АДАЛ ЕҢБЕК АБЫРОЙҒА БАСТАЙДЫ

Салтанатты шараны құттықтау сөзбен ашқан шаһар басшысы Серік Айдарбеков биыл Атырау қаласы үшін жетістікке толы болғанын ерекше атады.

 – Жыл ішінде өнеркәсіп саласы 22 пайызға өссе, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде жобалар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыс әкімінің қолдауымен білім саласында да игілікті істер жүзеге асты. Мемлекеттік балабақшалар салынуда, мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамту, сонымен қатар ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында республикадағы ең жоғары балл алған жеті оқушының үшеуі қала мектебінен шығуын мақтанышпен атап, ұстаздар еңбегіне ризашылығымды білдіремін. Қоғамдағы құқық-тық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етуде өңіріміздегі құқық қорғау органдарының жұмыстары облыс, республика бойынша алдыңғы кезекте келеді. Түрлі салада бірқатар жаңа жобалар жүзеге асты, – деген Серік Кенғанұлы қаланы көркейтуде әр тұрғынның қосып отырған үлесі зор екенін айтып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Арнайы сарапшылардың шешімімен ерен еңбектің үлгісін көрсеткен үздіктер 20 аталым бойынша анықталған.

Қоғамға өзіндік үлесін қосып, оны игі істерімен дәлелдеп жүрген жомарт жандар көп. Бүгінгі күнде, қазақ өнеріне, мәдениетіне, тарихи мұрасына, спортқа жана­шырлық танытып, осы салаға же­ке­лей қолдау көрсетіп, елдің ал­ғысына бөленіп, меценат атанып жүрген жандар қандай құрметке де лайық. Сол себепті, байқауда алдымен жылдың «Үздік меценаты» аталымы таныстырылды.

«Үздік меценат-2013» аталымын иеленген Гүлфара Айтқұлқызы ИСМАҒҰЛОВА қала мәдениетіне, тарихи мұрасына, спортына жанашырлық танытып келеді. Бүгінгі таңда 400-ден астам село тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

«Үздік ұстаз-2013»-ті анықтау сарапшыларға да оңай түскен жоқ. Дегенмен таңдау жасалды. «Үздік ұстаз-2013» аталымымен Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназияның мұғалімі Гүлмарал Садуқызы ӘБІЛОВА марапатталды. 2012-2013 оқу жылында физика пәнінің мұғалімі Гүлмарал Садуқызының сыныбындағы бес оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, үш оқушы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинап, республика бойынша алдыңғы көрсеткіш көрсетті.

 «Үздік журналист-2013» аталымына «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редакторы Ләззат Еділханқызы ӨТЕПОВА лайық деп танылды. Қоғамдағы өзгерістерге етене араласып, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір саналатын журналистика саласында он екі жыл қызмет етіп келетін Ләззат Еділханқызы өзіне берілген құрметті атақты ала отырып, алдағы уақытта жауапкершілігі зор жұмыстарды атқаруды көздейді. Өткен жыл әріптесіміз Ләззат Өтепова үшін шығармашылық сәттілікке толы болды.

Тілсіз жау – өртті сөндіріп, апаттан құтқару жауапкершілігі мол жұмыс екені айтпаса да түсінікті. Осы салада үздіксіз қызмет етіп, көптің сенімінен шығып келетін азаматтар қатары көп. Сондықтан, сарапшылар бұл саладан үздік-терді оңай таңдамағаны белгілі. «Үздік төтенше жағдайлар қызметкері – 2013» атағын 1-ӨСБ өрт сөндірушісі, өртке қарсы қызмет кіші сержанты Аслан Жаңбырбайұлы ӨТЕНОВ ие-ленді. Ол аурухана ғимаратында болған өртте міндетін адал атқарғаны үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен де марапаттал-ған.

 Өңірімізде биыл спорттың әр саласында жетістіктер молынан болды. Солардың арасында кикбоксингтен әлем чемпионы, ҚР спорт шебері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің IV курс студенті Абзал Жеткіншекұлы ДҮСІПОВ «Үздік спортшы-2013» атағымен марапатталды. Сондай-ақ, ол 2010 жылы Венгрияда өткен кикбоксингтен әлем кубогын, 2012 жылы әлем кубогын иеленсе, 2013 жылы Түркияда өткен жарыста да әлем чемпионы атанған.

Қаланың эпидемиологиялық ахуалын бірқалыпты ұстап, салауатты өмір салтын қалыптастыруда жемісті қызмет етіп жүрген қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім бастығы Әлия Нұрбергенқызы НҰРЖАНОВА «Үздік санитарлық дәрігер – 2013» атағына қол жеткізді.

Қала көлемінде түрлі нысандар құрылысын салумен қатар, ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізетін «Юкон бизнес групп» ЖШС-нің директоры Григорий Александрұлы КРАМАРЬ «Үздік құрылысшы – 2013» номинациясымен марапатталды.

«Үздік сәулетші-2013» атағы белгілі сәулетші Рашим Саматұлы ҒИЛМАНОВҚА бұйырды. Ұзақ жылдар бойы қала құрылысын жобалау саласында қызмет атқарған КСРО сәулетшілер Одағының мүшесі, қала құрылысының сәулет-тік келбетін жақсартуға қосқан үлесі үшін де алған біраз марапаттары бар.

«Үздік әлеуметтік сала қызметкері – 2013» – қалалық жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектерге үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Гүлнар Зинелқызы НҰРЖАНОВАҒА табысталды.

Қала көлемінде қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын алуда, қоғамдық тәртіпті сақтауда қалтқысыз қызмет етіп жүрген Атырау қаласы учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Әлібек Жұмағалиұлы ДӘУКЕБАЕВ «Құқық қорғау саласының үздік қызметкері-2013» номинациясымен марапатталды.

«Арай» шаруа қожалығының жетекшісі, ауыл шаруашылығы саласында қырық бес жылдан астам уақыт еңбек еткен сала ардагері Жұмахмет Жексенұлы ХҰБАЙДУЛЛИН «Үздік ауыл шаруашылығы саласының қызметкері-2013» номинациясымен марапатталды.Өңірімізде жаңа технологияларды енгізу арқылы егін саласын дамытуға үлес қосып келетін Жұмахмет Хұбайдуллин Елбасының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің және ҚР кәсіподақтар Кеңесі төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталған. II дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері.

«Үздік кәсіпкер-2013» номинациясына «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ президенті Абай Төкенұлы ЖҰМАҒҰЛОВ лайық деп танылды. Жиырма жылдан бері тұрғын үй, жол құрылысы, мұнай саласында жөндеу жұмысымен айналысатын акционерлік қоғам бүгінде он бес компанияның басын біріктіріп, облыстың екі мыңнан астам тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Әлеуметтік сала бойынша екі денсаулық сақтау орталығы, білім беру саласында да республика көлемінде жүлделі орынға ие болған «Тағылым» орта мектебі және Ақтау, Орал, Шымкент қалаларында шипажайлары халыққа қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, кәсіпкердің тікелей басшылығымен соңғы жылдары оннан астам әлеуметтік нысан салынған.

Қоғам денсаулығын сақтауда ақ халатты абзал жандардың үлесі өлшеусіз. Отыз жылдан астам уақыт осы салада қызмет ететін №2 қалалық емхананың учаскелік дәрігері, тәжірибелі I санатты терапевт Гүлнар Зайденқызы ДҮЙСЕНҒАЛИЕВАҒА «Үздік дәрігер-2013» номинациясы берілді.

«Үздік мәдениет қызметкері-2013» атағын жеңіп алған Еркінқала селолық кітапханасының меңгерушісі Зоя Сергейқызы ІЗТІЛЕУОВА қала, облыс көлемінде кітапхана ісін дамыту барысында өткен кеңестерде, сайыстарда шебер ұйымдастырушылық талантын, іс-тәжірибесін көрсетіп келеді.

 «Үздік тәрбиеші – 2013» атағы №16 «Дюймовочка» балабақшасының тәрбиешісі Назгүл Қабдрашқызы ШАХМАНОВАҒА берілді. Ол – бүлдіршіндер тәрбиесіне жан-жақты қарайтын жаңашыл педагог, қамқоршы ұстаз, бала жанының бағбаны. Шығармашылық ізденісімен бірнеше байқауларда жүлдегер атанып, жаңашылдық танытып келеді.

 «Үздік үкіметтік емес ұйым қызметкері-2013» номинациясын Атырау облыстық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Мартагүл Төлеуқызы ҚАНАТОВА талассыз жеңіп алды. Өйткені, аталған бірлестік жастардың отансүйгіштік сезімін қалыптастыруда біраз шаралардың ұйытқысы болып, тынымсыз еңбек атқарып келеді. Биыл тұрғындар арасында ұйымдастырылған «Мәдениетті Атырау», «Таза қала», «Кітап – сенімді серік, ізгілік бастауы» атты акциялары көпшіліктің есінде қалды.

«Үздік селолық округ әкімі аппаратының қызметкері-2013» аталымымен қаладағы Геолог селолық округ әкімі аппаратының бас маман-ветеринары Асхат ҚАЛИЕВ марапатталды.

 «Үздік мемлекеттік қызметкер-2013» атағын Әділжан Бауыржанұлы САДЫҚОВ иеленді. Мемлекеттік қызмет саласында жеті жылдан бері еңбек етіп келетін Әділжан Бауыржанұлы – бүгінде Атырау қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді бақылау бөлімінің басшысы.

 «Үздік пәтер иелері кооперативінің басшысы-2013» болып Жанна Қайырбекқызы СИСЕНҒАЛИЕВА танылды. 1998 жылдан бері осы саланың басшылығында қызмет етіп келеді. Ол басқаратын ұжым Авангард ықшамауданындағы тұрғын үйлерге толықтай жөндеу жұмыстарын жүргізген қала бойынша бірден-бір кооператив болып табылады.

 Көпшіліктің тағатсыздана күткен «ЖЫЛ АДАМЫ-2013» аталымы қазіргі заманның қаһарманы деуге лайық Руслан Боранбаевқа табысталды. Сарапшылардың әділ шешімімен Өртке қарсы қызмет старшинасы Руслан Болатпайұлы БОРАНБАЕВ – облыс аумағындағы бірнеше күрделі өрттерді сөндіруге қатысып, адам өмірін сақтап қалуға атсалысты. Ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында қаладағы Азаттық даңғылындағы тұрғын үйде болған өрт кезінде бір жасар сәбиді анасымен өрт ортасынан аман алып шыққан. Осындай қажырлы еңбегі еленіп, ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің төсбелгісімен марапатталған. Қызметтес әріптестері арасында сыйлы Руслан осындай игілікті істері үшін «Жыл адамы-2013» атты ең құрметті, әрі абыройлы атаққа ие болды.

Біз де өз ісінің озық шеберлерін лайықты марапаттарымен құттықтаймыз. Жаңа жыл жаңа табыстар мен жетістіктерге толы болғай! Тәуелсіз елімізді бақытты келешекке еңселі еңбек жеткізетіні кәміл.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Суреттер

Ерлан АЛТЫБАЕВТІКІ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*