Ақын Бақытгүл Бабаштың шығармашылық кеші өтті

Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Бақытгүл Бабаштың «Сағыныш қалды көзімде…» атты шығармашылық кеші өтті.

ЕАС 191

Поэзия кеші ақын туралы түсірілген бейнебаянмен басталды. Онда ақынның туған жері, өскен ортасы жайлы оқырманға тың деректер берілді. Әдеби кеште ақынның өлеңдері оқылды. Шараға әдебиет сүйер қауым өкілдері жиналғаны соншалық, залда ине шаншар орын болмады. Өлеңді түсінетін, өлеңмен өмір сүретін, ақынжанды жандардың арамызда көп екені қуантқаны рас.

Шығармашылық кешке облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова қатысып, ақын өлеңдерінің мәні мен мазмұнына тереңірек тоқталды. Бақытгүл Бабаштың өз оқырмандары бар, мықты ақын екенін айта отырып, құттықтау хатын табыс етті. Жыр мерекесіне ақ басты Алатаудың баурайынан арнайы ат сабылтып келген ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек Атырау облысынан Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаштың Қазақстан Жазушылар Одағына мүше болып қабылданғанын айтып, кеш иесін құттықтады.

Бұл шараға әнші Айгүл Иманбаева сияқты өнер жұлдыздары қатысып, ән шырқады. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, Ақтөбедегі «Табылды Досымов» қорының президенті Бижан Қалмағамбетов, еңбек ардагері Рәшила Мүрсалиева, т.б. сөз сөйлеп, шынайы тілектерін арнады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*