АДАМЗАТТЫҢ ТАҒДЫРЫ ТАБИҒАТҚА ТӘУЕЛДІ

Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов қостанайлықтарды сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Бағдарлама экологиялық мәселелерді көтереді.

Ә.Құсайынов жиылған жұртқа тіршіліктің «жасыл» векторының ғылыми негіздемесі туралы, оның ішінде қоғамды кезең-кезеңмен экологияландырудың қандай күрделі әрі өзекті міндет болып табылатыны туралы әңгімелеп берді. Бұл – дамудың алдағы жоспарын мұқият зерттеу арқылы ғана қол жеткізуге болатын жаһандық мақсат.

Кандидаттың айтуынша, әлемдік экологиялық мәселелерге тиісті деңгейде назар бөлінбеуі, халықаралық пікір алмасуларда бұл тақырыптың тар шеңберде қозғалуы жаңа, абструктивті табиғи құбылыстар туындатуы мүмкін.

«Экология – адамзат тіршілігінің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі – табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамыған сайын «жасыл» орта осалданып барады. Оған дәлел ретінде, топырағы құнарлы жерлердің тапшылығын атап өтуге болады.

Бүгінде бір адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қажетті жердің көлемі, әлем бойынша, 21,9 гектарға тең. Ал, Жер шарының биологиялық мүмкіндігі 15,7 гектарды ғана құрайды. Яғни, өздеріңіз байқағандай, Жерді мекендейтін 7 миллиард адамның әрбіреуін таза, ластанбаған, құнарлы жермен қамту үшін кем дегенде 6,2 гектар жетіспейді. Бұл өте күрделі мәселе», – деді Ә.Құсайынов.

Кездесу барысында кандидат, сондай-ақ, әлем бойынша бірегей табиғи кеңістіктердің күрт азайып бара жатқанын сөз етті. Мәселен, оның айтуынша, Жер шарындағы халқы көп аймақтарда жаһандық экожүйенің маңызды бөлшегі – батпақты жерлердің 90 пайызы мүлде жойылған.

«Экология – біздің ортақ үйіміз, ғаламшарымыз туралы ғылым. Ғаламшарымыз жалғыз, сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бұл туралы мектеп қабырғасынан бері айтылып келеді, бірақ нақты іске келгенде мәселенің өзектілігі жойылар емес. Мысалға, жаһандық жылыну проблемасын алайық. ХХ ғасырдан бері орташа ауа температурасы 0,74 градусқа өсті. Мұның үштен екі бөлігі соңғы отыз жылға тиесілі. Тұрақты температуралық көрсеткіш – ғасырлар бойы сақталып келген табиғат үшін үлкен өзгеріс», – деді Әбілғазы Құсайынов.

Президенттікке кандидаттың келтірген мәліметі бойынша, ХІХ ғасырдың соңынан бері әрбір жаңа онжылдық, алдыңғысына қарағанда жылырақ. «Бұл – ғылыми қауымдастықтар мойындап отырған жалпыға аян ақпарат, бірақ халықаралық деңгейде оған тиісті жауап табылмай отырғаны өкіндіреді», – дейді ол.

Көптеген елдерде жасыл технология өндіріске енгізілмей келеді, тіпті, оны жатырқап отырғандар қаншама? Табиғи ресурстар кешенін біріктіретін ортақ термин – экологияны күйзеліске ұшыратқан мұндай күрделі жағдай амалсыз ертеңгі күнің туралы алаңдатады.

Қостанай қаласының жұртшылығымен кездесу барысында кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан да экологиялық тақырыптың өзектілігіне тоқталды. «Біздің заманымызда экология – шектеулі тіршілік көзі. Негізінен, оның шектеулі екені бұған дейін де белгілі болатын, бірақ, шексіз көрінген шикізат қорының таяздануы күн тәртібіндегі күрделі мәселеге айналды. Сондықтан да, біз халықты экология ғылымдарының негізгі бағыттарымен таныстырып, аталмыш мәселеге мұқият көңіл бөлуге шақырамыз. Жасыл вектор үнемі таза ауа, құнарлы жер, ауыз су көздері мен Жер шарының атмосферасы сынды ең маңызды табиғат қорларының тапшылығы туралы өзекті мәселелерді меңзейді», – деді Р.Жоламан.

Кездесу соңында Әбілғазы Құсайынов экологиялық күн тәртібінің өзектілігіне тағы бір тоқталып, қала жұртшылығын жаһандық экологиялық мәселелерге көңіл бөлуге шақырды. «Табиғат – адамзаттың басты байлығы. Оны қастерлеп, күтіп ұстау керек, ол – әр адамның, әрқайсымыздың басты міндетіміз», – деп қорытты өз сөзін Ә.Құсайынов.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*