ӘДІЛЕТ ӘЛЕМІ


«АЛТЫН КӨПІР»

Бүгінгі қоғам құқық қорғау органдарының
ашық және жариялы түрде қызмет жасауын қажет етеді. Сондықтан, құрылым мен ақпарат құралдарының арасындағы «алтын көпір» – баспасөз хатшыларына үлкен міндет жүктелген.
Оқырман назарына жаңа қосымшаны ұсына отырып, баспасөз қызметі жетекшілерінің пікіріне орын бергенді жөн көрдік.

ЖАҢА ҚОСЫМША – ЖАҢА БАСТАМА

Облыстық «Атырау» газеті бұрыннан соттың, әділет орындарының қызметін жан-жақты көрсетіп келеді. «Заң және заман» деп аталатын арнайы беті де бар. Оған қоса бүгін «Әділет әлемі» деп аталатын жаңа қосымша шығаруы елеулі жаңалық деп ойлаймын.
Сот қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында құрылымдарда жүйелі жұмыс жүруде. Судьялардың әдеп нормаларын сақтауы, кәсіби біліктілігі мен шеберлігін қалыптастыруы – аса маңызды мәселе. Газет бетіндегі «Сот залынан» айдарымен жарияланатын қылмыстық істер елдің назарын өзіне аударады.
Жаңа қосымшаның ел көңілінен шығуына біз де өз үлесімізді қосамыз.

Боранбай ҒАЛИЕВ,
облыстық соттың баспасөз хатшысы.

«АЛДЫМЕН, «АТЫРАУҒА» ХАБАРЛАСАМЫН»

Біз «атыраулықтармен» қашан да тығыз байланыстамыз. Соның көрінісі – газеттің әрбір нөміріндегі полицейлердің күнделікті өмір тынысы.
Қоғам болғаннан соң оның күнгейі мен көлеңкесі бар. Тәртіпті бұзған, мас күйінде қылмыс жасаған, өзге де келеңсіз оқиғаларға жол берген жағдайлар өмірде жиі кездеседі. Оларды қажеттілігіне қарай алдымен облыстағы байырғы басылымның журналистеріне хабарлаймын немесе олардың өздері бізге шығып жатады. Соның нәтижесінде барлық дерек, мәліметтер халыққа «Атырау» арқылы толық және дәйекті түрде жол табады. Бұл оқиғаға қатысты негізсіз әңгімелердің туындамауы үшін де қажет.

Гүлнәзира МҰХТАРОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі, полиция полковнигі.

БАСЫЛЫММЕН БАЙЛАНЫСЫМЫЗ ТЫҒЫЗ

Қаржы полициясы қоғамдағы сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күреседі. Халықтың игілігін пайдаланып, мемлекет қазынасына қол салған жемқорлардың ұсталып жатқан кезі де аз емес. Мұнда ақпарат құралдарының ерекше үлесі бар деп санаймын. Ашықтықтың, жариялылықтың негізінде құлқынын ойлағандар бүгінде аяғын байқап басатын болды.
«Атырау» газетінің тілшісі – қаржы полициясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі. Бұл байырғы басылыммен етене байланыстың бір көрінісі болса керек.

Қаһарман ЖӘРДЕМОВ,
қаржы полициясының ұйымдастыру-бақылау басқармасы-инспекциясының бастығы, подполковник.

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ЕСІГІМІЗ АШЫҚ

Прокуратура – заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган. Сондықтан, өмірдің қай саласындағы болмасын, түйткілді мәселелер назарымыздан сырт қалмайды.
Облыстық прокуратураның ақпарат құралдарымен байланысы тығыз деуге негіз бар. Алқа мәжілістері, түрлі жиындарға тілшілерді тұрақты түрде шақырамыз. Олардың қандай болмасын сұрақтарына жауап беруге дайынбыз. Бұл «Атырау» газетіне де қатысты. Осы бағытта айта кетейін, біз жергілікті жердегі ел назарын аударған қылмыстық іс, өзге мәселелер бойынша арнайы брифинг өткізіп келеміз.
«Атыраулықтармен» байланысымыз өз жалғасын таба түседі деп сенемін.

Аслан НҰРҒАЛИЕВ,
облыстық прокуратураның ресми өкілі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*