Адалдықтан айнымаған тұлға – Теңдік Жауырұлы

Теңдік ЖАУЫРҰЛЫ! Есімі Атырау журналистикасынан ойып тұрып орын алған біртуар тұлғаны таныстырып жатудың жөні жоқ шығар. Бір ғана емес, бірнеше буын тілшілердің ұстазы болған жан туралы қалам тербеген шәкірт те көп болар. Оның қызметіне деген адалдығы, жауапкершілігі өз алдында, жас маман тәрбиелеу мен баулудағы өзіндік ерекшелігін журналистер жақсы біледі. Қазірде осы салада табысты еңбек етіп жүргендердің басым бөлігі Теңдік Жауырұлының өнегелі мектебінен тәлім алған десек қателеспейміз. Өзі өмірден өтсе де, артына өшпейтін із қалдырған ұлағатты ұстазды сағына еске алған сәтте отбасының түтінін түтетіп отырған Рахима Әбішевамен емен-жарқын әңгімелесіп, сағынышымызды басқан сәттер де болған.

фото атырау

Сексеннің сеңгіріне аяқ басар сәтте осыдан үш жыл бұрын жанашыр ұстазымыздан айырылып, есеңгіреп қалған едік. Шіркін, уақытта тоқталыс бар ма?! Суық, ызғарлы қыс өтіп, көктемнің жаймашуақ күні болатын. Соның бірінде ұялы телефонға таныс емес нөмір қоңырау шалды. Тұтқаның ар жағындағы сабырлы, қоңыр дауыстың иесі Рахима Әбішқызы екен, қолым босаған кезде үйіне келіп кетуді өтінді. Адал жарының аманатына қиянат жасамай, көзі тірісінде айтқан өсиеті мен тілегін орындамақшы екен. Оның үстіне, ауа райы да керемет. Еңбек демалысында жүргенім қандай жақсы, апайдың сөзін жерге қалдырмай игі жақсымен әңгімелесуге қарай бет алдым.

– Өздерің білесіңдер, ұстаздарың еңбекті бағаламаған жан емес. «Қалам қызметі – қастерлі қарекет» деп аталатын соңғы еңбегін дайындаған сәтте Алтыншаш екеуің жазбаларын жинақтап, компьютерге теруге қол ұшын бергендеріңді де білемін. Кітабы әзірленіп жатқан кезде мұны үнемі айтып, аузынан тастамайтын. Өмірден өтерін сезді ме екен, бірде, «жинақ жарыққа шыққан соң қыздарыма сый-сияпат жасап, алғыс айтуды ұмытпа» дегені бар еді. Сол аманатын орындағалы отырмын. «Орамал тон болмайды, жол болады» демекші, мынаны сендерге сыйлаймын, ағайларыңның көзі деп білерсіңдер, – деп, қолыма бірі – көк, енді бірі – сары түстес қос орамалды ұстата салмасы бар ма?! Теңдік ағайдың бар жақсылығы ойға оралып, сағына еске алып, көңіл құлазыған сәтте ойымыз селт етті.

– О не дегеніңіз апай, біздің Теңдік ағайдың алдындағы қарызымыз ұшан-теңіз ғой. Титтей көмегіміз тисе, ол тұңғиық теңізге аттап баспақ түгілі, жағасына жақындағанмен де тең келмейді ғой, – дедік біз. Құдды бір кинолентадай көз алдымыздан ұстазымыздың аракідік редакцияға телефон шалып: «Айбөпе, сенің мына жобаңа қуандым. Бұл тақырыпты әлі де зерттей түсуің керек еді» дегені қайта-қайта еске түсе берді.

Иә, біз расында да газеттің әр нөмірі жарық көрген сайын материалымыз шыққанына қуанғанмен, «ағай қалай қабылдады екен, қырық жол хабарым қызыл сиямен боялған жоқ па, оқырманға ойымды дәл жеткізе алдым ба» деп өз-өзімізге сынмен, күдікпен қарайтынбыз. Өйткені, студент кезден-ақ, оның өзі бірнеше жыл бас редакторы болған «Атыраудың» әр хабарын жан-тәнімен беріліп оқитынын білетінбіз. Тақырып келіңкіремесе қиналыңқырап, сәтті шықса баладай қуанып отыратын кезі, бәрі-бәрі жадымызда жаттаулы тұр. Оның дипломдық жұмысқа жетекшілік еткен шақта да әрбір үтір мен нүктеге ерекше мән бергені, тиянақтылық пен жауапкершілікке баулығаны күні кеше сияқты еді. Билік пен бұқараны байланыстыратын алтын көпір өкілдерінің мейлінше қарапайым болып, материалды қойшы да, ғалым да оқитындай шеберлікпен жеткізуге шыңдағаны да ұмытыла қойған жоқ.

Рахима апаймен әңгімелесе отырып, үш сағат уақыттың қалай өткенін де білмей қалыппыз. «Науқастанып, жедел жәрдеммен ауруханаға апара жатсақ, ағайларың қолтығына қысып алған қара папкасын тастамайды. Мұны не қыласың десек, өзінің жетекшілігімен диплом жұмысын жазып жатқан түлектердің тізімі екен, кімнің әзірлігінің қандай екені ап-анық көрсетіліп тұр. Әлі де кейбір студенттерге телефон соғып, жұмысы жөнінде білуі тиіс екен. Біз болсақ, оның саулығына алаңдаулымыз», – деп көз жасына ерік берген еді Рахима апай.

Жанкешті жауапкершілік деп осыны айтыңыз. Аз ғана сәттің өзі Теңдік Жауырұлының мамандығына деген шынайы махаббаты мен адалдығын айқын аңғартып тұрғандай…

Айбөпе САБЫРОВА

Қайран, біздің бас редактор!

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары… Көпір жанындағы бұрынғы редакция үйі… Газетіміздің бас редакторы Теңдік Жауыров өзіне ғана тән сыпайылықпен лездеме, газет шығару процесіне қатысты басқа да басқосуларды жиі өткізеді.

Қара су теріс ағып кетсе де, біреудің жүрегін жараламайын деген ойдан ба, әлде табиғи болмысынан ба, басшымыздың біреуге ақырып-бақырғанын көрмедік. Ренжігенде қабағын тарс түйіп, басын шайқайтыны болмаса, «Мұны ақырына дейін жеткізу керек!», «Себебін анықтаған жөн!» дейтіні есімізде қалыпты. Қашан көрсең де, қаққан қазықтай стол басында жұмыс жасап отыратын Тәкең бұра-тұра сөзбен, пендешілікпен айтылып қалатын әңгіме мен іс-әрекеттен ада еді. Ұжым мүшелерінің бәрін бірдей көретін. Оларды еңбегіне қарай бағалап, қажет жерінде, сараңдау ғана мақтап қоятын.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бір кездескенде ағай:

– Бұрын сенің өз қарындасым екеніңді білмеппін-ау, Лиза! Кейін естіп жатырмын. Қалайсың, үйдегі жиендер аман ба, есейді ме? – деп күлімсіреген. Бұлай сұрауының себебі де жоқ емес. Өйткені, ағай мені жұмысқа қабылдағанда, балаларым тым жас еді…

Қайран, бас редакторым, біз сізді ешқашан ұмытпаймыз!

Лиза СЕЙТІМОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*