АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУДЕГІ ЖЕҢІЛДІКТЕР

 

Құқыққа қарсы қол сұғудан азаматтардың қорғалуы мен мемлекет мүддесін жоғарылатуға, әкімшілік-деликтілік заңнаманы жаңарту мен жетілдіруге бағытталған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің жаңартылуы Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында белгіленген талаптарға сәйкес келтірілген. Бұл Кодекс осы жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болатын 30 қаңтар 2001 жылғы Кодекстен біраз ерекшеленеді. Оның құрылымы өзгеріп, жалпы, ерекше және іс жүргізу бөлімдеріне бөлінген.

Кодексте бұрын 5 бөлім, 44 тарау, 733 бап көзделген болса, жаңасы 5 бөлім, 53 тарау және 920 бапқа бөлінген. 115 бап алынып тасталынып, 61 жаңа бап қосылды. Қолданыстағы Кодекстің 966 бабының 760-ы өзгеріске ұшырады. Қазіргі қолданыстағы Кодекстің 44 бабы толықтай және 13 бабының бөліктері жаңа Қылмыстық Кодекске ауыстырылды.

Бұл баптардағы әрекеттер бұрын әкімшілік құқық бұзушылық болған болса, ендігі жерде қылмыс ретінде қарастырылады. Мысалға, ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру, соз ауруын жұқтыру, дәрігерлік құпияны жария ету, бөтен біреудің мүлкін ұсақ-түйектеп ұрлау, жалған кәсіпкерлік, өткiзу мақсатынсыз есiрткi құралдарымен, психотроптық заттармен және прекурсорлармен заңсыз айналысу және т.б. әрекеттерді атап өтуге болады.

Кодекстің жаңа редакциясы әкімшілік заңнаманы келесі басты бағыттарды іске асыру арқылы реформалауға бағытталған. Әсіресе, азаматтардың жауаптылығын арттыру үшін Кодексте бірнеше тетік іске қосылған. Оның бірі, азаматтар өз қатесін түсініп, заңбұзушылық фактісін мойындаса, айыппұл мөлшері жартылай қысқартылып, белгіленген соманың 50 пайызын төлеуге мүмкіндік беріліп отыр.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу егер адам әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде хаттамамен бірге алған түбіртек бойынша айыппұл төлеу жүргізген жағдайларда қысқартылған іс жүргізу енгізіледі. Яғни, адам жасалған құқық бұзушылық фактісімен келіседі, өз кінәсін мойындайды және өз еркімен айыппұл төлеуге дайын екендігін білдіреді. Бұл ретте қысқартылған тәртіп үшін адамға хаттаманы тапсырған кезден бастап жеті күндік мерзімде айыппұлдың жалпы сомасынан 50 пайызын төлеуге мүмкіндік беру түрінде үйлестіруші тетік көзделген. Адам жасалған құқық бұзушылық фактісімен келіспеген жағдайда, іс жалпы тәртіппен қаралады.

Сыбайлас жемқорлыққа бейім факторларды жою мақсатында, сондай-ақ, қысқартылған іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін айыппұлдың нақты айқындалған мөлшері көзделген. Сонымен бірге, құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған бала жасағанда, құқық бұзушылықты артықшылықтары мен иммунитеті бар адамдар, ісін салық қызметі органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар, егер әкімшілік құқық бұзушылықты автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптары тіркесе, егер адам жасаған құқық бұзушылық фактісімен келіспесе қолданылмайды. Осы айтылған мән-жайлардың кем дегенде біреуі болған кезде іс жалпы тәртіппен қаралады. Мұндай тәсіл, айыппұлдардың «өндірілуі» секілді өзекті мәселені шешуге арналған.

Жаңа Заңның тәжірибеде қолданылғанына, міне, бесінші айдан астам уақытта статистикалық мәліметтерге сәйкес, қысқартылған тәртіппен салынған айыппұлдардан мемлекет пайдасына елеулі сома өндірілгенін айтуға болады.

Биылғы бес ай қорытындысымен қазіргі кезде әкімшілік деректер банкінің мәліметіне сай, Атырау облысы бойынша уәкілетті және сот органдарымен 52 744 әкімшілік айыппұл салу жазасы қаралып, 1, 3 млрд. теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынған, оның қысқартылған тәртіппен 175 млн. теңгесі өндірілген. Сонымен қатар, әкімшілік ізгілендірудің тағы бір новелласы судьяға, органға (лауазымды адамға) жеңілдететін мән-жайларды белгілеу кезінде жеке тұлғаға салынатын әкімшілік айыппұл сомасын жалпы соманың 30 пайызына дейін қысқартуға мүмкіндік беретін норманы енгізу аса елеулі жаңашылдықтардың бірі болып табылады.

Жалпы тәртіпте әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу кезінде айыппұл санкцияларының мөлшерін төмендету тетігі көзделген. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судья, лауазымды адам жеңілдететін мән-жайлар болған кезде жеке тұлғаларға қатысты айыппұл сомасын 30 пайызға дейін қысқартуға құқылы:

– Егер кінәлі адамның өз іс-әрекетіне өкінуі;

– әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамның құқық бұзушылықтың зиянды салдарын болғызбауы, залалды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;

– әкiмшiлiк құқық бұзушылықты қатты жан толқынысының әсерiмен не жеке басының немесе отбасының ауыр мән-жайлары салдарынан жасау;

– әкiмшiлiк құқық бұзушылықты кәмелетке толмаған адамның жасауы және тағы басқалар жатады.

Жеңілдететін мән-жайлар Қылмыстық Кодекстегі мән-жайлармен ұқсас.

Бұл өзгеріс – ең әуелі, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын субъектіні анықтау кезінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің орын алмауы үшін және бір құқық бұзушылық жасағаны үшін лауазымды адам мен заңды тұлғаны бір мезгілде әкімшілік жауаптылыққа тарту проблемаларын жою үшін енгізілген.

Эльмира НАСЕНОВА,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасының аға прокуроры,  3-сыныпты заңгер.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*