«Ақын-жүрекпен өмір сүремін…»

iomro 1 Қоғам

Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл. Бішкек қаласында «Манас» және Шыңғыс Айтматов Ұлттық Академиясында Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшілігінің, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Қырғыз Жазушылар Союзының және Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің қырғыз тілінде жарық көрген «Жүрегім» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

Кітапты қырғыз тіліне аударған – қырғыздың ақын қызы Алтынай Темірова. Шығармашылық кешке ақын-жазушылар Тологон Мамеев, Гүлсайра Момынова, Асан Жақшылыков, Мелис Абакиров, Маркабай Ааматов, Меңди Мамазаирова, Баяс Турал, Мая Осмонкулова, Карлыгач Жумакадырова, Анар Кабдуллина және жырсүйер қауым қатысты.

Бағзыдан бері Алатауды ен жайлап, төскейде малы, төсекте басы қосылған қазақ-қырғыз елдері арасындағы достықтың алтын көпірін одан әрі нығайта түскен поэзия кешінде Атырау облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы мен Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі жасақтаған «Жайықтың жыр Маржаны» кітап көрмеэкспозициясы қойылды. Қазақ-қырғыз арасындағы достық байланыстың алтын арқауындай болған шараны жүргізген қырғыз елінің белгілі қаламгері Баяс Турал Маржан Ершудің шығармашылығын қырғыз оқырмандарына таныстырды.

«Манас» және Шыңғыс Айтматов Ұлттық Академиясының президенті Топчубек Тургуналиев аталған поэзия мейрамының ұйытқысы болған қазақ ақыны Маржан Ершуге қырғыз халқы атынан алғысын айта келе: «Қазақ пен қырғыз халықтары е ж е л д е н б і р – б і р і м е н достықта, ынтымақта өмір сүріп келеді. Сол бір атабабамыз қалыптастырған достықтың сара жолы бүгін өз жалғасын тауып отыр. Академиямыз 2019 жылдың желтоқсан айында ашылған еді.

Тұңғыш шарамыздың беташары қазақ ақыны Маржан Ершудің «Жүрегім» атты жыр жинағымен басталып отыр. Мұны жақсылыққа балап тұрмын. Манас пен Ш.Айтматовтың рухы саған дем берсін, қызым. Кітапты қызыға оқып шықтым. Маржанның өлеңдерінде мінез бар екен, рух бар екен. Өлеңдерін оқи отырып, ақындық қуатының өте жоғары екеніне көзіміз жетті. Мен Маржан Ершудің өлеңдерінен ақын жүрегінің отты лебін таныдым. Ақын қызымызға алдағы уақытта үлкен шығармашылық жетістіктер тілеймін.

Маржан, сенің жүрегің от екен, рухты жырлар жазады екенсің. Махамбет, Абай, Бауыржан, Әлия батыр қыз туралы және басқа да жырларыңда рух бар, кесек мінез бар. Саған тапсырма берем. Манас пен Шыңғыс Айтматов туралы өжет жыр жаз. Бұл бізге керек. Сол шығармалардың да тұсауын кесейік», – деп ақжарма тілегін айтты. Қырғыздың белгілі жазушысы Керимбек Кадыракунов: «Қазақ пен қырғыз – ежелден дос, ағайын халық. Алатауды тел емген, бірге қоныстанған қазақ пен қырғыз елі қаламгерлерінің ш ы ғ а р м а ш ы л ы қ байланыстарының түбі тереңде.

Тек соңғы уақытта арамыз алшақтап кеткендей еді, енді міне өзінің әдемі жырларымен ортамызға келіп отырған қазақтың ақын қызына алғысымыз шексіз. «Бір жапырақ ет секілді, Қып-қызыл оттай жүрегім. Сенде – тағдырым, Махаббат, Өрлігім. Ізгілік тілегім Ақын – жүрекпен Өмір сүремін», – деп жырлаған екенсің. Маржан, қаламың ұшқыр болсын! Маржанның өлеңдерін аударған Алтынай да – қырғыздың бетке ұстар ақын қызы, көрнекті қаламгері.

Мынау «Жүрегім» деген жыр жинағы оқырмандар жүрегіне жол табар деген ойдамын» – деді ол. Бұдан соң Қазақстанның Қ ы р ғ ы з с т а н д а ғ ы Елшілігінің қызметкері Жәнібек Жұмабергенов сөз сөйлеп, Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Нұрпейісовтың атынан Маржан Ершуге мәденигуманитарлық сала бойынша қазақ-қырғыз әдебиеті қарымқатынасын нығайтуға қосқан үлесі үшін берілген Алғыс хатты (суретте) табыс етті.

Қазақстан Жазушылар және Еуразия Түркия Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Мемлекеттік стипендияның, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің ГранПри иегері, Халықаралық Түркітілдес елдер поэзия фестивалінің жеңімпазы, ТҮРКСОЙ ұйымы әдеби сыйлықтарының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Маржан Ершу өз сөзінде: «Қазақ-қырғыз ақындарының достастығының көрінісіндей «Жүрегім» атты жыр жинағым қырғыз тілінде баспадан шығып отыр. Бұл идея 2019 жылы ТҮРКСОЙ-дың бастамасымен түркі халықтарының рухани астанасы атанған Ош қаласында өткен түркітілдес елдер ақындарының поэзия форумында туындаған болатын.

Қырғыз Жазушылар Союзының төрағасы Нурлан Калыбеков өлеңдеріңді қырғыз оқырмандарына таныстырсақ деп ұсыныс айтқан еді. Міне, сол ой, сол идея бүгін өз нәтижесін беріп отыр. Баршаңызға шын жүрегіммен алғыс айтамын, – деп, оқырмандардың сұрауымен өлеңдерін оқыды. Ақын-аудармашы Алтынай Темірова: «Маржанның өлеңдерін қызығушылықпен аудардым. Ақынның тілі өте бай, құнарлы. Бұл қазақ тілінің де байлығын дәлелдесе керек. Ақын жүрегіндегі рух, отты сезім маған қуат берді.

Маржан ішкі қуаты, потенциалы мықты ақын» деп тілегін білдірсе, қырғыздың белгілі ақыны Гүлсайра Момынова Маржан қызға арнаған өлеңін оқып, апалық көңілден ақ батасын берді. Қырғыз ақыны Мая Османкулова, әдебиетанушылар Карлыгач Жумакадырова, Анар Кабдуллина Маржан ақынның шығармашылығы туралы жүрекжарды тілектерін айтты. Жыр кеші ән-күймен де әсем өріліп отырды. Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның күйшісі Санжар Қатапов Құрманғазының «Адай» күйін орындап, өнер сүйер жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Қырғыз Республикасының Халық әртісі Саламат Садыкова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова және оның «Аманат мюзик» өнер мектебінің оқушылары да өнер көрсетіп, көп көңілінен шықты. Шығармашылық кеш Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Мейіржан Қабдоловтың орындауындағы Маржан Ершудің сөзіне жазылған композитор Болат Қохамановтың «Атырау-Арман» әнімен шымылдығын жапты. Кешке жиналған әр оқырман «Жүрегім» кітабын алақанында аялап кетіп бара жатты…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Атырау–Алматы–Бішкек– Алматы–Атырау

«Өлең деген – әдемі әлем…»

– Маржан, қырғыз еліне қош келдіңіз! Өлеңдеріңіз қырғыз тілінде аударылып, оқырманға жол тартып отыр. Қолымызда – жаңа кітап «Жүрегім». Кітапты қолыңызға алғанда қандай сезімде болдыңыз?

– Әр қаламгер баспадан шыққан кітабын көрген кезде қуанады ғой. Қуанғаным рас. Аударма жасаған ақын Алтынай Темированың еңбегі зор. Алтынай өлеңдерімді жақсы аударған. Бұл маған ұнады.

– «Сізге өлеңдеріңді аударып, кітап етіп шығарамыз. Бірақ бір ғана шартпен, тек сезім, махаббат жайлы өлеңдер болсын, себебі қазіргі оқырманның лирикаға қызығушылығы басым» деген пікір айтылған еді Қырғыз Жазушылар Союзы тарапынан. Бұл кітапта ол шарт орындалмаған сияқты.

– Ойласам, менде махаббат туралы жырлар аз екен. Шартты орындап, кітабымды шығарту үшін өтірік өлеңдер жазуым керек пе?! Бұлай болмайды ғой. Бұл кітапқа бұрын жазылған лирикалық өлеңдерім енді. Менің тақырыбым – табиғат пен тарихи тұлғалар.

– «Манас» және Ш.Айтматов Ұлттық Академиясында кітабыңның тұсаукесері өтті. Қырғыз оқырмандары қалай қабылдап жатыр өлеңдеріңді?

– Жақсы қабылдаған сияқты. Әсіресе, кітаптың аты жақсы екен «Жүрегім» деген деп жатыр. Бұл атауды өзім қойдым.Себебі бұл өлеңімнің атауы. Қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы «Жұрттың бәріне ақыл берілгенмен, жүрек бәріне бірдей берілмеген» деп айтқан.Ұлы Абай атамыз да адамның бар асылы жүрегінде екенін айтады. Ақындар жүрегімен жырлайды. Өлең деген әдемі әлем емес пе?! Жүректен шықса, жүрекке жетеді.

«Сіздер де мұқабаны қатырыпсыздар. Толған жүрек. Маған мұны «Сенің жүрегің кітаптың ішінде, мұқабада оқырмандардың жүрегі» деп түсіндіріп жатыр аудармашым Алтынай.

– Қырғыздың тарихи тұлғалары туралы жазу жоспарыңда жоқ па?

– « М а н а с » ж ә н е Ш.Айтматов ҰА президенті Топчубек Тургуналиев кітабымның тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде: Сенің жүрегің от екен, рухты жырлар жазады екенсің. Махамбет, Абай, Бауыржан, Әлия батыр қыз туралы және басқа жырларыңда рух бар екен, мінез бар екен. Саған тапсырма берем. Манас пен Шыңғыс Айтматов туралы өжет жыр жаз. Бұл керек бізге» деді. Бұл – үлкен тапсырма. Шынында, Шыңғыс Айтматов туралы жазғым келетін. Енді ойлана
тын шығармын.

– Қазір не жазып жүрсіз?

– Атақты түркітанушы, мажар ғалымы Қоңыр Иштван Мандоки туралы кітап жазып жатырмын. Қоңыр туралы өмірбаяндық әдеби кітап.

– Қырғыз оқырмандарына қандай тілек айтасыз?

– Жақсылық қана тілеймін. Қазақ-қырғыз әдебиетшілері арасындағы байланыс – Жамбыл мен Тоқтағұл, Мұхтар мен Шыңғыс салып кеткен сара жол, алтын көпір . «Басыңда сенің ақ қалпақ, Оюлап шетін сырғызған. Менің де бетім жап-жалпақ, А й ы р м а м қ а й с ы қырғыздан?!» деп жырлаған еді қазақтың белгілі ақыны Әбділда Тәжібаев.

Соңғы уақытта екі елдің жас ақындары жақсы байланыс орнатып келеді. Қазақстандық ақындар Бауыржан Қарағызұлы, Саят Қамшыгер, Мұратхан Шоқанұлының кітаптары шықты қырғыз тілінде. Қырғыздың жас ақындарының жырлары кітап болып шығып жатыр біздің елде. Осы байланыс тағы да жалғасын тапты. Менің кітабымның тұсаукесерінен кейін ақындар Мая Османкулова мен Гүлзада Ниетқалиева тандем құрды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Нұрбек МАМЫТБАЕВ, «Adabiyat.kg»

Бішкек

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз