Адвокаттық қызмет қолжетімді бола түспек

Осыдан тура он жыл бұрын қабылданған «Адвокаттық қызмет туралы» заңның орнына жуырда «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң қолданысқа енгізілмек. Облыстық әділет департаментінің басшысы Сағынбай Тұрғариннің мәлімдеуінше, бұл адвокатура инсититутын дамытып, жетілдіре түспек.

foto-advokatura

Аймақта қазір 131 қорғаушы қызмет етеді. Бұл өңірдегі 615 мың халыққа шаққанда бір адвокатқа 4700 азаматтан келеді деген сөз. Демек, маман тапшылығы өткір байқалады. Ендеше, жаңа заң бұл мәселені түбегейлі шешуге бағытталған. Мәселен, бұрын адвокаттар алқасының құрамына кіру жарнасы 800 мың теңгені құраса, енді ол алынып тасталады.

Екіншіден, осыған дейін тұрғындардан түскен арыз-шағымдар аумақтық адвокаттар алқасына жүктеліп, тәртіптік шарамен ғана шектеліп келсе, енді тікелей республикалық алқаға жолданады. Нәтижесінде, тәртіптік іс қозғау туралы құзыреттілік кеңейтіліп, адвокаттардың жұмысы қатаң бақылауға алынады.

Үшіншіден, адвокаттар алқасының қаржылық қызметі «ашықтық» қағидатына негізделеді. Яғни, кіріс пен шығыс туралы мәліметтер қолжетімді бола түспек. Төртіншіден, «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесі іске қосылады. Мұнда сандық көрсеткіштер, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне орай бекітілген адвокаттар тізімі және басқа да мәліметтер жарияланбақ.

Бесіншіден, жыл сайын біліктілікті арттырудың міндетті тетігі жолға қойылмақ. Алтыншыдан, «Рro bono – қоғам игілігі үшін!» тәжірибесі негізінде әлеуметтік әлсіз топтарға тегін заңгерлік қызмет көрсетіледі. Оны өмірлік қиын жағдайға тап болған тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 1 және 2-топ мүгедектері, зейнеткерлер қолдана алады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*