Адал еңбектің бағасы

Мал шаруашылығын нарық талабына сай кәсіп көзіне айналдырып, жылдар бойғы тынымсыз еңбегінің жемісін теріп, игілігін көріп келе жатқандардың бірі Қызылқоға ауданындағы «Тасшағыл» өндірістік кооперативінің аға шопаны Есенгелді Қуанов десек, жарасар еді. Соның куәсіндей, ол жақында ғана аталып өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы құрметіне орай  ІІІ дәрежелі «Еңбек  Даңқы» орденімен марапатталды.

%d0%b0%d0%b4%d0%b0%d0%bb-%d0%b5%d2%a3%d0%b1%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96%d2%a3-%d0%b1%d0%b0%d2%93%d0%b0%d1%81%d1%8b

Бүгінде есімі өңірдегі озық тәжірибесімен танымал малбегілерінің бірінен саналатын  ол ауылда туып, есейіп, ержетті. Жастайынан еңбекке араласты, ата-анасы мен бауырларына қолғанат болды. Жетпісінші жылдары дүниеге келген, қазір де жасы қырықты орталаған азаматтың бұлайынша еңбегінің жанып, жоғары бағалануының, кәсібінің нәсібіне кенеліп, табысқа жетуінің өзіне тән жолы да, сыры да жоқ емес. Сәл шегініс жасасақ, Есенгелдінің атасы Қуан Досығариев та кезінде колхоздың малын бағып, еселі еңбегін еліне арнаған жандардың  бірі болатын. Түліктің басын өз төлі есебінен көбейтіп, жоғары жетістіктерді еншілегені үшін екі мәрте Ленин орденімен марапатталған.  Әкесі Аманқайыр да кеңшарда мүйізді ірі қара мен қой малын бағумен шұғылданып табысқа жеткен,  ғұмырының саналы бөлшегін атакәсіпті өркендетуге сарп еткен.  Оған қоса, алдындағы ағасы Амангелді де ұзақ жыл шаруашылықта еңбек етті.

«Ат тұяғын тай басар»  демекші, енді,  міне, олардың ерлікке пара-пар даңқты еңбек жолын ұрпақтары  ұластырып, ұлттық болмысымызбен етене ежелгі кәсібімізді  заман талабына сай қайта жаңғыртып, түлетуге атсалысуда. Отарындағы 600 бас саулық қойды Есенгелді отбасымен бағады. Осылайша, бағымындағы мал басын кемітпей, аман сақтауды мақсат тұтқан аға шопан өткен 2015 жылды да табысты қорытындылап, әр жүз аналыққа 100-ден қозы өргізсе, аяқталғалы отырған белесте де сол межеден төмендемеуге бағыт ұстауда.

Айтпақшы, әңгіме барысынан аңғарғанымыздай,  кейіпкеріміздің кіндігі кесіліп, қаны тамған топырақтан шыққан атақты адамдар да аз емес екен. Солардың  ішінде, Ұлы Отан соғысынан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру жылдарында еңбегімен ерекшеленіп,  «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болған Қанаш Қожахметова мен Қалыбай Жұмағалиев сынды танымал тұлғалардың да осы өңірдің төл перзенттері екенін білдік.

Дәулетқали АРУЕВ.

Қызылқоға ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*