АДАМ САУДАСЫ АЛАҢДАТЫП ТҰР

 «Сол аурухана басшылығы тарапынан бала сату фактісінің 22 эпизоды болды. Бірақ,  сот барысында бір факті ғана дәлелденді. Жедел іздестіру нәтижесі кезінде бас дәрігер нәресте үшін ақша алып жатқан жерінен ұсталды. Ол кезде ер бала мен қыз бала үшін әртүрлі баға белгіленгенге ұқсайды. Ер баланы 4 мың долларға бағалаған екен. Нәтижесінде қылмыскер жауапқа тартылып, нәресте балалар үйіне тапсырылған еді» деп еске алады облыстық ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілі Алексей Анатольевич Хан.

Өкінішке орай, адам саудасы арқылы кенелетін табыс есірткі және қару-жарақ барондарының «бизнестерінен» кем түспейді. Мамандар, миллиардтаған ақша түсіретін қылмыстық істің бұл түрінің бүкіл әлем бойынша өршіп тұрғанын айтады.  Көші-қон бойынша халықаралық ұйымның статистикалық деректеріне сүйенсек, соңғы он жылда түрлі мақсатқа шетелдерге «сатылған» адамдардың дені қазақстандықтар және олардың көбісі біздің еліміз арқылы өтіпті. «Бұған Қазақстанның географиялық орналасу тартымдылығы, яғни мемлекетіміздің Еуропа мен Азияның кіндігінде орын тебуі себепші болып отыр», – дейді мамандар.

Біздің қолымызда қазір Атырау облысындағы «Мегаполис» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Елена Гайгородованың Халықаралық көші-қон ұйымының мамыр айында жасаған есепті баяндамасына сілтеме жасап берген мәліметтері жатыр. Онда Қазақстан, Ресей, Түркия, Біріккен Араб Әмірлігі, Израиль, Тайланд, Германия, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Индонезия, Греция, Ливан, Оңтүстік Корея және АҚШ елдеріндегі адам саудасына байланысты 2004 – 2015 жылдар аралығындағы жағдайға сараптама жасалыпты. Сол он бір жылдың ішінде АҚШ-та адам саудасының құрбаны болған екі адамға Халықаралық көші-қон ұйымы тарапынан көмек көрсетілген екен. Әзірбайжанда бір адамға, Өзбекстанда төрт адамға, Біріккен Араб Әмірлігінде қырық төрт адамға, Түркия мен Ресейде жиырма үш адамға, біздің елімізде осындай трафиктің құрбаны болған 1120 адамға көмек көрсетіліпті. Осы фактілердің өзі мұндай мәселеге самарқау қарауға болмайтынын, әр адамның сақтық шараларын айрықша назарда ұстауы керектігін көрсетеді.

Сала мамандары адам саудасын негізінен тоғыз топқа бөліп қарастырады. Жыныстық қанау мақсатында жасалатын әйелдер мен балалар саудасы;  еңбекте қанау, құқыққа немесе қоғамға қарсы іс-әрекеттерге тарту мақсатындағы трафик; сурогаттық ана болуға мәжбүрлеу үшін жас әйелдерді, қыздарды сату; мәжбүрлі қайыршылыққа тарту; қарулы қақтығыстарға пайдалану; дене мүшелері мен тіндерді трансплантациялау; заңсыз бала асырау арқылы кәмелетке толмағандарды сату; бала туу мүмкіндігін қанау және неке агенттіктерін пайдалану арқылы адам саудасын жүзеге асыру. «Сол себепті азаматтарымыз айрықша сақ болуы керек. Орын алып жатқан оқиғалар көрсетіп отырғанындай, қылмыстық топтар көп азаматтарды шетелге алдап-арбау жолымен әкетіп жатады. Жалақысы көп жұмыс ұсынады, тіл үйренуге немесе тегін білім алуға, кастингтерге қатысуға үгіттейді. Сондықтан, азаматтарымыз өзге облыстарға, шет елге шығарда жұмыс, немесе оқу ұсынған компания, мекеме туралы толық мәліметтермен танысып, хабардар болғаннан кейін ғана шешім қабылдаса екен. Сондай-ақ, халық әр елде Қазақстанның елшілігі мен консулдығы жұмыс істейтінін, оларға көмекке жүгінуге болатынын білгені жөн. Кез келген адамға құжатын беруден сақтану керек», – дейді облыстық ішкі істер департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының өкілі Алексей Хан.

Күні бүгінде адам саудасына байланысты бір іс сотта қаралып жатыр. Облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Алексей Ханның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмаған екі қыз баланы жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген  бойжеткендердің үстінен «ҚР-ның Қылмыстық Кодексінің» үш бабы бойынша іс қозғалыпты. Мәжбүрлеушілер де, жәбірленушілер де Батыс Қазақстан облысының тумасы болып шықты.

Қалай десек те, әр адамның артында тағдыр тұр. Мемлекеттің басты байлығы адам және оның саулығы екенін ескерсек, бұл мәселеге ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарауға тура келеді. Айтқымыз келгені, азапты өмірдің құрсауынан қашып шыққан адамдарға Алматы мен Көкшетау қалаларындағы оңалту орталығында құқықтық, психологиялық, дәрігерлік көмектер көрсетіледі екен. Біздіңше осындай орталық Атырауға да, еліміздің өзге де ірі қалаларына ауадай қажет сияқты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*