АЙТУЛЫ ДАТАҒА – АЙРЫҚША ДАЙЫНДЫҚ

Жиынға төрағалық еткен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына санаулы уақыт қалғанын алға тартып, бұл ретте жұмысты жандандыру керектігін айтты.

 – Айтулы мерекеге орай, ел көлемінде жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Сол алапат соғыстың зардаптарын бүгінгі ардагерлеріміз жақсы біледі. Жан алысып, жан беріскен майдан даласында қаншама боздақтар шейіт болды. Енді олардың ұрпақтары сіздер мен біздер ұрыс даласында ерлік көрсеткен ардагерлерді бір сәт те естен шығармай, ерліктерін болашақ ұрпаққа үлгі етіп, оны мәңгілік дәріптеп өтуді өзіміздің және болашақ ұрпақтардың парызы деп қарау керек, – деген Нұрлыбек Жұмахметұлыселолық округтер әкімдері мен бөлімдер басшыларына біршама тапсырма жүктеді.

Атаулы күнді өз мәнінде өткізу мақсатында арнайы комиссия құрылып, оның мүшелері сайланды. Белгіленген топтарға нақты жұмыстар тапсырылды.

Ең алдымен, қала маңындағы селолық округтердегі қан майданда ерлікпен қаза тапқан жерлестерімізге орнатылған ескерткіштер мен монументтерді ерекше күтімге алу қажет, Ұлы Отан соғысының мәні мен маңызын айқындайтын ескерткіштерді қайта жасақтап, оның айналасына гүл шоқтарын отырғызып, тал егіп, көпшіліктің дем-алатын орнына айналдыру – басты міндет. Бір айта кетерлігі, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай интернет желісінде арнайы сайт ашып, онда аймақта өткізіліп жатқан шаралар кеңінен көрініс табу керек. Атырау қаласы көлемінде мәдени шаралар, соның ішінде кең көлемде фестивальдер де ұйымдастырылуы тиіс,– деген шаһар басшысы бұл жұмыстарды тезірек қолға алуды тапсырды.

Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне қай жерде де кезексіз қызмет көрсету, соғыс ардагерлерінің үйлеріне арнайы тақтайшалар орнату, мектептерде соғыс және еңбек ардагерлерінің даңқ бөлмелерін ұйымдастырып, қала орталығынан Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мұражай ашу жөнінде де ұсыныстар айтылды. Жиын барысында айтылған әр ұсыныс назардан тыс қалмай, комиссияның жұмыс жоспарына енгізілетін болды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*