АДАЛДЫҚ ОНЫҢ АРЫ ЕДІ

Отан алдындағы борышымды өтеп, әскер қатарынан оралғанымда жарқын қабақпен құшақ жая қарсы алған ағалардың бірі Қорқыт Байзақов болатын. Жасының үлкендігіне қарамастан бауырына тартып, қатарынан қалдырған жоқ. Ол кезде жас жігіттер үшін ел ағаларының жанында жүру үлкен құрмет болатын. Жатырқамай, айналасындағы жолдастарымен таныстырып, орталарындағы қуаныштар мен кездесулерден қалдырмауға тырысты. Кішіге ізет көрсетіп, ағалық қамқорлығын аямаған абзал азаматпен таныстығымыз осылай басталды. Тез араласып, бауырлардай болып кеттік.
Қорқыт Байзақұлы қарапайым, кішіпейіл, қандай іс болмасын үлкен жауапкершілікпен қарайтын тындырымды азамат еді. Мінезі тік әрі салқам болатын. Жанұяда жайлы, балаларын еңбекқор, ұқыпты әрі адал болуға бар жан-тәнімен тәрбиеледі. Өзі де қандай істе болмасын тиянақты, мұқият болды. Әсіресе, табиғат аясында жүргенді жаны сүйетін.
Кейін мен білім іздеп, ауылдан жырақ кеттім. Қорекеңмен арамыз ажырап қалды. Оқуымды аяқтап елге келсем, Қорқыт Байзақұлы Махамбет аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі екен. Сағынысып көрісіп, сыйластығымыз бұрынғыдан бетер арта түсті. Одан соң Қорқыт Байзақұлы жоспарлау комитетінің төрағасы, 1952-56 жылдары Чкалов атындағы совхоздың партбюро хатшысы, Сарайшық селолық кеңесінің төрағасы жұмыстарын абыроймен атқарды. 10 жылдан астам «1 май» совхозының кадр бөлімін басқарды.
Ол уақытпен санаспай, халыққа адал қызмет етті. Әсіресе, халықтық бақылаушы болып қызмет еткен жылдары қыс мезгілінде мал азығының орнымен жұмсалуын, көктем туса тұқымның мезгілінде себіліп, талапқа сай отырғызылуын, жаз болса пішен дайындау науқанының барысын, ал күзде өнім жинау жұмыстарын қатаң бақылауда ұстайтын. Осы бағытта бірнеше тексерулер ұйымдастырып, бақылау тобы ашқан кемшіліктер бойынша нақты шаралар алуды ұсынатын. Ол туралы совхоз активтері «Біздің Қорекең халықтық бақылау тобының жұмысына әбден тауып қойылған адам» деп бағалайтын.
Соғысқа қатысқан ер-азаматтардың сүйсінерлік ерекше қасиеті – қан майдандағы ерліктерін айтып мақтанбайтын. Өзім де Ұлы Отан соғысына қатыстым. Бірақ, сарбаздармен әңгіме бола қалғанда «мен бүйттім», «мен мынадай немісті өлтірдім» болмаса «мен танк жардым» дейтін әңгімелер естілген емес. Қорқыт та біреу әдейілеп сұрамаса, соғыс туралы ашылып айта бермейтін. Әйтпесе, Қорекеңнің кеудесіне таққан «Қызыл жұлдыз», «Қызыл ту» ордендеріне, «Ерлігі үшін», «Берлин қаласындағы жеткен жеңісі үшін», «Варшава және Кинисберг қалаларын жаудан босатқаны үшін» медальдарына, Украина және Белоруссия майдандарындағы, Берлин қаласында жасаған ерлік істеріне мақтанып, көкірек көтеруіне әбден болады. Және ол өзі соған лайықты еді.
Есесіне, Қорқыт Байзақовтың ерен ерліктерін ел аңыз етіп айтып жүрді. Қатардағы жауынгер болып қантөгіс ұрыстарға араласқан Қорқыт Байзақұлының небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткергенін білетінбіз. Ол елінің абыройы мен бостандығын қанымен, жанымен қорғай білді. Қайтпас қайсар жауынгер кейін офицерлік курсты тәмамдап, қол бастады, ұрыстарға араласты. Қиындықтан қаймықпай жол таба білетін командир атанды. Взвод, рота басқарып, жау шептерін талқандады. Осындай ұрыстарда екі рет фашист оғы тиіп, қатты жараланса да қайтадан қанды шайқастарға кірді. Оның батылдығы туралы №1050 сталиндік атқыштар полкінің командирі, майор Кульчий «Жолдас Байзақовтың басқаруындағы взвод 1944 жылдың 29-шы маусымында қарсыластарға оқ жаудыра отырып, жаудың 13 солдатын жойды. Ол өзінің батыл да ержүрек істерімен және шебер басқарушылығымен полктің Днестр өзенінің оң жағалауын азат етуіне үлкен көмек көрсетті. Қ.Байзақовтың бұл ерлігі «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталуға әбден лайық», – деп жазды.
Соғыстан аға лейтенанттың шенін тағып, өңіріне жауынгерлік үш орденді қадап қайтқан солдат, сірә, некен-саяқ шығар. Айта берсе, Қорқыттың азаматтық, ерлік істері өте көп еді. Соғыстан кейінгі кезде де Қорқыттың аты қара қылды қақ жарған әділдігімен, ел арасында орын алған кейбір кикілжің дау-таластарды шешіп, екі жаққа ортақ оң шешімді тауып отыруымен, дуалы ауыз өсиеттерімен және ұлағатты сөздерімен шықты. Әсіресе, жастар жағы көбірек жиналғанда бүгінгі қоғамда болып жатқан келеңсіздіктерді сол уақытта-ақ дөп басып айтып отыратын. Бүгінде қарап отырып таңырқаймын.
– Адам өз атын кісілікпен, ізгілікпен шығарады. Кісілікке қонақжайлылық, жомарттық жатады. Ал, ізгілік – адамды алғысқа бөлейтін, өзің өлсең де атыңды өлтірмейтін ерекше қасиет. Адам боламын десеңдер, айналайындар, Абай аталарың айтпақшы, жамандық атаулыдан алыс болыңдар. Жамандықтың да түрі көп. Мысалы, ашу ақылдың жауы. Ал, қорқақтық ездікке жетелейді, қорқақтықтың жолдасы – үрей, бұған кешегі соғыс кезінде көзіміз анық жетті. Жағымпаздық та сол қорқақтықтың ағайыны. Еріншектік пен жалқаулық–адамның аяғын бастырмас, көзін аштырмас, еңсені басып жүнжітетін ауру. Кісі боламын десеңдер, күншілдіктен қашық жүріңдер, – деп үнемі айтып жүруші еді.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демекші, бүгінде Қорқыттың ұрпағы әке абыройын, әулет беделін жоғары көтеріп келеді. Жетеуін көргенде Қорқыттың тәрбиесін көргендей боласың. Барлығы – жоғары білімді мамандар, тәрбиесі жарасқан жандар. Бәрі де жанұялы.
Марқұм Лилиясы ұлағатты ұстаз болды. Софиясы мен Мақсоты – дәрігерлер, Мараты, Нұриясы мен Светасы – әр саланың инженерлері. Розасы әке жолын қуып, есеп қызметкері болды. Іштерінде облысқа ғана емес, республикаға танылған ғалым да бар. Байзақов Марат Қорқытұлы – талай мәрте жер астының құпия сырын ашқан елге танымал ғалым. Барлығы да Қорқыт сияқты ағайындардың торқалы тойы мен топырақты өліміне ортақтасып, әкеден жұққан бауырмалдық қасиеттерге көлеңке түсірмей келеді. Аналары Әсия апай да өте кішіпейіл, алыс-жақынға бірдей әз ана болды. Қорқыт ағамыз түздің адамы болғандықтан, оның ошағының берекесін келтіріп, ағайын-туманың арасын жалғастырған, балаларының отбасы жылуын сезініп өсуіне үлкен еңбек сіңірген де осы Әсия анамыз болатын.
Қорқытты білетіндер «үлкен жүректі азамат еді», «жомарт жан еді» деп әлі күнге дейін құрметпен еске алып отырады. «Тау алыстаған сайын ұлғая береді» дегендей, әз ағаның тұлғасы мен ерлік істері, азаматтық болмысы мен парасатты бейнесі уақыт өткен сайын асқақтап келеді.

Орынғали ҚАРАСАЕВ,
соғыс және еңбек ардагері,
Атырау облысының Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*