Қаңғыбас иттің қаупі

…Су есептегіш құралын тексеруші әйел үйге сөйлей кірді.

– Жаңа ғана мені ит қауып ала жаздады. Сөмкеммен соққылап жүріп, зорға құтылдым. Осы жұрт ит асыраған екен, неге байлап қоймайды?- деді ол қолындағы қағазын ұсынып жатып.

Бұл көрініс тұрғын үйлерді аралайтын оның қызметінде жиі кездеседі екен. Әсіресе, қала іргесіндегі округтерге бару қиын көрінеді. «Қабаған иттің қайдан шыға келерін білмейсің. Жан-жағыңа алаңдай қарап, қауып ала ма деп қауіптеніп  жүргенің» дейді әлгі сұхбаттасушымыз.

Жеті қазынаның бірі саналған үй жануарының «жыры» Атырауда тағы көтерілді. Жуырда жетінші сынып оқушысын алабай тұқымдас ит  талап, жазым ете жаздады.  Келесі күні Водников елді мекенінде 2013 жылы туған балаға көршісінің «салпаңқұлағы» тап беріп, бет терісіне зақым келтірген. Облыстық ІІД баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиеваның айтуынша, тиісті талапты сақтамағандықтан, иттің иесіне 11 350 теңге әкімшілік айыппұл салынды.

Ал, жыл басындағы қаңғыбас иттердің салған сойқанын, жеті жастағы жеткіншекті ауыр жарақаттағанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Осы оқиғадан соң «азулының» біразының көзі жойылды.

– Иесіз жүрген ит пен мысықтан келер қауіп көп. Біз көлденең жағдайлардың алдын алу мақсатындағы шараларды жүзеге асырудамыз. Былтыр облыс орталығында 9 382 бұралқы ит атылды. Өткен жылы Атырау облысында жануарлардың тістегенінен 1 494 адам зардап шекті. Дәрігердің көмегіне сүйенгендердің дені төбет тұқымдас иттен жапа шеккен. Осылайша, қаңғыбас жануарлар қала халқының өміріне қауіп төндіруде, – дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев.

Көше кезген иттің көбеюін мамандар «тұрғындардың жауапсыздығынан» деп түсіндіреді. Олардың көпшілігі асырай алмағандықтан, үй жануарын далаға жібере салады екен. Тиісті құрылымдардың жүйелі жұмыс жүргізбеуі, қаңғыбас иттердің көзін жоймауы да проблеманың туындауына себепші болып отыр.

__а____ыбас итт¦__ __ауп¦

Сіз не дейсіз?

Сақтанған сау болады

Асхат БИСЕНҒАЛИЕВ,

облыстық аурухананың зақым-жарақат

бекетінің меңгерушісі:

– Бүгінде ит-мысық тістеген жағдайлар көптеп кездесе бастады. Тышқан жарақаттаған оқиғалар да бар. Мұның бәрі сақтанбаса, түрлі қауіпті аурулардың өршіп кетуіне себепші болады.

Науқас ауруханаға жеткізілген бойда біз жарасын антисептикалық дәрімен тазалап, құтыру ауруына қарсы егу шарасын жүргіземіз. Қалған күндері де вакцина емханаларда салынады. Үй иесі күтіміндегі әрбір итті тіркеп, ветеринарлық емханада егу шараларын жүргізуі қажет.

 

Жеті бригада жұмыс жасауда

Асхат ҚАБЕСОВ,

«Атырау қалалық ветеринарлық

стансасы» КМК  директоры:

– Біздің мекеме бұралқы ит пен мысықты жою жұмысымен де айналысады. Қазір қала бойынша жеті бригада жұмыс жасауда. Аңшылар көлікпен, қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Көзі жойылған ит пен мысықтың басына белгіленген көлемде ақы төленеді. Жергілікті бюджеттен 27 млн. теңге бөлінсе, соның 9 миллионы игеріліп үлгерді. Қауіпсіздік үшін негізгі шаралар адам аяғы басылған уақытта жүргізілуде. Сонымен қатар, отсыз қару қолданылуда. Бүгінде жергілікті адамдармен бірге, Павлодар облысынан келген екі бригада жұмыс жасап жатыр. Оларға қалаға қарасты округтер бекітіліп берілген.

Ит қабу оқиғасы орын алса, біз жағдайды 10 күн бойы бақылап, жұқпалы ауруларға қарсы екпелері жөнінде мәлімет жинақтаймыз. Өткен жылдан бері сегіз мың ит  егіліп, қаралған.

Биылғы жыл басынан бері 4989 иттің көзі жойылды. 2015 жылы бекітілген мал ұстау ережесі бойынша итті түнгі сағат 12-ден бастап таңғы 6-ға дейін көшеге байлаусыз жіберуге тыйым салынады. Бос кеткен жағдайда, ит   ескертусіз жойылады.

 

Уақытында егілуі керек

Сагид СУЛЕЙМЕНОВ,

мал дәрiгерлiк емхананың басшысы:

– Ит ұстаудың да өзіндік тәртібі, талабы бар. Алайда, оны көп адам сақтай бермейді. Жалпы, итті күшігінен асырап, өсірген дұрыс. Қалада және басқа елді мекендерде үй жануарын ұстау қабылданған тиісті ережелерге сай болуға тиіс. Иесі өзінің тұрғын жеріне қарасты мал дәрігерлік мекемелерге итті міндетті түрде тіркетіп, оны жыл сайын тіркеуден қайта өткізіп отырады. Мұндай мекемелер тіркеу куәлігін және тіркеу белгісін беріп, тиісті ережелермен таныстырады.

Ит ауырған кезде тамақ ішпей қояды. Мінезі өзгеріп, енжар тартады, жүні үрпиіп, көзі қызарады, жиі қасынып, денесінде жара пайда болады. Асыранды иттер адамға жұғатын көптеген аурулармен (құтыру, қышыма, ішқұрт аурулары) ауыратын болғандықтан, ауыруы білінісімен мал дәрігерлік емханаға апарған жөн. Жыл сайын оба, құтыру ауруларына қарсы егіледі. Көпшілік осындай қажетті шараларды орындамағандықтан, оның соңы келеңсіз жағдайларға ұрындырып жатады.

Азамат БАЗАРБАЕВ

3 комментария

  1. Сәкен Аланұлы

    Қаңғыбас ит дегеннен шығады, қазір тіпті, иесі бар иттердің өзі әсіресе жаңадан салынған шағын аудандарда бос жүреді. Әсіресе, сол иттер балаларға өш. Иесі болса, итім қабаған, овчарка деп мәз болып тұрады. Ит ұстаудың да талабы бар екенін учаскелік полицейлер айта жүрсе деймін

  2. Қыран бүркіт

    Бірде менің танысымды өзінің жұмысындағы алабай ит талап тастады. Алып итпен арпалысқан аға абырой болғанда аман қалды. бірақ, қағынған ит аяусыз тістеп тастаған аға ұзақ емделді. Осындай нәрселердің айтылмай жататыны өкінішті.

  3. Руслан Әли

    Бір жылда 1914 адамның зардап шегуі ойлантарлық жай. Қанша дегенмен әлгі цифрдың артында сонша адам ғана емес, оның сыртында тұтас отбасының тағдыры жатыр ғой. қатаң режим қаламен бірге, ауылдарға да енгізілсе жақсы болар еді. әйтпесе, өріске мал жайып, ия мал іздеп кеткен балаларымызға алаңдап отырамыз.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*