Әділ шешім – ардың ісі

 Ішімдік ішіп, көлік мінетіндерге, шектен шығып, отбасының шырқын бұзатындарға бүгінде жаза күшейді. Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ тегеурінді талап құзырлы органдар жауапкершілігін де арттырғанын айтады. Өйткені, әкімшілік істерді қозғауда, тиісті хаттамаларды толтыруда заңсыздықтар жиі орын алуда. Осы және өзге де мәселелер әңгімеміздің арқауына айналып отыр.

– Жергілікті мамандандырылған әкімшілік соттың қызметін жұртшылық біле бермеуі мүмкін. Сондықтан, әңгімені құрылымның қазіргі тыныс-тіршілігінен бастасақ қайтеді?

– Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты аты айтып тұрғанындай, жергілікті жердегі әкімшілік істерді қарайды. Ол ел Президентінің Жарлығымен 2014 жылдың қыркүйегінде құрылған. Қазіргі күні құрылым өзінің қызметі ауқымында жұмыс жүргізуде. Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына түскен істердің саны бүгінде азайып келеді. Мәселен, биылғы жартыжылдықта біз 5963 іс қарадық. Өткен жылдың осы мезгілінде ол 7357 болатын, яғни, 1300-дей іске азайып отыр. Бұған көптеген жағдай себепші. Бүгінгі қолданыстағы заңнамадағы өзгерістерді соның бір көрінісі ретінде айтқан жөн. Сонымен қатар, заңсыздыққа жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту өзі қызмет ететін органға тапсырылды.

– Жауапты міндет жүктелген қызметкерлердің жауапкершілігі туралы айтып қалдыңыз. Осы тұсты нақты мысалдармен тарқатып бересіз бе?

– Бүгінде мамандандырылған әкімшілік соты хаттамалардың толтырылуы, заңдылықтардың сақталуына айрықша маңыз беріп отыр. Өкінішке орай, әкімшілік істерді қозғауда, жоғарыда айтқандай, хаттамаларды толтыруда кейбір лауазымды тұлғалар шалағайлыққа жол беріп жатады. Осыған орай жуырда орын алған мынадай мысалды келтіруге болады: Атырау-Орал тас жолымен келе жатқан «Лада-2144» маркалы автокөлікті жол сақшысы тоқтатады. Ол жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпағаны, осылайша тиісті заңдылықтардың сақталмағандығы үшін жүргізушінің үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырады. Дегенмен, оның талабымен қарсы жақ келіспей, полиция капитанының үстінен шағымданады. Мұнда арызданушы тәртіп сақшысының өзін таныстырмағандығын, тоқтату себебін түсіндірместен хаттама толтырғанын, өзін дөрекі ұстағанын, жолдасының аяғы ауыр екендігін айта келіп, қауіпсіздік белдеуін автокөлік тоқтағаннан кейін шешіп қойғандығын баяндаған. Біз сот барысында екі тараптың да айтқанына, келтірген дәлелдеріне құлақ салып, мұқият зерделедік. Нәтижесінде, шағымданушының үстінен бұған дейін қозғалған әкімшілік құқықбұзушылық туралы істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Ал, өзінің іс-әрекетін дәлелдей алмаған, кемшілік жіберген полиция капитанына қатысты жекеше қаулы шығарылды. Оған шара қолдану үшін мәселені Атырау облыстық ІІД басшысының және Атырау қалалық прокурорының назарына ұсынып отырмыз. Жалпы, лауазымды тұлғалар тарапынан орын алған заңсыздықтарға байланысты 325 жекеше қаулы шығарылды.

– Тұрғындардың құқығы тапталып, заңсыздықтардың орын алуына не себеп?

– Менің ойымша, мұның басты себебі тиісті заң талаптарының сақталмайтындығында дер едім. Ал, оған ешқашан жол беруге болмайды. Өйткені, заң алдында бәрі бірдей. Мысалы, жасөспірім өзінің құқығын өзі қорғай алмайтын жағдайда сотқа міндетті түрде оның қорғаушысы қатысуы керек. Немесе қажет болған жағдайда, сот жүргізу ісі аудармашымен қамтамасыз етілуі қажет. Қалай еткенде адамдардың құқығының аяқасты қалмауы мәселенің бастысы. Осыған орай бір мысал келтіре кетейін. Ішкілікке салынған қала тұрғынының өз отбасының шырқын бұзып, шешесін балағаттағаны туралы бізге іс түсті. 8 мамыр күні орын алған жағдайға байланысты учаскелік полицей хаттама жасақтапты. Мәселені қарау барысында анықталғаны – әлгі адам 4 мамыр күні қоғамдық тәртіпті бұзғандығы үшін абақтыға жабылғандығы белгілі болды. Сондықтан, оның мереке күндері әкімшілік құқықбұзушылық жасауы мүмкін емес еді. Осы себепті іс қысқартылып, қазіргі таңда тәртіп сақшысын жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралуда.

– Шағын сұхбатта бәрін қамту мүмкін болмас. Дегенмен, мас күйінде көлік жүргізетіндерге қатысты тоқталып кетесіз бе? Тәртіп қатая түскенімен, олардың санының азаймай отыруына не себеп?

– Дұрыс айтасыз, бұл қоғамды толғандырып отырған мәселенің біріне айналды. Көлік руліне масаң күйде отырған адам қылмыскер десе болады. Сондықтан, оған ешкім де көз жұма қарамауы керек. Ол тегеурінді талаппен қатар, қоғам болып осы құбылысқа қарсы тұруды қажет етеді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексте осындай заңсыздықтарға жол берген адамдарға қатысты қолданылар жазалар көрініс тапқан. Мәселен, Кодекстің 608 бабында жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқарған адамның ісі қаралады. Сол бойынша бізге 544 іс түсіп, тиісті шаралар алынды.

  Өмірдерек ЖАҚСЫЛЫҚ Жасұлан Берікұлы 1972 жылы Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген. Білімі – жоғары. «Қайнар» университетін бітірген. Еңбек жолын Талас аудандық бөлімінде инспектор болып бастаған. Одан соң Жамбыл облыстық әкімшілік сотында аға сот орындаушы қызметін жасаған. 2009 жылдан 2015 жылға дейін Талас аудандық сотының судьясы, ал сол жылдың 7 желтоқсанында ел Президентінің Жарлығымен Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болып тағайындалды. Отбасылы. Басты тоқталарым, бүгінде елімізде заңның үстемдігіне ерекше маңыз беріліп отыр. Өркениетті қоғамның басты талабы да осы. Ендеше, сот үшін әділ шешім шығару ардың ісі болып тұр.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*