдей дана болып тумайды екен. «Әке – балаға сыншы» дегендей, Шияп ағамыз тіршілігінде: «Тоғыз баланың ішінде Ибрагимді бір бөлек те, қалған сегізін бір бөлек көретін. «Ибрагим арғы қарт атасы Аманжолға тартқан, менің президентім ғой» деп отыратын. Аузына құдай салған екен, Ибрагим қазір бес мыңдай адамды жұмыспен қамтып отырған белгілі кәсіпкер, екіншіден, ағайын-туғанға қамқорлығы мол азамат, ізденгіш, жаңалық ашуға тырысып жүреді.

Сондай қауырт жұмыстармен жүрсе де әке аманатын орындау үшін қоймай іздестіріп, атасы Ақдраштың мүрдесі жатқан жерді тауып, басына мәрмәр тастан үлкен ескерткіш орнатып қайтты. Бұл көптеген адамдарға сталиндік репрессияның құрбаны болып, із-түзсіз кеткен туғандарын іздестіруге ой салатын үлкен сауапты іс болды-ау деп ойлаймын.

Хамза ҒАБДОЛЛА, ардагер ұстаз.

Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*