Ғаділбек ОРАЗОВ, Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры: «БҰЛ – БЕЙБІТ ЕЛДІҢ БІРЕГЕЙ ЖОБАСЫ»

– Ғаділбек Айдынұлы, республикалық патриоттар форумында тұсауы кесілген «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы жайында айтып берсеңіз…

– Республикалық патриоттар форумында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  Ұлт жоспарының 86-қадамы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең ауқымды жобасы бастау алды. 

Еліміздің алдына қойылған мақсат – әлемдегі озық отыздықтың қатарына қосылу болса, біздер үшін бұл ұғымның маңызы зор. Қазақстандық бірегейлікті нығайту мақсатында жүзеге асатын бұл жоба Мәңгілік ел құндылықтары негізінде бірыңғай азаматтық бірлікті қалыптастыру үлгісіне айналады деп сенеміз. Жоба аясында патриоттық тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын алға бастыруға бағытталған кең ауқымды акциялар мен әлеуметтік жобалар кешені өткізілетін болады. Сондай-ақ, бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тарихындағы жаңа кезеңнің бастамасы болып, оның елдегі әлеуметтік-экономикалық процестерге қатынасу форматының жаңғыруы деп есептелінеді. Ауқымды жоба негізінен 35 іс-шарадан тұрады. Олардың бәрі де – қоғамдық келісімді нығайту, жалпыұлттық бірлікті тереңдету саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар. Сондықтан, бұл бейбіт елдің бірегей жобасы болғандықтан, өзін қазақстандықпын деп санайтын әр адам жобада ортақ ұстанымда болады деп ойлаймын.

– Ұлттық жобаны ұйымдастырудағы мақсат қандай? Ол қандай сипатта өрбімек?

– «Үлкен ел – үлкен отбасы» –  жалпыұлттық жобасы шаралары қоғамдық-бұқаралық, қайырымдылық, ғылыми-танымдық бағытта өрбитін болады. Яғни, жоба үш бағытта жүзеге асады. Біріншісі – қайырымдылық, екінші – қоғамда медиация институтын дамыту. Үшіншісі –  қоғамдық бақылау рөлінің күшеюі. Міне, осы үш бағытта негізгі кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып, олардың барлығы жаңа қазақстандық патриотизмді  қалыптастыруға бағытталады.

«Үлкен ел – үлкен отбасы» – ұзақ мерзімді жоба. Қазіргі уақытта бұл жобаның жоспарына енгізілетін шаралар жөніндегі сұрақтар талқылануда. Бұл жағдайда Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларды, сондай-ақ, жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу бойынша арнайы бағдарламаларды іске асыруға этномәдени бірлестіктер мен Қазақстан халқы Ассамблеясы  қоғамдық бөлімшелері жетекшілері тартылады.

Ассамблея жанындағы «Қоғамдық келісім»  мекемесі  жыл бойы сан түрлі іс-шаралар атқарып келді. Атырау жұртшылығы «20 ізгі іс» эстафетасымен ғана шектеліп қалмай, 60-қа жуық ізгі істермен қайырымдылық шаралар өткізді. Одан 12 млн. 295 мың теңгеге жуық қаражат жиналып, қайырымдылық шаралардан түскен қаржыға өңірдегі Ұлы Отан соғысының ардагерлері  мен майданда қаза тапқандардың жесірлеріне, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға  әлеуметтік  көмектер көрсетілді. Мұндай қайырымдылық акциялардың тұрғындарға көмегі мол. Сол себепті бұл бағыттағы шараларды келер жылы да жалғастыратын боламыз.

– Өзіңіз айтып өткендей, жоба іс-шаралары бүгінде талқылану үстінде. Аталмыш акция аясында келер жылы атқарылатын шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып   жүргізілмекші. Осы орайда біздің облысымызда қандай істер қолға алынатын болады?

– Бір ерекшелігі – 2016 жылы осы жоба аясындағы шаралардың дені тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналмақшы. Келер жылы өңірімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының медиация орталығы құрылып, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінде медиатор кабинеті ашылады және сенім телефоны іске қосылады деп күтілуде. Сонымен бірге, өңірімізде этноауыл ашылмақшы. Ассамблея қызметінің басты бағыттарының бірі қайырымдылық акцияларын  одан әрі жүргізу болғандықтан,  «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында өткізілген шаралардың сипаты әртүрлі  болғанымен, олардың мақсаттары бір. Алдағы жылы өткізілетін іс-шаралардың астарында қазақстандық біртұтастықтың қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру ұғымы жатыр.

– Мәңгілік ел жалпыұлттық идеясы – елімізде өмір сүретін барлық ұлттардың өмірлік ұстанымына айналған ұлы мүдде. Осы идея туралы ойыңызды білсек.

– Мәңгілік ел – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея. Мәңгілік ел болудың маңызды шартының бірі – әрине, сол елге болашақта ие болатын, оның мәңгілігін қамтамасыз ететін жастарды тәрбиелеу. Жаһандану үрдістері, ақпараттық-технологиялық  өркениеттің қазіргі жастардың бойында ұлттық, мемлекеттік құндылықтарға деген бейтарап көзқарасты тудырып отырғаны баршамызды алаңдатады. Сондықтан, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді жастардың  бойына сақтай отырып, заманауи білім мен технологияны игеру арқылы ел ертеңінің беріктігін, биік рухын жандандыру қажет. Мәңгілік ел идеясының жүзеге асырылуы біздің бірлігімізге, ел тұтастығына тікелей ықпал етеді. Себебі, Елбасы өз сөзінде елдегі реформалардың жүзеге асуы үшін оған әр қазақстандықтың толықтай атсалысуы  қажеттігін айтқан еді. Демек, кез келген реформа мемлекеттің ғана емес, халықтың қолға алуымен іске асады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының қорытындылануына да жақын қалды. Бұл жыл Ассамблеяның жұмыс істеуіне қажетті мүлдем басқа, тың жаңа бағыттарды жарыққа шығарды. Оған еліміздің халықаралық әріптестік бағыты да дәлел бола алады. Бүгінгі күнге дейін елімізге  әлемнің 30 елінен делегация өкілдері ішкі этносаясат, түрлі мәдениеттер мен этностық бағыттар арасындағы ықпалдастық бойынша біздің қазақстандық моделімізді, яғни, Назарбаев моделін танып, білуге, тәжірибемізбен бөлісуге арнайы келді. Демек, елдегі ұлттар достығы, бейбітшілік, келісім секілді ұлы, қасиетті ұғымдарымыз тұрақты болса, Мәңгілік ел идеясы да сөзсіз жүзеге асады.  

– Қазақстандық патриотизм туралы көп айтылып жүр. Сіздің пайымыңыздағы нағыз патриот – ол кім?

– «Мәңгілік ел – Болашағы Біртұтас ел» республикалық патриоттар форумы барысында марапатталған отандастарымыз еліміздің өркендеуіне мүмкіндігінше зор үлес қосып жүрген жандар екені даусыз.                                                                   

Айталық, елімізді әлемге танытып жүрген спортшыларды өз елінің нағыз патриоттары деп атауға болады. Жеңіс тұғырына  көтерілген кезде Қазақстанның Туы желбіреп, Әнұраны асқақтайды. Ал, мұны көрген жастар Қазақстанның атын дүние жүзіне танытуға талпынады, осымен бірге ұлтжандылық рухы қалыптасады. Сондай-ақ, өз өмірін қауіпке тігіп, ажал  қармағына іліге жаздаған жандарды құтқарып, сол арқылы азаматтық қалпын сақтаған ерлерімізді де нағыз патриоттар деп айтамыз. Жалпы, еліміздің барлық саласында еңбек етіп, өз ісінің шебері атанып, Отанымызды дамытуға үлесін қосып жүргендерді, тағдыр тәлкегіне ұшыраған, қиындық көрген жандарға қайырымдылық істерімен қол ұшын созып, аяғынан тұрып кетуіне көмектескен жандарды өз басым нағыз патриоттар деп есептеймін.

Әсемгүл – «Достық аруы»

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен Атырауда «Достық аруы – 2015» байқауы өтті.  

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Атырау қаласының жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған шараға қазақ, орыс, әзербайжан, татар, түрік, корей, беларусь, удмурт және өзбек ұлттарынан барлығы он екі бойжеткен қатысты. «Олар 2015 жылдың «Достық аруы» атағы үшін бақ сынасты. Дегенмен, байқаудың негізгі мазмұны достық, бейбітшілік және келісім мерекесіне арналды. Қатысушылардың әрқайсысы өз өнерін көрсетіп, жиылғандарды өз ұлтының дәстүрлерімен таныстырып, насихаттауға тырысты. Олардың барлығы – мемлекеттік тілді еркін меңгергендер», – деп мәлімдеді «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің баспасөз хатшысы Назерке Үмбетова.   

Байқау қорытындысында №4 облыстық сауықтыру мектеп-интернатының әдіскері, беларусь ұлтының өкілі Әсемгүл Стомма «Достық аруы – 2015» атағына лайық деп танылды. Каспий маңы заманауи колледжінің студенті, удмурт ұлтының өкілі Наталья Михайлова екінші орынға, ал, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледжінің студенті, әзербайжан қызы Минура Жүнісова үшінші орынға ие болды.

Сұхбатыңызға рахмет.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*