АЙМАҚТЫҢ ДАМУЫ – АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ

 

Елбасы кадрлық саясатында көреген ғой, дәл осы қарсаңда, үш жылдай уақыт бұрын Атырау өңірі басшылығы өзгеріп, жаңарған сипат алар ма?! Ол  осы өңірдің тумасы, өлке тарихы мен құрылымдық жүйесіне, экономикалық даму ахуалына жетік, мұнай иісі аңқыған маңғаз өлкені жылдар бойы кезіп, кеніштерінде керзі етігінің  ізі қалған кемел тұлға еді. Бұл, әрине, бүгінгі өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов болатын.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Бақтықожа Салахатдинұлы Атырау облысына әкім болып келген кезде өңір жұртшылығы, оның ішінде жылыойлықтар да «Әп, бәрекелді!» десіп, риясыз көңілден іштей разы болып қалып еді. Бұнысы «Бақ ауып қонбай, тауып қонды» дегені. Бүгінде заманауи зердесі, тәуелсіз таным-түйсігі жетіліп қалған халықтың бұл бағасынан артық не бар?! Өңір басшысының Уфа мұнай университетін бітірген тау-кен инженері, техника ғылымдарының докторы, ұлы еңбектің үрдісінде геологиялық барлау және жер қойнауын қорғау мемлекеттік комитетінде, ғылыми-зерттеу институтында және министрліктің басқару жүйесінде, тәуелсіздігіміз табалдырығымыздан аттаған тұста «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнында бас директор лауазымдық қызметтерін атқарған, Президентпен саясат әлемінде, ел басқару ісінде бір сапта келе жатқан бірегей тұлға екенін Бекет Атаның кіндік қаны тамған киелі өңірдің жұртшылығы, әрине,  білмеді емес, жақсы білді және қайраткерлік қарымына да тәнті, о бастан қапысыз таныған-ды. 

Өркені өскен өндірісті өңір

Өңір басшысының аймақта ауқымы кең, әлеуеті жағынан арасалмағы басым, өнеркәсібінің өркені өсіп, әлеуметтік бет-бейнесі ажарлы сипат алған Жылыой ауданына әрдайым бағдарлы назар аударып, бойлай жолы түсіп отыратынын білеміз.Облыстық ақпараттың осы өңірдегі тілшілер қосынының тірегі ретінде өзіміз де Бақтықожа Салахатдинұлының Жылыойға іс-сапарларының әрқайсысына  куә болып, бітер істің басындағы бәтуалы ой-түйіндерінің, келелі міндеттерді саралаған, нақты тапсырмалар жүктеген бағдарлы бағытының жариялы сипат алуына қал-қадірімізше үлес қосып келеді екенбіз.

Облыс әкімінің қарт Ембінің қайта түлеген қара шаңырағына алғашқы сапары әлі есімізде. Бұл 2012 жылдың қыркүйек айының басы еді. Жуырда өңір басшысы «Металлпродукт» кәсіпорнында болып, өндіріс жетекшісімен тіл қатысқанында, дәл сол уақытты еске салып, жүктеген міндет-тапсырмаларын қайта жаңғыртып, жауапты қызметіндегі жадының мықтылығына тәнті етіп еді. Өндірістік қуаты артса, онысына риза болғандай, өндірістік мәдениеті ақсап жатса, орнымен көңілі қалғандай жөні бар болатын. Басшыға базальттық жіңішке талшық шығару жобасымен қатар, металл қалдығын жинап, балқытып, профильді прокат шығару жобасы  да ұнайды-ақ. Өйткені, осы жобаны Батыс Қазақстанда өзі бастап бергенінен хабарымыз бар. Шынында, қаншама металл сынықтары далада құм астында қалып жатыр десеңші.  Арзан өнім күнделікті тұрмыста қолдануға жарап жатса жақсы.

Бақтықожа Салахатдинұлы Жылыойға бастапқы қадамын ең өзекті сала – отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында «ҚазАгроқаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған жоба – құс фабрикасының жайымен танысудан бастаған еді. Жақсыны көрмекке, жақсы ісін көңілге түймекке дейміз-ау. Іргелі бастамаларға ризашылық бар. Әкімнің «Құс фабрикасына жемді Тараздан тасымалдағанша, жүгеріні өз жерімізде неге екпейміз? Бұл бабаларымыз ұқсата алған шаруа ғой» дегені өте орнымен тауып айтылған ұсыныс.

Үш жылдың бас-аяғын салыстырғанда айырмашылық үлкен. Құс фабрикасының осы кезеңде қосымша екінші, үшінші блоктары  іске қосылды. Осы жолы бұл шаруа өзгенің емес, өз қаражаттары арқылы жүзеге асқанын айтқан жөн. Жұмыртқа өндіру көлемі де 3,3 есе артты. Мысал үшін әріден қазбаламай, беріден қозғасақ, биылғы жылдың бірінші жартысында жұмыртқа өндіру өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе өсті, бұл – 15573,2 мың дана жұмыртқа деген сөз. Енді міне, ДСҰ арқылы жұмыртқаны экспортқа шығаруды ойластырудамыз.

Сол жолы облыстың жаңа басшысы «Мал басы кеми бастапты, бұл жақсылық емес. Ал, бүгінгі талап – мал басын өсіру, одан алынатын өнімді молайту» деді. Үш жыл аз уақыт емес. Ауданда осы кезеңде мал өнімдерінің саны мен сапасын арттыру үшін бірінші кезекте шаруашылық құрылымдарында малды асылдандыру жұмыстары қолға алынды.  Қазірде «Жаңа таң» серіктестігінде 471 бас асыл тұқымды түйе мен 5857 бас асыл тұқымды қаракөл қойы болса, «Достан Ата» шаруа қожалығында 3639 бас асыл тұқымды еділбай қойы, 160 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара өсірілу үстінде. Ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында аудандағы барлық шаруашылық санаттары бойынша 19462 бас мүйізді ірі қара, 84788 бас қой-ешкі, 8739 бас жылқы, 8790 бас түйе бар. Осы кезеңде шаруашылықтың барлық санаттарында тірілей салмақпен 2074,0 тонна ет, 2932,2 тонна сүт өнімдері өндірілді. Бұл – өткен жылдармен салыстырғанда ілгерілеу нышанының игі белгісі.

 

Әлеуметтік саланың ажары бар

Аймақ басшысы өңірге келген әрбір іс-сапарында берген тапсырмасында «Балабақша,мектеп сияқты өмірлік маңызды әлеуметтік нысандарға өріс ашу керек» деп талмай айтып отырады. Бұл салада Жылыойда жаңару, жаңғыру  сипаты бар. 624 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, ауданда үш ауысымдық оқыту жүйесі жойылды. Босаған мектеп ғимаратынан 140 орындық «Айналайын» балабақшасы ашылды. Күні кеше №19 жалпы білім беретін орта мектептің ескірген ғимараты ізінде 300 орындық жаңа білім ордасының, аэропорт ықшамауданында «Құлыншақ» және Жаңа Қаратон кентінде « Балдырған» 280 орындық мектепке дейінгі мекемелерінің және Құлсары қаласында тұңғыш рет «Ақбота» жекеменшік балабақшаларының ашылуы кейінгі толқын ұрпақтың игілігі десе болады. Жалпы жыл аяғына дейін сегіз балабақша пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба және Қосшағыл елді мекендерінде бүлдіршіндер көз алдарында салынып жатқан мектепке дейінгі мекемелер ғимаратына кіруді асыға күтуде. Қазіргі уақытта Құлсары қаласының теміржолшылар аймағында 165 орындық, Автожолшылар қалашығында 200 орындық балабақша құрылыстары бой көтеру үстінде.

Әрине, облыс басшылығының қолдауымен өңірде жүзеге асып жатқан іргелі істер, бағдарламалар мұнымен бітпейді. Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде Құлсары қаласында 17 шақырым автокөлік жолы жаңадан салынды. Шоқпартоғай ауылына баратын автокөлік жолын жөндеу жұмыстары басталды. Майкөмген, Қараарна селолық округтерінде дәрігерлік емханалар ашылып, жоғары білімді ақ халатты жас мамандарға екі пәтерлік үйлер салынып берілді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Ақкиізтоғай және Майкөмген ауылдарында ауыз су қондырғылары іске қосылды. ТШО компаниясының «Игілік» бағдарламасы негізінде Құлсары қаласындағы ауыз су мәселесі толығымен шешімін тапты.

Облыстық әкімдіктің басты назарында тұрған тағы бір сала – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Өңірде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлер саны 6,8 пайызға өсіп отыр. Оған негіз де жоқ емес. Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы арқылы кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 271,4 млн. теңге қаржы бөлініп, 14 кәсіпкерлік жоба қаржыландырылған болатын.

Үш жыл бедерінде бір аңғарған жай, Бақтықожа Салахатдинұлы аудан  активінің жиналысында әдеттегідей баяндама жасап жатпайды, айтары көңіл сарайында сайрап тұр, нақты әрі ұғынықты. Бір бос сөз, артық-кем әңгіме болсайшы… Сол шашаусыз, шегелеп  айтқандарынан берер тапсырмасы, алдағы атқарар міндет түзіледі. Залдағылар да өздерінің ұсыныс-пікірлеріне еркіндік берілетініне әбден дағдыланып алған, алдын ала дайындалып келеді.

 

Түйін

Елбасы мен Үкіметтің тапсырмасы негізінде жүзеге асқан көп істің ізі Атырауда да, Жылыойда да баршылық. Сол көп іс соңғы үш жылда облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының басшылығымен одан әрі ауқым алып, өскен, өркендеген, кемел сипатқа ие болғаны тағы шындық. Бірақ, аймақ басшысы өзі айтқандай, адам еш уақытта жетістікке, жақсылық қызығына тойған емес. Өйткені, елдік мақсаттар мен мұраттар өзінің жүзеге асуында өркені өсуін тоқтатпайтын, түпкі нәтижесі толас тауып қалмайтын, еш уақытта үзілмейтін үрдіс!

Қаржау ОРАЗБАЕВ, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.

Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*