Ақылды бизнес ауылды алаламайды

Қызылқоға ауданында екі бірдей тың жоба жүзеге асырылғалы отыр. Әдетте малды өңір аталатын Қызылқоғадағы бұл жобалар жаңа бағытқа бетбұрыс жасауымен құнды.

Ақылды бизнес11

Ауылда ұн өндіреді

Аудан орталығы Миялы ауылында тұңғыш рет ұн өндіру цехы іске қосылады. Жобаны жеке кәсіпкер Жұмабай Кадуов жүзеге асыруда. «Жобаның құны – 1 млн. 320 мың теңгені құрайды. Қазіргі таңда кәсіпкер

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында грант ұтып алды. Мемлекет тарапынан берілген қаражатқа ол ұн өндірісіне қажетті құрал-жабдық сатып алады», – дейді Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфеева.

Цех жергілікті тұрғындар үшін ұн және кебек өнімдерін шығарады. Нысан толық өндірістік қуатына шыққан жағдайда, күніне 190 кг бидай өңделіп, одан 150 кг ұн, 40 кг кебек алынады деп күтілуде. Осылайша, кәсіпкер екі адамды тұрақты жұмыспен қамтығалы отыр. Басты ерекшелік сол, шығарылатын өнім экологиялық жағынан таза болады.

«Яғни, өндірілетін ұн концентратсыз. Цех Қызылқоға өңіріндегі азық-түлік қауіпсіздігінің сақталуына да өз үлесін қосады. Ұн жеңіл жайылады, ірімейді. Бидайдың ерекшеліктеріне байланысты, өнім де өте дәмді болады. Қазірдің өзінде жергілікті халық, наубайханалар, асханалар тарапынан сұраныс жоғары. Әрі сату құнын базар бағасынан төмен етуді көздеп отырмыз», – дейді жеке кәсіпкер Жұмабай Кадуов.

Қызылқоға аудандық кәсіпкерлік бөлімінен білгеніміздей, жобаға қажетті шикізат Ақтөбе облысына қарасты Қобда ауданынан және Батыс Қазақстан облысының шаруагерлерінен алынады. Және бір айта кетерлігі, диірмен көмегімен 50 кг ақбидайды тартқанда, 45 кг таза ұн, 5 кг кебек жем шығады. Яғни, жоба қалдықсыз өндіріс болуымен де ерекшеленеді.

Ақылды

 Қолөнер бұйымдарын жасайды

Мемлекеттік грантты иеленген екінші жоба – әлеуметтік бизнес бағытында. Жеке кәсіпті қолға алған Миялы ауылының тұрғыны Нұргүл Жекенова «Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасауды үйрету орталығы» жобасы арқылы, жерлестерін қол еңбегіне баулығалы отыр. Грант қаражаты орталыққа қажетті тігін машиналарын, құрал-жабдықтар алуға жұмсалуда.

«Қазақ – дәстүрге, тарихқа бай халық. Сонау өткен ғасырлардың тасасында қалып қойған қолөнер бұйымдарымызда да көрегендіктің, тектіліктің ізі жатыр. Бабалар дәстүріндегі осы бір нәзік байланысты жас буын арасында кеңінен насихаттау арқылы жалғағым келеді. Сол себепті, оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап тігін тігуге, қол еңбегіне баулуды жоспарлап отырмын. Аудиториямды жұмыссыз жүрген қыз-келіншектер арқылы да толтырамын. Белгілі бір кәсіпке бейімделген адам өз ісін жүргізе алады. Әзірге екі адамды жұмыспен қамтимын», – дейді жеке кәсіпкер Нұргүл Жекенова.

Және бір ерекшелігі, әлеуметтік бағыттағы жоба көмегімен кәсіпкер мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға жеңілдіктер жасауды көздеп отыр. Орталықтан кәсіп үйренушілерге айына бір рет, ал, аудан тұрғындарына тоқсанына бір рет тегін шеберлік сабақтары өткізіледі.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*