АҚ ЖАЙЫҚТЫҢ ДАРАСЫ, ЖЕТІСУДЫҢ «САРАСЫ»

 

– Өтінем, кешіктірмей сөзін жазып берші, бір жақсы ән, тыңдашы, – деп домбырасын алып шертіп, мақамын тыңдатты. Мен де бар ынтаммен тыңдап отырмын. Себебі, ән жазу үшін әуен ойыңда жатталуы қажет, сөздің ритмі, ырғағы келуі тиіс. Көп ұзамай жарыққа «Атырауым – мекенім» атты тамаша  ән келіп, тұсауы кесілді.

Иә, бұл – сазгермен арадағы шығармашылық байланыстың бір көрінісі ғана. Гүлмайданмен әңгімелесіп, оның әніне сөз шығарған кездерімді өмірімдегі сәтті өткен күндерім деп есептеймін. Өйткені, ол – өте кірпияз жан, анау-мынау сөз ұнай қоймайды, бірақ, менің жазғандарыма көңілі құлайтынын өзі де жасырмайды. Осылайша өмірге «Астана», «Анашым» тағы басқа әндер келді, оны әншілер орындап та жүр.

Жақында әншінің облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында «Әуелей бер, ән-құсым» атты шығармашылық ән кеші өтті. Кезінде Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтан дәріс алған, Алтынбек Қоразбаев сынды өнер дүлдүлдерімен қызметтес болып, сахнада бірге ән айтқан, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, көрермен көзайымына айналған, шетелдіктерді де өнеріне бас игізген Гүлмайданның әрбір кеші өзіндік ерекшелігімен есте қалатыны кәміл.

Әншінің талғампаздығы, жан-дүниесінің кеңдігі, өнер адамына тән ақкөңілдігі, бір сөзбен айтқанда, бар мінезі сол кеште айқын көрініс тапқаны рас. Ғарифолланың әндерін әуелете шырқаған ол «Біржан-Сара» қойылымында Сара рөлін сомдағанын оқырмандар жақсы біледі. Жетісудың Сарасы атанған ол «Сараның әнін» керемет шеберлікпен орындағанын да өнерсүйер жұртшылық әлі ұмытқан жоқ. Аталмыш кешке қазақ ән өнерінің дарабозы, композитор, жоғарыда айтып кеткен әннің авторы Алтынбек Қоразбаев қатысты.  Бұл өнер кешінің тағы бір ерекшелігі, екінші бөлімінде Гүлмайданның сазгерлік қыры паш етілді. Оның жазған әндерін әншілер, өзінің ізінен ерген шәкірттері орындады. Әсіресе, жұрттың жүрегіне жол тапқан «Ақмаңдай әже», «Айша бибі» әндері айтылған кезде қошемет ерекше байқалды. Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның ер балалар хорының орындауында сазгердің «Анашым» әні де өте сәтті шықты.

Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаевтың атынан жазылған Алғыс хатты табыс еткен Атырау қалалық мәдениет пен тіл бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев әншіге шығармашылықта өрлеу тіледі. Сонымен қатар, Индер ауданының әкімі Серік Арыстанов, Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековтер де Алғыс хаттарын оқып, сыйлықтарын берді. Сахнаның гүлі болған әншіге біз де сәттілік тіледік.

Гүлзада  НИЕТҚАЛИЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*