Қадір түні: бар жақсылық бастауы

iman7dffhҚасиетті Қадір түнінде тілеген тілектеріңіз, арман-мақсаттарыңыз орындалсын! Алла тағала баршамызға Қадір түнінде күнәларымызды кешіріп, мұсылмандарға ауызбіршілік пен ынтымақта болуды нәсіп етіп, Өзінің Фирдаус жәннатына лайықты пенделерінің қатарынан болуды нәсіп етсін. Халқымыз аман, еліміз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын! Әмин!
Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерліктей баршылық. Соның ішіндегі аса маңыздыларының бірі әрі бірегейі – қасиетті Рамазан айындағы Қадір кеші. Бұл түн – адамзаттың ақ пен қараны айыратын түні, барлық жақсылық атаулының бастау қайнары, көзі болып саналатын мүбарак Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.
Қадір кеші жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уассалам былай деген: «Кім Қадір түнін сенімімен, артының қайырлы болатынынан үміт артып өткізсе, оның бұрынғы барлық күнәсі кешіріледі».
Қадір түні Рамазан айының соңғы онкүндігінің бірінде өтеді.
Рамазан айының 27-ші жұлдызы ғалымдардың басым көзқарасы бойынша Қадір түні болып табылады. Яғни, тамыз айының 3-нен 4-не қараған түні. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі. Бұл кеш – жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Және де мың айдың сауабын нәсіп етеді. Құранның Қадір сүресінде бұл айдың мың айдан қайырлы екендігі кеңінен айтылған. Мың ай, бұл 83 жыл, 4 айға тең. Бұл дегеніміз бір адамның өмір бойы Аллаһ тағалаға құлшылық етуімен пара-пар келеді.
Шын мәнінде, Рамазан айында Алла тағала мұсылман үмбетін мол нығметке бөлейді. Сондай ұлы нығметтердің бірі – осы «лайлатүл қадір» түні. Ол – Алла тағала тарапынан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үмбетіне сый етілген құтты түндердің бірі. «Лайлатүл қадр» – сөздік жағынан алғанда, «қадірі ұлық, әр сәті қымбат, қасиетті түн» деген мағынаны береді екен. Әрі бұл сөздің астарында тағдыр түні мағынасы да бар. Өйткені, әр жылы осы түн ішінде адамзаттың және басқа да тіршілік иелерінің бір жылдық ризық-несібелері, дүниеге байланысты дәрежелері және туылатындары мен қайтыс болатындары анықталады.
Қадір түнінде мұсылмандар топ-топ болып, жамағатпен жергілікті мешіттерде имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сан сауалдарына жауап алып, көптеген ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Қадір кешін кейбір азаматтардың денсаулығына және өзге де жайттарға байланысты өз үйлерінде қарсы алуларына да болады. Жалпы, бұл рухани кеш – адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақыратын кеш.
Қадір кешінде орындалуы тиіс амалдар:
Біріншіден, сол күнгі кешкі ауызашарда дұға-тілек ету;
Екіншіден, Құптан намазында 20 бас тарауих намазын оқу;
Үшіншіден, Құран, Хадис кітаптарын оқу. Немесе пай-ғамбарымыздың өмір тарихын оқу; Төртіншіден, Қадір кешінде таң атқанға дейін нәпіл намаздар оқылады. Бесіншіден, тәспі тарту; Алтыншыдан, Қадір кешінде түнгі сағат 2 мен 5-тің аралығында «Таһажуд», «Қажет» намаздарын оқуға болады. Бұл намаздар 4 бас етіліп оқылады. Жетіншіден, Қадір кешін мүмкіндігі болғанша ұйқысыз өткізу қажет. Алайда, бұл ұйықтап қалған жағдайда күнә саналмайды.
Сегізіншіден, Қадір кешінде ұйықтамаса болды екен деп, уақытты құмар ойындарын ойнап немесе жағымсыз кинолар көріп, бос өткізу күнә болып саналады. Тоғызыншыдан, осындай мүбарак кеште ата-ананы, алыс-жақын ағайын, бауырларды, дос-жарандарды құттықтап, арнайы сый-сияпат беріп, көңілдерін көтеру – ең жақсы амалдардың қатарына жатады.
Мұса (ғ.с.) пайғамбар өзінің мінәжатында: «Жаратқан Ием! Саған жақын болуды қалаймын», – депті, Алла тағала оған: «Менің жақындығым Қадір түнін ұйқысыз өткізген адам үшін», – дейді. Сонда Мұса (ғ.с.) тағы: «Жаратқан! Рақымыңа бөленуді қалаймын», – дегеніне Алла тағала: «Менің рақымым Қадір түні міскіндерге рақым еткендер үшін», – десе, Мұса (ғ.с.): «Ей, Алла тағала! Қылкөпірден найзағайдай жылдам өтуді қалаймын», – дейді. Оған: «Ол Қадір түні садақа жасаған адам үшін», – деген. Сонда Мұса (ғ.с.): «Раббым! Жәннат ағашының саясында отырып, жемісін жеуді қалаймын» деп тіледі, Алла тағала: «Бұл Қадір түні таспих айтқан адам үшін», – деп үн қатты. «Жаратқан ием, разылығыңды қалаймын», – деп еді, «Менің разылығым Қадір түні екі ракат намаз оқыған адам үшін», – деп жауап берді», – делінген.
Расына келгенде, бұл түннің көптеген ерекшеліктері бар. Бұл түн – адамзат баласына Алланың рақымы жауған түн. Бұл түн – Алла тағаланың адамзатқа бақыт шамын жаққан түн. Бұл түн – адамзатқа надандықтың қараңғылығынан иман нұрына шығуға мүмкіндік берілген түн. Бұл түн – адамзатты қателікке бастайтын теріс жолдардан тыйып, Алланың тура және нұрлы жолымен жүру мүм-кіндігін берген түн. Бұл түн пенделердің күнә-кемшіліктері ғафу етілетін, дұға-тілектері қабыл болатын түн. Бұл түн – ұлық, сондықтан оның толық қасиеттері адамзат ақылына сыймайтын кең де, ауқымды.
Алла тағала тілеген тілегімізді қабыл, Отанымызды аман етіп, елімізге береке, бірлік, ынтымақ берсін! Ел қамында жүрген Елбасымыз бен асыл азаматтарымыздың тірліктерін баянды етуін және әрбір ісімізге жар болғай деп тілейміз. Әмин!

Амантай САДИЕВ,
облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкіл имамы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*