АДАЛ ЕҢБЕК – АБЫРОЙ БАСТАУЫ

 ЕҢБЕКПЕН ЕСЕЙГЕН

Қарапайымдылық – оның қанына біткен қасиет. Асыл әкесі Мауыт пен ардақты анасы Ақсұлу осы отбасынан өрбіген қос ұлы мен қыздарына тәлімді тәрбие берумен қатар, өз өмірлері арқылы адал еңбектің жетістікке жетелерін ұғындырған-ды.

1927 жылы Бақсай ауданының Кендірлі ауылында дүниеге келген Муса Мауытұлы жанұядағы үлкен ұл, ата-анасының үмітін арқалаған қолқанаты болды. Осы орайда ел шетіне жау тиіп, ұрыс даласына азаматтар аттана бастаған тұста оның әкесі Мауыт та қолына қару алып, жары мен бас көтерген ұлына аманатын тапсырған күйі Отан қорғау үшін жау шебіне аяқ басқан-ды.

Сол сәттерден бастап, өмір оны ерте есейтті. Соғыстың алғашқы жылы Талғайраң орта мектебінің жетінші класын тәмамдағаннан кейін, колхоздың әртүрлі жұмыстарын атқарды. Өзінен кейінгі бауырлары мен анасына қолқабыс қылу былай тұрсын, тылдағы жұмысқа тартылып, тас жол салуғажұмылдырылды. Бұғанасы бекімеген жас балаға зембіл көтеріп, топырақ тасу қанша қиын болғанымен, ол сыр берместен, қатарластарынан қалмады, жұмысын жоғары дәрежеде атқарды. Мектеп кезінен есепке жүйріктігі сеп болып, қара жұмыстан есепші қызметіне ауысқан.

Оның ізгі арманы оқу оқып, белгілі бір кәсіптің иесі атану болатын. Көңіл түкпіріндегі ізгі мұратына жету жолында жәрдемдесер жан жоқ, әкесі болса майданда. Ойлана келе, елде қалған анасының ақ батасын алып, 1943 жылы ол Гурьевтегі мұнай техникумына оқуға түсті. 

АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҚ

Ауылдан келген қарапайым балаға әуелгі баста қиын болғаны белгілі. Қаланың өмірі өзгеше екенімен қоса, тіл білмегендігі де қосымша ауыртпалық болды. Себебі, сабақ беретіндердің дені – эвакуациямен келген өзге ұлт өкілдері. Ортақ тіл – орысша. Тырмысып жүріп, тіл үйреніп, бас алмастан сабақ оқып, ақыры өз қатарластарынан озық шығып, бұл техникумды да ойдағыдай аяқтайды.

Осылайша, еңбек жолының алғашқы баспалдағына қадам басты. Гурьев мұнай базасында есепші, экономист, диспетчер болып бастап, мол тәжірибе жинақтады. Жас маман ретінде біліктілігін молайтып, ісінің қыр-сырына бойлай түсті. Ол – өз мамандығын шын сүйген жан. 1946 жылдан бастап, 14 жыл бойы қатардағы қызметкер бола жүріп, білімін шыңдай түсті. Ал, 1960 жылы Гурьев облыстық мұнай өнімдерімен жабдықтау басқармасына бас есепші болып тағайындалған тұста, кәсіби машығы мол, білікті кадр болғандықтан ұжымға бірден сіңісіп кете барды.

Осы тұста техникумда алған білімімді одан ары жетілдіре түссем деген мақсатқа сай, Алматыға аяқ басты. Мұндағы халық шаруашылығы институтының экономика факультетіне түсіп, оны да ойдағыдай аяқтаған болатын. 

ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮГІ АУЫР

Іс тетігін білікті кадрлар шешетін тұста, елге оралған жас маман жұмыссыз қалмады. Жауапкершілік жүгін терең сезіне отырып, Гурьев облыстық мұнай өнімдерімен жабдықтау басқармасының директоры қызметіне кірісіп кетті. Соғыстың салқынынан енді еңсесін тіктей бастаған елде мұнай кәсіпшілігін дамыту, жаңа кен орындарын ашу – тыңнан түрен салудай болғаны белгілі. Алғашқы өнімдерін 1945 жылдың тамыз айынан бастап бере бастаған Атырау мұнай өңдеу зауытының өнімдерін сақтайтын, аудандарға жөнелтетін база ауқымы кеңейе түсті. Алғашқы қадалары сол жылдары қадалған ірі мұнай өндіріс ошақтарының бүгінгідей толайым табысқа жету жолының ұшар басында Муса Мауытұлы сынды білікті азаматтардың тұрғаны – тарихтың қаттаулы беттеріне жазылып қалған-ды. 28 жыл қатарынан өз қызметін адал атқарып, атақ-абыройға кенелгеніне, бірнеше буын жас маман тәрбиелеп, кейінгі шәкірт-терінің өмірлік жол сілтеушісі, еңбектегі алғашқы ұстазы болғанына – ел куә.

Гурьев пен Маңғыстау өлкесінің өндірістік жолында аты алтын әріппен жазылар жайсаң азаматтың ерен еңбектері ескерусіз қалмады. «Еңбек Қызыл ту» орденін иеленіп, екі мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының Құрмет грамотасымен және бұдан өзге бірнеше медальдармен марапатталған. Қалалық, аудандық совет депутаты ретінде бірнеше мәрте сайланғаны да сол еңбегінің ескерілгені болса керек. 

ӨШПЕС ӨНЕГЕ

Тегінде, еңбектің еленуі бір бақыт десек те, атақ-марапат өз алдына, азаматтың атсалысуымен жүзеге асқан бастамалардың ел игілігіне айналуы – нағыз бақыт болса керек-ті. Гурьев, Маңғыстау облыстарында жаңадан мұнай өнімдерінің базаларын, жанар-жағармай бекеттерін салуға Муса Тікенбаевтың сіңірген еңбегі зор. Қияндағы елді мекендермен байланыстың өзі әлі толық жолға қойылмаған тұста, жұмыстың барлығы адам күшімен ғана жүзеге асатын шақта басшының білікті болуы көп нәрсені аңғартса керек.

«Жүзеге асуы тиіс жұмысты соңына дейін жеткізбей тынбайтын ол күн, түн демей, барлық нысандардың талапқа сай болуын өзі арнайы барып, қадағалап отыратын. Талапшыл, тура мінезді. Артық сөзге келмейтін, бірбеткей, тік болатын. Бір адамның бойынан білсем, үйренсем деген талпынысты байқаса-ақ, «осыдан бірдеңе шығады» деп, білгенін үйретуден жалықпайтын. Мусекең бірнеше буын жастардың ұлағатты ұстазы, жол сілтер ақылшы ағасы» болды дейді М.Мауытұлымен үзеңгілес қызмет атқарған жұмыстастары. Бұл сөздердің өзі – біраз нәрсені аңғартса керек. 

«ОЛ ӨЗ ІСІН СҮЙІП ӨТТІ»

Әдетте ер-азамат түздің адамы, отбасы асыраушысы деп жатамыз. Ал, отанасы – осы ошақтың шамшырағы, үйінің берекесі. Жоғары лауазымдағы адамның жауапкершілігі де жоғары болатынын ескерсек, сол үйдің бар жүгі әйел-анаға артылатынын аңғару қиын емес. Осы орайда біз де Муса Мауытұлының жары, ұлағатты ұстаз Оңай Құбашқызымен бірауыз тілдескен болатынбыз.

«Біз алпыс жыл бойы бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір кештік. Өмірден өткеніне бес жыл толып отыр. Зулаған өмір-ай… Күні кеше секілді еді, жастық жалынмен көңіл жарастырып, отау құрғанымыз. Тәубесінен таймаған жандармыз ғой, шүкір, қазір төрт ұлымыздан жеті немере, он екі шөбере көрген аяулы ана, бақытты әжемін.

Біз өмірдің небір соқпақты бедерінен өттік. Ол да қарапайым отбасынан шыққан, әкесі майданнан оралмаған жауынгер болса, анасы үй тірлігімен ғана айналысқан жан. Мен де көп балалы отбасында тәрбие алғанмын. Үйде жеті баламыз, үш қыз қатар болғандықтан анамыз іс тігуді ерте үйретіп, үй шаруасына араластырды. Ал, соғыс кезінде қапшықтап әкелген жүнді біріміз иіріп, біріміз тоқып, майданға жылы киімдер тігетінбіз. Апта соңында әр үйді аралап, тоқылған дүниелерді жинап жүрген колхоздағылар «жарайсыңдар қыздар, сендер осы істерің арқылы жеңісті жақындатып жүргендеріңді білесіңдер ме?!» деп марқайтып кететін. Солай. Өмір бізді ерте есейтті.

Ал, Мусекең расында да – даланың, қызметтің адамы болатын. Бірақ, көзінің қарашығындай болған төрт ұлын бетінен қаққан емес. Тік мінезді, талапшыл болғандығынан шығар, ұлдары да темірдей тәртіпке бағынып өсті. Әкелері бір рет болса да мектепке барып көрген емес. «Өзің үйлестіре бересің ғой». Мусекеңнің бар айтары осы болатын. Маңғыстаудағы мұнай кәсіпшіліктері ашылған тұста, айлап үй көрмей кететін. Сондай сәттерде әйел болған соң, «жұмысың тынымсыз болды ғой тіптен» деп «ашуланып» қалатынмын (күледі). Алайда, ол «Бәрін өз көзіммен көруім керек, әйтпесе, көңілім көншімейді» деп отыратын».

ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАР

Осынау аталы сөздің бұл отбасы үшін мәні зор. Өйткені, Аманғали, Жалғас, Сұлтан, Нұрлан есімді Мұса Мауытұлының ұлдары – мұнай саласында табысты қызмет атқарып, абыройға кенеліп жүрген азаматтар. Әке салған соқпақ – олар үшін бүкіл өмірдің бағдаршамы іспеттес. Ел экономикасының күретамыры саналатын мұнай саласының қарыштап дами түсуіне атсалысып жүрген бұл жандар – ел мақтаулысы. Әрқайсысы өз алдына үлкен шаңырақ болып, ұлағатты жанұяны мәуелі бәйтерекке айналдыруда.

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демекші Муса Мауытұлы бастаған жұмыстар бүгінде ел кәдесіне жарауда. Сонысымен де, айтулы азаматтың ардақты есімі жылдар санап жаңғырып, жадыларда жаттала бермек.

Сөз соңында Муса Тікенбаев басшылық еткен үлкен ұжымның «Облыс экономикасының дами түсуіне септескен білікті басшы, өз ісінің шебері Муса Мауытұлының есімі «Атыраумұнайөнімдері» мекемесі орналасқан Ақжайық ауылындағы 22 партсъезд көшесіне берілсе» деген тілегін жеткізгенді жөн көрдік.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*