«ӘДЕМІ-АЙДЫҢ» ӘСЕМ СЫЙЫ

 

Аталмыш компания мен «Әдемі-ай» мұражайы бірлесіп ұйымдастырған көрмеде бірнеше жәдігер мен кәдесыйлар ұсынылды.
БАҚ өкілдері қатысқан шараны ақын Маржан Ершу ашып, жүргізді. Компания басшысы Бахаргүл Төлегенқызы жасап жатқан жұмыстарының маңыздылығын түсіндірді.
– Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында он екі жылдан бері жұмыс жасап келеміз. Қазіргі таңда республикалық, халықаралық іс-шаралардың ресми сувенир таратушысы болып отырмыз. Бүгінгі күні Алматы орталығында орналасқан мұражайда дизайнерлеріміздің қолынан шыққан мыңнан аса жәдігер бар. Оның ішінде киіз үй жинақтары, ат әбзелдері, зергерлік әшекей бұйымдар, ерлер аксессуарлары, USB жадылы флэш-карталар, түрлі қобдишалар, жазу аспаптары, кеңсе бұйымдарымен қатар түрлі деңгейдегі конкурстар мен өзге де сайыстардың жеңімпаздарын марапаттауға арналған «Топжарған» кәдесый топтамалары бар. Бұл топтаманың негізі жарқын өмірдің символы – жұлдыздың айналасында өрбіген. Жарқыраған жұлдызды сәттерді жеңімпаздардың жадында мәңгі сақтап қалуы үшін арнайы жасалған, – деген ол ұлттық нақыштарды ұлықтауда, құндылықтарымызды ұмыт қалдырмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғауда жасалып жатқан жұмыстарды көрсетуде БАҚ-ның маңызы зор екенін жеткізді.
Сондай-ақ, көрмеде «Әдемі-ай» компаниясы ұсынған жаңа кәдесыйлардың қатарында, Қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, бүгінгі келбетін бейнелейтін «Қазақстан тарихы» табақшасы, «Наурыз», «Жеті қазына», «Ертоқым» картиналары, зергерлік әшекейлер, жібектен жасалған тоқыма бұйымдар, өңірлерге арналған табақшалар топтамасы да қойылды.
Компания басшысы бұл дүниелерді қызықтаған БАҚ өкілдерінің сауалдарына да жауап берді. Көрме барысында «Өңіржиек» әшекей бұйымының қазақ әйелдерінің ажарын келтіретін құнды бұйым екендігі айтылды. «Мұны бұрын қыз ұзатылғанда тағып, оның жасауына да салатын болған. Ал, қазіргі күні тек сахнаға шыққан қыздарымыздан ғана көріп жүрміз. Алдағы уақытта қазақ әйелдерінен күнделікті көріп жүрсек, қандай ғанибет!» деді Бахаргүл Төлегенқызы.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА,
суреттерді түсірген автор.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*