«АГРОБИЗНЕС – 2020» – АУЫЛДЫ САУЫҚТЫРУ БАҒДАРЛАМАСЫ

Атап өтілгеніндей, барлық бағытта қарқын мен өсім бар деп айту қиын. Мәселен, есепті мерзімде агрокешен жобаларын қаржыландыру немесе инвестициялау жағы жеткіліксіз болып шыққан. Науқанды жұмыстардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуына мүмкіндік беретін ауыл шаруашылығы техникаларының дені жаңартылмаған, барының өзі тозығы (80 пайызға дейін) жеткен. Етке сойылатын мүйізді ірі қара малының тірілей салмағы айтарлықтай кеміп кетсе, көпшілік жерлерде жоспарланған қасапханалардың құрылысы аяқталмаған. Жалпы алғанда, аграрлық салада бұдан басқа да кемшін қалған тұстардың аз еместігі тілге тиек етілді.
Салада қалыптасқан ахуалды сауықтырып, жағдайды оңалту, ауыл шаруашылығын, ауылдағы кәсіпкерлікті кешенді дамыту мақсатында биылғы жылдың басында жоғарыда аталған, сегіз жыл мерзімді (2013-2020 жылдар аралығын) қамтитын «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасының қабылданғандығы белгілі.
Бұл құжатта негізінен төмендегідей төрт бағыт айқындалған. Оның біріншісі – саланы қаржылық сауықтыру, екіншісі – АӨК субъектілері үшін тауарлардың, жұмыстар мен қызмет түрлерінің қолжетімділігін арттыру, үшіншісі – оларды қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесін дамыту, төртіншісі – агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін көтеру.
«Агробизнес-2020» бағдарламасындағы іс-шаралардың толықтай орындалуы үшін оның әр кезеңіне белгілі бір сомада қаражат бөлінген, оларды жүзеге асырудың жолдары мен тетіктері де кезең-кезеңімен жетілдіріліп, қолданысқа енгізіліп отыратындығы баяндалды. Жасалынған баяндамалар мен хабарламаларды, кейбір облыс әкімдерінің қысқаша мәлімдемелерін тыңдай келе мәжілісті қорытындылаған Үкімет басшысы Серік Ахметов әңгіменің түйіні, сол қомақты қаражаттың мақсатты да мерзімді игерілуі, тиімділігі мен нақты нәтижеге қол жеткізілуіне, агробизнестің уақыт талабымен үндесе өркендеуіне тіреліп тұрғандығын меңзеді. Сол себепті де аймақ басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдерден, салалық басқармалар мен мүдделі құрылымдардың басшыларынан қатаң жауапкершілік сұралатындығын қаперледі.

Дәулетқали АРУЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*