АҚЖАУЛЫҚТА ҰЛТЫМНЫҢ АР-НАМЫСЫ…

Ағиба ҚАТЕШОВА: Құрметті құрбылар, барлықтарыңызды көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз күнімен газет ұжымы атынан құттықтаймын. Сіздердің бір қолдарыңызбен тербетіліп тұрған мына әлем тыныштығы мен ұрпақтарымызға бақыт сыйласын деген тілек айтамын.
Әйел туралы әңгіме қозғау бір жағынан оңай сияқты көрінгенмен, екінші жағынан аса күрделі. Өйткені, ежелден әйел-анаға үлкен жүк міндеттелген. Бұл міндеттің ең бастысы – отбасының берекесі мен ұрпақ тәрбиесі. Бұл – шеті мен шегі көрінбейтін терең мәселе. Ең бастысы, әйел-ана. Соған қарамастан қоғам көшін алға бастап, белсенділік танытып жүргендері қаншама. Гендерлік саясат әйелді өрге сүйреп, ерлерді төмендететін саясат емес. Бұл – екі жұптың теңдігін құрметтей отырып, іскерлік, қарым-қабілеті мол әйелдерге қолдау көрсету. Сөйтіп, тепе-теңдікті қалыптастыру. Бұл бағыттағы мемлекетімізде жасалған алғышарттарға сәйкес біздің өңірімізде де көптеген жұмыстар жасалуда. Әңгімемізді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия жұмысынан бастасақ.
Әсия ҚЫСТАУБАЕВА, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы: Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның құрамында мемлекеттік ұйымдардың ғана емес, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің басшылары, еңбек ардагерлері апайларымыз да бар. Комиссияда жоспарлы түрде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тоқсан сайын отырыстар өткізіледі. Комиссия бірнеше секцияға бөлінген. Мен ақпараттық секцияны басқарамын. Бұған қоса отбасы тәрбиесі, мемлекеттік қызметкерлердің, құқық қорғау органдарының мәселелерін қарайтын секциялар жасақталып, түрлі бағыттарда жұмыс жасауда. Ал, гендерлік саясатқа келетін болсақ, бұл тек әйел адамдарға ғана қатысты емес. Бұл, негізінен, гендерлік тепе-теңдік саясаты. Бұл – 2006-2016 жылдарға арналып ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген бағдарлама.
Бұл – көшбасшы әйелдерге қолдау көрсету, денсаулық мәселесіне байланысты ерлер мен әйелдерге қатысты тең, бірдей мүмкіндіктер қарастырылған құжат. Отбасы тәрбиесі төңірегінде тек әйелдің ғана емес, ер адамның рөлі туралы да Елбасының өзінің берген тапсырмасы бар. Бүгінгі күні өкілдік, атқарушы билік басында көбіне ер адамдар отыр. Парламенттегі екі палатада да басым бөлігі – ер адамдар. Ал, Елбасының бұл стратегиясында 2016 жылға дейін билікке әйелдерді отыз пайызға дейін тарту көзделген. 2009 жылы арнайы тапсырма аясында көшбасшы әйелдердің жұмыстарын дамыту, әлеуметтік әлеуетін жақсарту мақсатында көшбасшы әйелдер клубын құрып, жұмысты бастап кеттік. Жалпы қоғамдық жұмыс деген – әркімнің өзінің бастамасымен іске асырылатын нәрсе. Оған ешкім бұйрық бере алмайды. Қоғамдық жұмысқа араласу адамның ішкі жан дүниесінен туындайды.
Біздің өңірімізде гендерлік тепе-теңдік стратегиясы толықтай жүзеге асып отыр деуге негіз бар. Атап өтетін болсақ, облыс әкімінің бес орынбасарының біреуі әйел адам болса, қалалық әкімдікте де үш орынбасардың біреуі – әйел адам. Ал, Махамбет ауданында үш әйел – округ әкімдері. Өкілді орын болып табылатын облыстық, қалалық мәслихатта да үш-үштен әйелдер бар. Облыс басшылығындағы жиырма басқарманың үшеуін әйел басқарады. Сондай-ақ, әрбір екінші басқармада бастықтың орынбасарлары – әйел адамдар. Ең бастысы, облыс басшылығы әйелдердің билікке араласуларын түсініп отыр. Демек, қолдау бар деген сөз.
Ағиба ҚАТЕШОВА: Жалпы, көшбасшы әйелдер дегеніміз кімдер? Оған кімдер мүше бола алады?
Әсия ҚЫСТАУБАЕВА: Бұл жерде көшбасшы әйелдер дегеніміз бастық болып отырған, болмаса, билік басындағы әйелдер емес. Олар – өздерінің ісімен көшбасшылықта көрсетіп отырған, ісімен, ішкі жан дүниесімен халықты ұйымдастыра алатын, оларға үгіт-насихат жүргізетін, жаңаша ой айтып, жаңа бастамамен жұмыс жасап жүрген әйелдер. Ол кәсіпкер, дәрігер болса, басқа мамандық иелері де болуы мүмкін. Ал, мүшелікке келсек, өзінің ынтасы бар әрбір әйелдің мүше болуға мүмкіндігі бар.
Жайлы ӨМІРБЕКОВА, «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалы жанындағы «Саяси көшбасшы» әйелдер мектебінің жетекшісі:
Облыс орталығындағы әйелдер мәселесіне орай ашылып отырған қоғамдық ұйымның бірі – «Нұр Отан» ХДП Атырау облыстық филиалы жанындағы «Саяси көшбасшы» әйелдер мектебі. Бұл мектеп 2011 жылдың маусымында республика бойынша ашыла бастады. Біздің облыста желтоқсанда аштық. Мектепке өздерінің ынтасы, ұстаным-көзқарастары бар, мемлекеттік қызметтердегі, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, бюджеттік органдардағы әйелдер мүше болып отыр. Бес секцияға бөліндік. Секциялардың барлығын да өмірлік тәжірибеге бай, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген белгілі маман-әйелдер басқарып отыр. Біз басқа органдарға қарағанда мектеп болғасын, бізге кіргендердің барлығын да оқытамыз. Ең бастысы, «Нұр Отанның» мүшелері болуы керек. Бірақ, біз шек қоймай, ынтасы барларды да мүше ретінде қабылдап жатырмыз. Жұмыс жасағанымызға жыл жарымдай уақыт болды.
Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы негізінде біраз жұмыстар жасадық. Өз отырысымызға аудандардан да өкілдер шақырдық. Өзіндік бастамалары мен ұсыныстары бар әйелдердің көзқарастары бізді қуантты. Олардың ұсыныстарымен ендігі жерде мұндай мектептің жұмысын тек облыс орталығында жүргізіп қана қоймай, аудандарда, ауылдарда да жалғастырсақ деген жоспарымыз бар.
Өздеріңізге белгілі, қоғам жағымды, жағымсыз өзгерістерге толы. Әртүрлі дағдарыстар бар. Біз дағдарысты әдетте экономикалық тұрғыдан қараймыз. Бұл экономикалық дағдарыс емес. Мәселен, жастар арасында кейбір келеңсіз қылықтар, олардың түптің түбінде суицидке әкеліп соғуы, аға буынның бір кездері «дін жоқ» деп өмір сүріп, ұрпағына қасиетті дінді дұрыстап түсіндіре алмай қалуы, міне, осының бәрі дағдарыс. Біздің мектептің мақсаты – аталған дағдарыс бұғауынан шығу жолдарын түсіндіру.
Бүгінгі жұмыс жасап жүрген адамдар – өмірден көрген-түйгені көп адамдар. Аға буын, орта буын мен жас буын арасындағы сабақтастықты үйлестіру, солардың тәжірибесіне сүйеніп жұмыс жасау – басты мақсатымыз. Бұрын резервте тұрған адамдарды қоғамдық жұмысқа салатын. Сосын барып тәлімгерден өтіп, сатылап көтерілетін. Біздің мектепте де осындай сатылау болу керек. Келушілер көп. Мұның өзі халықтың өз ұрпағының болашағын ойлағандығы, ел ертеңіне немқұрайлылық көрсетпей, жанашырлық танытқаны деп түсінеміз. Жұмыс көп. Мақсатымыз айқын. Көптеген іске асыратын механизмдер бар. Жұмыс жалғасатын болады.
Жәниба ҚАРАСАЕВА, белгілі ақын, Халықаралық және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
Адам өмірі ілгері қарай жылжыған сайын бізге қажетті заңдылықтар өзгерістер болып отыратыны заңдылық. Бірақ, сол жаңалықтарға бірден қойып кетпей, бірте-бірте өз менталитетімізге сай, үйге келген қонақ сияқты қабылдауымыз керек. Мәселен, қарапайым тілмен айтқанда, әдетте үйге қонақ келгенде орналастырып болғанша ол кісінің болмысын біліп боласыз. Егер қонақ қарапайымдылық танытып, өзінің ризашылығын білдіріп жатса, сенің де жан дүниең жібіп сала береді. Ал, сәл кірпиязданып, айналасына сын көзбен қарағыштай бастаса, өзің де ыңғайсыз күйді сезіне бастайсыз. Міне, қоғамдағы өзгерістер де осылай. Біртіндеп, мұқият қарап, әбден көз жеткізіп, санаға сіңіріп барып қабылдаған жөн. Гендерлік саясат барлық жерде қолдау тапты. Шынымен де, әйел басқарған жерге барсаңыз ұқыптылықты, мейірімділікті, үнемшілдікті көресіз. Ер адам басқарып отырған мекемеге қарағанда жинақылық бірден көзге түседі. Демек, гендерлік саясат керек. Бірақ, ұлттық тәрбиеміз сақталуға тиіс. Ұлттық тәрбиенің негізі отбасына келіп тірелетіндігін ұмытпаған дұрыс.
Тәрбиелі ұрпақ – ананың басты бағы. Қазір қыздарымыз ибалылығын жоғалтып бара жатыр. Себебі, келген жаңалықты омақаса қарсы аламыз. Еуропаға еліктеп, бәрін көріп жатырмыз. Керісінше, сол еуропалықтар біздің салт-дәстүрімізді алсын, біздің мәдениетімізді, тәрбиемізден үйренсін. Кейде теледидар жарнамаларынан әйелдің әйелдік намысына тиетін нәрселерді де көреміз. Демек, ұлттық идеологиямыз дұрыс дамымай отыр. Қыз ибалылығын, ана борышын, әже тәрбиесін сол жаһандануға ала кетсе, артық болар ма? Тәрбие дұрыс болу үшін түп-тамырымызды үзбей, қай жерде жүрсек те ұлттық ерекшелігімізді сақтауымыз керек. Тағы бір мысал. Мекемелерге бара қалсаң, алдыңнан ең бірінші қарсы алатын бастықтың алдында отырған хатшы қыз. Бәрі дей алмаймын, кейбіреулері тура солдатша қарсы алады. «Сізге кім керек? Жазылып па едіңіз? Жазылмасаңыз, кіре алмайсыз». Болды, осымен сөз бітті. Егер сол қыз бала «апай, бастыққа кіру үшін бірінші жазылып алу керек. Пәленшесінші бөлмеге барып жазыла қойыңыз» деген сияқты ибалы сөз айтса, адам көңілі жайланып, бір марқайып қалмас па? Бұл да бір тәрбиенің осал тұсы. Сондықтан, жасымыз бар, жасамысымыз бар, ұрпақ тәрбиесін алдыңғы кезекке қойып, бұл бағыттағы атқарылар істер мен шешімін күткен мәселелерді екінші кезекке ысыруға жол бермеуіміз керек.
Елбасы әр сөзінде жастар тәрбиесін, соның ішінде болашақ бастауы болар қыз балалардың тәрбиесі жөнінде талай рет айтып келеді. Бұл тегіннен тегін емес. Өйткені, қыз бала ертеңгі елдің шырайын келтірер ұрпақ әкеледі өмірге. Сол ұрпақтарымыздың саналы да сауатты болуы – ананың қолында.
Нұрлы ӘЙТИЕВА, ҚР іскер әйелдер қауымдастығы Атырау облыстық филиалының төрайымы, «Саясаткер» әйелдер клубының жетекшісі: Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе өте маңызды. Мен бүгінгі басқосуға өзімнің ризашылығымды білдіремін. Жәниба Қарасайқызы, Сіздің айтқан пікірлеріңіз өте орынды. Әйелдер қауымдастығының біздің облыста құрылғанына биыл он төрт жыл болса, соның он жылында мен төрайым болыппын. Бүгінде өзімнің орныма ынта-ықыласы бар, бизнесте жүрген ізбасар жас маманды дайындап жүрмін. 2010 жылы ұлттық комиссияның шешімімен «Саясаткер» әйелдер клубы құрылды. Құрамында жастар да, үлкен апаларымыз да бар. Қазір бизнесін бастағысы келіп жүрген әйелдер көп. Осы орайда жақында ТШО мен Республикалық әйелдер қауымдастығы бірлесе отырып, бизнесті бастауға ниетті жиырма әйел адамды тегін оқытып жатыр. Қазіргі жас қыздарға ризамын. Дарынды, ашық мінезді, ойларын ашық айта білетін батыл, ұйымдастырушылық қабілеттері зор. Гендерлік саясатқа келсек, бұл – мемлекет тарапынан жасалып отырған зор қамқорлық. Ешкімді бөліп-жару емес. Соны терең түсінген дұрыс деп ойлаймын.
Әсия ҚЫСТАУБАЕВА: Нұрлы Тельманқызы, Сіздің сөзіңізге қосайын дегенім, бұл стратегия арқылы Үкімет жағдай жасап берді. Пайдалана ма, пайдаланбай ма, ол әркімнің еркінде. Оның үстіне бұл құжатта тек әйелді ғана қамқорлау деген сөз жоқ. Керісінше, ер адамдар туралы, олардың денсаулығын жақсарту жөнінде де айтылған. Демек, ерлерге де, әйелдерге де кеңінен, тепе-тең түрде жағдай жасап берді. Немесе Американың, Англияның болмаса басқа елдің болмысын үйрен деген де сөз жоқ. Көңіл бөліп қарасақ, ұлттық құндылықтарымызды сақтауды міндеттеген. Осыны дұрыс түсінген жөн.
Әлима КСЮП, «Әсем-Үміт» ЖШС құрылыс компаниясының директоры: Шағын және орта бизнесті дамыту бағытында біздің өңірімізде де қомақты істер атқарылуда. Солардың ортасында өзім басқаратын серіктестік он жылдан бері жұмыстанып келе жатыр. Шынын айту керек, бүгінгідей басқосуға мен бірінші рет қатысып отырмын. Өңіріміздің қоғамдық өміріне кеңінен араласу – баршамыздың азаматтық міндетіміз. Кішкене болса да қаламыздың өркендеуіне үлес қоссақ, бұл – біз үшін үлкен жетістік. Өйткені, елін сүйіп, халқын қастерлеген әр адам ең бірінші өз жерінің патриоты болу керек деп ойлаймын. Сондықтан, газет редакциясына алғысымды айтамын.
Біздің ұжымымызда ер адамдардың жұмысын еркін атқарып жүрген қыздарымыз бар. Олардың біліктіліктері, қарымдылықтары мені өте қуантады. Бәрімізде де мақсат біреу – ісімізді алға бастырып, халық қажетіне жарату. Осы орайда қаладағы құрылыс энергетика лицейімен әлеуметтік серіктеспіз. Сол жерде білім алып жатқан болашақ мамандарды тәжірибеден өткізіп, үйретіп, жұмысқа аламыз. Осылайша жастар тәрбиесіне ден қойып, олардың кәсіптерін терең меңгерген маман болуларына көңіл бөліп келеміз. Атқарылар істер өте көп. Қазақ әйелінің қолынан бәрі келеді. Біз – анамыз, жармыз, әжеміз, кәсіпкерміз, санамалай берсек, біз көтерер жүк жетерлік. Бірақ, біз ешуақытта ұлтымызға тән ерекшеліктерімізді ибалылық, кішіпейілділік пен нәзіктігімізді естен шығарған емеспіз. Біздің соңымыздан ерген кейінгі ұрпақ та осы үрдісті бойларына сіңірсе игі. Осыны терең түсінген Елбасымыз еңбек етіп, бақуатты өмір сүруіміз үшін барлық жағдай жасап отыр. Соның ішінде әйелдердің мүмкіндіктерінің барлығы үкімет тарапынан зор қолдау тапқан. Мемлекет тарапынан жасалып отырған бұл жақсы іс еліміздің ертеңгі жарқын болашағына жасалған қамқорлық деп түсінемін.
Жайлы ӨМІРБЕКОВА: Әлима Қалиқызы, сіздің сөзіңізден заман ағымындағы өзекті мәселелерден қалыс қалмай отырғандығыңызды естіп, риза болып отырмын. Жоғары оқу орнының, колледждердің студенттерімен дуальды жүйеде жұмыс жасау – бүгінгі күні қолға алынған іс. Елу пайызы теориямен, елу пайызы практикамен ұштасқанда ғана білікті маманға қол жететіні анық. Жастарға жасап отырған бұл – зор қамқорлық. Қара бастың ғана қамын ойламай, жастардың болашағына көңіл бөліп отырғаныңыздың өзі үлкен көрегендік деп ойлаймын.
Ағиба ҚАТЕШОВА: Әйелді қанша дәріптесек те, жеме-жемге келгенде олардың жандары нәзік, жүректері жұмсақ. Сәл салқындықтың өзі олардың жандарын күйзелтіп, тығырыққа тіреуі әбден мүмкін. Қаламызда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған бөлім ашылды. Осы бөлімнің жұмысы туралы толығырақ білсек.
Айбаршын ИМАНҒАЛИЕВА, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің директоры: Отбасы – шағын мемлекет. Осы мемлекеттегі екі басты тұлға – ері мен әйелі десек, олардың өзара ауызбірлігі болмаса, сол мемлекеттері қирап, бүлінеді. Бұл жердегі басты себеп көбіне нашақорлық және ішкілікке салыну болып отыр. Ал, мұның ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты зиян екендігі айтпай-ақ белгілі. Мемлекет бұл мәселеге де үлкен мән беріп отыр. Осы гендерлік саясат негізінде 2012 жылдың ақпанынан бастап, біздің қаламызда осы бөлімше ашылып, жұмыс жасап келеді. Мұндағы мақсат – қиын жағдайға тап болған әйелдерге әлеуметтік, психологиялық, заңгерлік, медициналық көмек көрсетіп, уақытша баспанамен қамтамасыз ету. Ашылғаннан бері бізге 16 әйел, 20 бала келіп паналады. Олар тағдырдың тауқыметін тартқан, жәбір көрген жандар. Араларында он сегіздегі әйел адамнан бастап, белі бүгілген қария әжеге дейін бар. Бұл – отбасының трагедиясы. Қазақ әйелі ежелден намысшыл, төзімді болып келетіні жасырын емес. Балаларым әкесіз болмасын, өссін, сосын көрерміз деп үнемі үмітпен сабырлылық жасайды.
Өкінішке орай, сол балалар ержетіп, ұядан көргенін іліп, өз ата-аналарына қол көтеріп жататын сұмдық жағдайлар да кездеседі. Манағы айтып отырған қарияларымыз – осы қысымшылықтың құрбандары. Біз негізінен әйелдердің жұбайларымен әңгіме жүргізіп, олардың отбасыларының бұзылмауына себепші болып, кеңестер беріп, жанұяларын біріктіріп жіберуді мақсат етеміз. Өкініштісі сол, көп жағдайда біздің дегеніміз болмай жатады. «Өлімнен ұят күшті» деп бұл жерде қалмай пәтер жалдап, қиындық қамытын киюге бел буған әйелдер қаншама?!
«Әйелге рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді» деген сөз бар. Әйелдің жайсаң жүрегі жараланбаса екен деген жалғыз-ақ тілек бар бізде.
Жайжан БАЯМИРОВА, Атырау қалалық бас мемлекеттік ветеринарлық санитарлық инспектордың орынбасары: БАҚ беттерінен әйелдер қауымдастығының, клубтар мен мектептердің бар екендігін біліп жүретінмін. Бүгін сіздермен жүздесіп, сұхбаттасудың сәті түскеніне қуаныштымын. Гендерлік тепе-теңдік саясатының өңірімізде іске асып отырғандығын мен өз қызметімнің барысында дәлелдеп отырғандаймын. Әркімнің таңдаған, меңгерген мамандығының өзіндік қыр-сыры болады ғой. Менің мамандығым – мал дәрігері. Қолыма қатырма қағазымды алып келгеннен кейін де, мені жоғары білімді маман екен деп құшақ жая қарсы алғандар да болмады. Қайда барсам да өңкей ер адам. Сөйтіп жүріп, әупірімдеп ветеринарлық бөлімге кірдім. Жиырма бес жігіт, мен жалғызбын. Өз-өзіме сеніп, жұмыстың артына түстім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Балықшы аудандық ветеринария бөліміне конкурстан өтіп, бастық болып сайландым. Ауылшаруашылық съездеріне, халықаралық көрмелерге қатыстым. Байқаймын, салада әйелдер көріне бастады. Өзім де қарамағыма маман қыз-келіншектерді тартып, қолдан келген көмегімді көрсетіп жүрдім. Бүгінгі күні бізде жұмыс жасайтындардың 80 пайызы – әйел адамдар. Қаладағы бес базардың қадағалау-бақылау лабораториясының біреуінде ғана ер адам, қалғандарын әйелдер басқарады. Бір кездері әйелдерден ат тонын ала қашқан саясат артта қалды. Қазір қоғамның қай саласына көз салмаңыз, ерлермен бірге әйелдер де абыройлы қызмет атқарып келеді. Сол сияқты ауыл шаруашылығында да әйелдер санының артып отырғанына қуанамын. Талпыныс болып, талап пен талант ұштасқанда осындай тепе-теңдік болып, барлық күш бір ғана бағытқа – ел ертеңіне арналады деп сенемін.
Дана ЖАЙЛАУБАЕВА, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Жастар» саяси орталығының директоры: Бізді өзіміздің ізбасарларымыз деп есептеп, бүгінгідей басқосуға шақырғандарыңызға алғысымды айтамын. Бұл сенім үдесінен шығу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі күні өңірімізде жастарға көп көңіл бөлініп, оларға жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Жастар басқармасы, жастар орталықтарының ашылуы сөзіміздің дәлелі. Жиындар мен шараларда көріп жүргеніміздей, жастар дегенде бірден көзге түсетіні – қыз балалар. Қыздарымыз белсенді, жаңашыл, бастамашыл. Олардың киім киістері, шаш қою үлгілері, сөйлеу мәдениеттерінің жоғары деңгейде болуы – бүгінгі заман талабы. Сол талаптан қалмау, соның ішінде ұлттық ерекшелік белгілерін сақтай отырып, дизайндық шеберліктерін шыңдау – басты мақсаттардың бірі. Осы орайда университет жанында «Қыз Жібек» клубы жұмыс жасайды. Әртүрлі танымдық кездесулер ұйымдастырамыз. Нұрлы Тельманқызы, сізге көп-көп рахмет, біздің қыздарымызбен жиі кездесіп, ақыл-кеңес беріп, қыздарды жақсы сөздермен қанаттандырып жүресіз. Жақында «Әйел – ана, көшбасшы» тақырыбында шара болып өтті. Көтерілген мәселелер қыздарымызға жақсы ой қалыптастырып, олардың жас өмірлеріне бағыт берген бағдаршамдай болды. Ертеңгі күннің көшбасшылары бүгін оқу орнының қабырғасында білім алуда. Олардың үлгі алар адамдары – сіздерсіздер.
Гүлжан ЕЛЕШОВА, «Ақпарат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубының жетекшісі: Мемлекеттік маңызды тақырыптарды насихаттауда өзіміздің облыстық «Атырау» газетінің орны ерекше. Сөзіміздің дәлелі – бүгінгі ұйымдастырылып отырған осы басқосу. Қоғамда әйел араласпайтын жұмыс жоқ. Олардың жүрегінің жылуы балаға да, жарға да, қоғамға да жетіп жатыр. Жаңа Жәниба апайымыз айтқандай, ауылдық жерлердегі әйелдердің өзіндік пікір, көзқарастарын ортаға тарта алмай келеміз. Ұлттық идеология қалыптасуы керек деп жатырмыз. Бұның негізі ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, алға басқанда ғана жүзеге асуға тиісті деп ойлаймын. Халық ретінде қалыптасуымыз біздің ұлттық идеологиямыз мықты болған кезде ғана сақталады деп ойлаймын. Мысалы, біздің аналарымыз біз ес біліп, етек жиғаннан бері алдымызда жарқырап, аппақ орамалдарымен жүрді. Әжелеріміз де солай, қақырадай болып, бастарынан ақ жаулықтары түскен жоқ. Осылайша олар бізге өздерінің өмірлік сабақтарын берді. Көзімізді үйрете отырып, біз соған дағдыландық.
Ал қазір, өкініштісі сол, жап-жас қыздардың беттерін тұмшалап, қара орамалмен бүркеніп жүретіндіктері ешкімге таңсық емес. Мұның басты себебі неде? Жасыратыны жоқ, қазіргі орта жастағы әйелдер – мына сіздер мен біздерміз. Еуропаға еліктеп, қалай еткенде де жастау көрінуге тырысамыз. Жастарға тән киімдерді киіп алатынымыз да рас. Сөйтіп, біз ұлттық құндылықтардың тасада қалып бара жат-қанына көңіл бөле алмай қаламыз. Мүмкін, ескермейтін де шығармыз. Ал, біз, аналар, осындай нем-құрайлылық танытқанда, жаңа бойжетіп келе жатқан қыздарымыз нені көріп, үлгі етіп, қай бағытты ұстанарын қайдан білсін?!
P.S. Демографиялық саясат та әйел-аналарға үлкен міндеттер жүктейді. Әйел ең алдымен өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеуге міндетті. Қызмет қуып, лауазым көксеп, бұл міндетті ұмыт қалдырсақ, үлкен бір кемшілігіміз болмақ. Бұл да – мәні тереңде жатқан мәселе.
Тоқсан ауыз сөз осылайша түйінделді. Ел еңсесін көтеріп, мәртебесін асқақтатар ұлағаттың бастауы – ұрпақ тәрбиесі. Ендеше, ұл-қыздарымыздың тәлімді, парасаты мен пайымы жарасқан жоғары талғамды болулары өз қолымызда.

Өз тілшіміз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*