АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Белгілі болғандай, он алты мыңнан астам халқы бар селолық округте тұрғындар санының артуына орай, газ, су желілері тартылып, тас жол төсеу жұмыстары да қолға алынуда. Село аумағы негізінен өндіріске бағытталғандықтан, мұнда ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары тіркелмеген. Тек қана бүгінгі күні «Беймахис», «Стройтель», «Связист», «Мұнайшы», «Энергетик» саяжай қоғамдары жұмыс жасап, қажетіне қарай көкөніс-бақша, жеміс-жидек дақылдарын өсірумен айналысуда. Әлеуметтік, мәдениет және спорт салалары бойынша округте жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Геолог селосында бес жерге балалар ойын алаңы жасақталып, пайдалануға берілген. Мирас селосында мектеп құрылысы толық аяқталып, бүгінгі күні оқушылар жаңа ғимаратта білім алуда. Бірлік ауылынан жаңадан берілген жер телімдеріне электр желісі, оған қоса табиғи газ құбырлары да тартылған. Сондай-ақ, 280 орындық балабақша құрылысы жүруде. Тағы бір айта кетерлігі, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында округ бойынша алты адам «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде несие алып, қызметін жандандыруда.
Округ әкімінің баяндамасынан кейін қала әкімі Серік Айдарбеков мұнда жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, ағымдағы жылы атқарылу керек жұмыстарды да алға қойды.
«Биылғы жыл – Атырау тарихында ерекше жыл болмақшы. Себебі, Қазақстан мен Ресей елдері Президенттерінің қатысуымен өңіраралық форум өткелі отыр. Жоғары деңгейдегі бұл шараға Ресей мен Қазақстанның барлық облыстарынан қатысатын қонақтарды өз дәрежесінде қабылдауымыз керек. Бұл мақсатта қала бойынша ауқымды жұмыстар атқару жоспарланып отыр» деген Серік Кенғанұлы қаланы көгалдандыру, көріктендіру, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер құрылысын жүргізу, әртүрлі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыру жұмыстары көзделіп отырғанын айтты.
Тұрғындар атынан мінбеге көтерілген зейнеткер Мәлік Ғұмаров тіркеудегі 485 саяжайдың 171-і бос жатқанын айтып, әрқайсысын іске қосу керектігін, ол үшін саяжайлар жұмысын «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы мемлекеттік бағдарламасына енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.
Зейнеткерлерді қинайтын тағы бір проблема, пошта қызметі болып отыр. Олар село ішінен пошта нүктесін ашуды сұраса, округтегі емхананың бас дәрігері Әсия Төлегенқызы емхананың типтік стандартқа сай еместігін ескертіп, «науқастарға толық жағдай жасау үшін жаңа нысан салынса» деген пікірін жеткізді. Сондай-ақ, жаяу жүргінші жолдары мен жол белгілері, түнгі электр шамдары әлі де қажет екені, Бірлік селосында кейбір көшелерге жол салынбағаны туралы баса айтылды.
Тұрғындардың өтініштеріне орай қала әкімі әрбір ұсыныс аяқсыз қалмайтынын айтып, орган басшыларына жұмыстарды орындауға тапсырма берді. Және айналаның тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарын тек басшылыққа артып қоймай, тұрғындар да бір кісідей жұмылу керектігін алға тартты.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*