«АҚЫЛДЫ ЭКОНОМИКАНЫ АҚЫЛДЫ АДАМДАР ЖАСАЙДЫ»

– Өзіңіз басқарып отырған институт жаңа оқу жылын нендей жаңалықпен бастағалы отыр?
– Бүгінгінің басты талабы әлемдік бәсекеге төтеп беретін өз ісінің шеберлерін дайындап шығару ғой. Осы мақсатта халықаралық бағытта іс-тәжірибе алмасу үшін, бірнеше орталықпен келісім-шарт жасап жатырмыз. Тверь, Томск, Краснояр, Астрахан, Хабаровск, Смоленск, Самара, Мәскеу, Приморск, Новосибирск, Иркутск, Мурманск, Саратов қалаларындағы институттармен және Синцьцзян қаржы-экономикалық университеттерімен өзара келісім негізінде облыс педагогтарына арналған арнайы білім жетілдіру курстарын, семинарлар ұйымдастыруды ойластырып отырмыз.
– Барлығына бірдей топырақ шашуға болмас, бірақ «біліктілігін арттыру курстарына көбіне айтары аз, сапасы төмен педагогтарды жібереді. Олар ештеңе түсінбей бас шұлғыған күйі қайта кетеді. Біліктілікті арттыру курстары осылайша өз мақсатына жете алмай келеді» деген пікір бар. Бұған не дейсіз? Біліктілікті арттыру мәселесіне тәрбие және білім беру мекеме басшыларының көзқарасы қандай?
– «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» деген ғибратты ұғым бар. Сол себепті де бүгінгінің ұстазы ізденіс тұлғасы болумен қатар, оқушысын ізденіске шабыттандыратын, жоғары біліктілік пен құзыреттілік иесі болуы керек. Біздің институт осы талап деңгейінен шығу мақсатында ғылыми-әдістемелік жұмыстарды кеңейте отырып, біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге жаңа бағыт-бағдар беруге тырысуда. Бірақ, әр педагог біліктілігін арттыруға алдымен өзі ерекше мән беруі керек.
Бұл жерде мәселенің екінші қыры да бар. Бүгінде мұғалім саны мен біліктілігін арттыруға байланысты берілетін сұраныстар көрсеткішінде әлі де болса алшақтық бар. Оның үстіне, педагог мамандарға өзі түсінетін, өзі қалаған нәрсені үйрету өте тиімді болатыны белгілі. Сондықтан, біліктілікті арттыру курсын сараптауға мұғалімнен бөлек, білім беру ұйымдары басшылары да араласуы керек.
– Еліміздің әсіресе, батыс өңірлерде дін мәселесінің ушығып тұрғандығы айтыла-айтыла жаңалық болмай қалды. «Мұғалім дін маманы емес» деген сын да құлаққа жиі шалынады. Осы орайда мектептердегі «Дінтану негіздері» факультативтік пәнінен дәріс беретін арнайы мамандар даярлау мәселесін түпкілікті шешу қаншалықты мүмкін болып отыр?
– Дінтану мәселесіне әлем халықтарының ғасырлар бойы қалыптастырған сан қырлы рухани мәдениетінің бір саласы деп қарауымыз керек. Дінтану ғылымының өзі діннің пайда болуы, оның маңызы, мағынасы, адамға әсері, қоғамдағы, тарихтағы, мәдениеттегі мыңдаған жылдар бойғы ролін зерттейді. Аталған пән оқушыларды діндер тарихымен таныстыра отырып, оларды салыстыра білуге, жақсы мен жаманды айыра білуге, гуманистік көзқарасқа, толеранттылыққа тәрбиелейді. Десек те, осы пәннен ынталы, сауатты, ізденімпаз, педагогикалық-психологиялық шеберлігі шыңдалған педагогтар дәріс берсе, ұрпағымыздың болашағына алаңдамаған болар едік. Арнайы маман даярлау жоғары оқу орындарының міндеті, алайда, теолог маман мен педагогтың арасында көп айырмашылық бар екендігін де ұмытпағанымыз жөн.
– Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім қоғамға зиянын әкеледі» деген сөзі бүгінгі күнде құндылығын жоймай келеді. Мемлекет басшысының өзі де «ұстаз білім беріп қана қоймай, тәрбиені де жолға салып, көңіл аударуы қажет» дегенді жиі айта бастады. Тәрбиені діннен бөліп қарастыра алмаймыз. Ендеше, оқытушылар «дәстүрлі дінді барлық ұстаздар білуі керек, дінге деген дұрыс көзқарас болуы керек» деген талаптан қаншалықты шыға алып отыр?
– Қазақстан халқына кезекті Жолдауының бірінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» деп, міндет жүктеген еді.
Шыр етіп дүниеге келгеннен ата-анасының тәрбиесіне қаныққан баланы мектеп қабырғасына үйретудің қаншалықты қиын екендігін ұстаздан артық ешкім білмейді. Сондықтан, әр 45 минут уақытын білім беруге арнайтын ұстаздың бала тәрбиесіне арнайы көңіл бөлуі тым қиын, әрине берілген сабақ барысында сабақтың тәрбиелік мақсаты орындалады, алайда, тағылымды терең тәрбие беру мүмкіндігі шектеледі. Сондықтан, сабақтан тыс уақытта тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруға жағдай туғызылған.
Сөзіңіздің жаны бар, педагог жан-жақты болуға тиіс, алайда, біз еліміздің заңдарынан педагогтарға қойылған талаптардан артық нәрсені сұрауымызға тағы да болмайды емес пе? Қоғамдық пікірдің барлық педагогтарға ой салары сөзсіз, осы әңгіме баспасөз беттерінде жиі қозғалып отырса, нәтижеге қол жеткізер күн де алыс болмас.
– Бүгінде өткенді саралауға жаңаша бетбұрыс болып жатқаны белгілі. Тарихты жазу мәселесінен мектеп оқулықтары да тыс қала алмайды. Осы орайда сіз басқарып отырған институтта қандай қозғалыс болып жатыр? Мемлекеттік маңызды мәселеде берер ұсыныстарыңыз, айтар ой-пікіріңіз бар ма?
– Тарих ең алдымен өткеннің мұрағаты. Осы орайда Мемлекет басшысының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы арқылы берілген арнайы тапсырмасы бар. Жүктелген міндетті жүзеге асыру мақсатында құрылған Ұлттық іс-қимыл жоспарына сай институтымызға бірнеше тапсырмалар берілді. Ол бағытта ауқымды жұмыс жүруде.
Бұдан басқа институт қызметкерлері қазіргі уақытта балабақшаларға арналған «Отан тарихы» деп аталатын суретті кітапшаларды дайындауды мақсат етіп отыр. Бұл кітапша кішкентай бөбектеріміздің отаншылдық рухта тәрбиеленуіне үлкен үлес қосады деген үмітіміз бар. Менің ұсынысым – оқулық жазу барысында мектеп ұстаздарының пікірімен көбірек санасу арқылы оқулықтың сапасын жақсартуға болады. Оқулықты жазу барысында төменгі сынып оқушыларының кітаптарына аңыз әңгімелерді кірістіру арқылы, оқушының пәнге қызығушылығын арттыруға болады. Сонымен қатар пәнаралық байланыс пен оқиғалардың сабақтастығына ерекше мән берілуі керек.
– Ой-пікір бөліскеніңіз үшін бек рахмет!

Әңгімелескен
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*