Агрокешеннің келешегі кемел

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде аграрлық саланы дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірінен саналатындығын айта келіп, «Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанды өзінде өндірілетін отандық азық-түлік өнімдерімен толықтай қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру. Мұның өзі сайып келгенде, киелі алтын бесігіміз – ауылдарымызды гүлдендіруге зор септігін тигізіп, тың серпін берері сөзсіз» деген болатын.

Мұнай-газ өнеркәсібімен бірге өзге салаларды дамытуға ден қойған Атырауда соңғы алты жылда ауыл шаруашылығында 22 ірі жоба жүзеге асты. Өңірдің ауқымды жобаларына салынған инвестиция көлемі 19,8 млрд. теңгені құрап, 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнімнің көлемі 62,7 млрд. теңгеге, нақты көлем индексі 102,5 пайызға  жетті. Оның 35,5 млрд. теңгесі (101,5 пайыз)  мал ша-руашылығының 26,7 млрд. теңгесі (103,0 пайыз) егін шаруашылығының еншісінде екен.

????????????????????????????????????

Мал тұқымы ­– асылдан

Ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған ақпараттарға қарағанда, облыста ірі  қара саны 157,2 мыңды, соның ішінде, түйе 30,7 мыңды құрап, жаңадан 5 мал сою пункті іске қосылды. Облыстағы асыл тұқымды түлік өсірумен шұғылданатын 20 шаруашылықта 2 981 бас мүйізді ірі қара, 58 279 бас қой, 943 бас жылқы және 1600 бас түйе бағылуда. Осы саладағы шаруашылықтарды субсидиялауға 1,5 млрд. теңге бөлінді. «Құлан», «Сыбаға», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары бойынша қабылданған міндеттемелер толығымен орындалған.

Егіннің еншісі мол

Биыл облыстағы егістік жердің көлемі 8600 гектарға жеткізілді. Жергілікті тұрғындардың егін өнімдерімен қамтылуы картоптан – 43,8, көкөністен – 154,7 және бақшадан – 129,3 пайызды құраған. Егін шаруашылығын өркендету мақсатында қабылданған төрт мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға байланысты бюджеттен бөлінген субсидия сомасы былтыр 170 млн. теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 221 млн. теңгеге арттып отыр. Сол сияқты, тамшылатып суару тәсілімен баптап-күтілетін егіндіктің аумағы 2306 гектардан 2540 гектарға немесе 11 пайызға ұлғайтылып, жалпы егістіктің 30 пайызын құрады.

Бұдан бөлек, жеміс-жидек пен малазықтық дақылдар егістігінің де саладағы үлес салмағы  қомақты. Қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрған 43 жылыжай кешенінің ауданы 14 гектарға жеткен. Мұнда негізінен қияр, қызанақ, салат жапырақтары, т.б. көкөніс түрлері өсіріледі. Биылғы жылдың басында Жылыой ауданындағы «Атырау Сауда» ЖШС аумағы 2 гектар жылыжай кешенін іске қосқан болатын. Толық қуатында жұмыс жасағанда, онда 1200 тоннаға дейін өнім алуға болады.

????????????????????????????????????

Өміршең жобаның өрісі кең

Бүгінгі таңда аймақта 12 жоба қалыпты жұмыс жасауда. Олардың қатарында 4 сүт өңдеу кешені, 3 құс фермасы, 2 ет өңдеу және 1 жылыжай кешені бар. Биылғы шілдеде «Карат» ЖШС-нің тәулігіне 150 тонна ұн өнімдерін шығаратын кешені іске қосылды. Жаңа жобаларды өндіріске енгізіп, заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың арқасында өнім көлемі молайып, отандық тауар өндірушілер өткен жылы Ресей Федерациясы мен Еуропа елдеріне 3,5 мың тонна өнімді экспорттаса, биыл бұл көрсеткішті екі есеге көбейту көзделген.

Жыл басында облыста тіркелген ауыл шаруашылығы техникаларының саны 13 874, оның ішінде тракторлар 5 083 бірлікті құрады. «Қазагроқаржы» АҚ-ның облыстық өкілдігі арқылы несиеге берілген 283,5 теңге қаражатқа 66 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынса, 153,7 млн. теңгенің субсидиялық қолдауы көрсетілген. Ал, биыл аталған қаржыландыру ұйымының көмегімен субсидиялауға бөлінетін қаржы көлемін 290 млн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Тұрақтандыру қоры тұрақты

Соңғы екі жылда өңірлік тұрақтандыру қорына облыстағы төрт шаруашылықтан 944,6 тонна картоп пен көкөніс-бақша өнімдері қабылданған. Арзан өнімдер қала мен аудан орталықтарындағы базарларда апта сайын өткізілетін жәрмеңкелерге шығарылып, тұтынушыларға сатылады. Ал, 2016 жылдан бері облыста 25 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оның тең жартысынан астамы немесе 56 пайызы қазіргі уақытта жұмысын жүйелі жолға қойған. Оларды қажетті жабдықтармен жарақтандыруға 54 652 млн. теңге қаражат қаралған.

Дәулетқали АРУЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*