Ақтөбе – Лаэти аспанасты музейге айнала ма?

Атырау облысы – туризм саласы бойынша көрсеткіші төмен өңір. Осы олқылықтың орнын толтырудың бірден-бір жолы – Сарайшық, Ақтөбе-Лаэти секілді көне қалалар орнынан ашық аспан астындағы мұражай ұйымдастыру. Бұл – біраздан бері айтылып келе жатқан мәселе.

актобе2

Қазіргі таңда аталған бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Атыраудың іргесіндегі Томарлы ауылының шығысында орналасқан Ақтөбе-Лаэти қалашығының орнындағы қазба жұмыстары көп жылғы үзілістен соң, биыл қайта жанданды. Осы орайда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ескі қаланың орнына арнайы барып, танысуға мүмкіндік туды.

Аумағы 20х20 метр көлеміндегі ескі қала орнындағы қазба жұмыстарының биылға жоспарланған бөлігі ойдағыдай жүзеге асқан. Арнайы топ осыған дейін өлкетанушы В.Афанасьевтің нұсқауымен М.Мерщиев алғашқы болып археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, «ескі қала екі қорған ескерткіштен тұрады, аумағы 200х80 метр» деп көрсеткен бөлігінен тыс жерде қазба жұмыстарын жүргізген. «Бұл жерге алдымен музей мамандары барлау жұмыстарын жүргізіп, топырағын тазалаған сәтте кірпіштен қаланған қабырғаларды байқады. Осы негізбен жасалған жұмыс нәтижесінде қазба орнында бөлмелер пайда болды. Кей бөлмелерден қыш ыдыстардың сынығы, металл қорытпаларының қалдығы, әшекей бұйымдары, жазуы сақталмаған мыс тиындар табылды. Демек, бұл – қалашықтың жанында тұрмыстық шеберхана болғанын растайды, мынау сол өндіріс орны деп болжап отырмыз» дейді музей директоры Рашида Харипова.

Байқағанымыздай, ошақтардың кейбіреуі кірпіштен қаланса, енді біреулерінің қабырғасы қатты, арнайы мұржалары да болған. Шағын бөлмелердің бәрі де – шебердің жұмыс орны екенін аңғартады. Енді бір бөлменің мүлдем есігі де жоқ екен. «Расында да, бұл бөлме басқалардан өзгеше. Бірнеше ошақ орналасқан. Соған қарап, жоғарыдан түсетін саты болуы мүмкін деген болжам бар» дейді музейдің археология секторының меңгерушісі Бақытгүл Хасанова.

Айта кетелік,  музей қорында аталған қала орнынан табылған 500-ден астам жәдігер бар. Олардың қатарында ыдыс, жебе ұштары, әшекей бұйымдары, сүйектен жасалған тұрмыстық заттар, шырағдандар, су құбырлары секілді заттармен қатар, алтын бұйымдар да бар. Арнайы тексеруден өткен бағалы заттардың қоспасы да анықталған, әшекейлер 840, 720, 750, 680 сынамалы алтыннан жасалыпты.

Ескі қала орнында жүргізілген жұмыс нәтижесімен танысуға арнайы барған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев: «Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында аталған «Туған жер» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстар республика көлемінде жүзеге асырылуда. Біздің облыста да алғышарттар жасалып, жоспарлы жұмыстар қолға алынды. Мәселен, биылдың өзінде бір қорым және екі қала орнына қазба жұмыстары жүргізілуде. Маусым айында Қызылқоға ауданындағы Миялы қорғанында қазба жұмыстары жүргізілсе, енді Ақтөбе-Лаэти қалашығының орнында қазба жұмыстары жалғасуда. Оған қоса, биыл Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көне Сарайшық қаласында атқарылатын жұмыстарға байланысты меморандумға қол қойды. Осыған орай 7 тамыздан Сарайшық қаласының орнындағы қазба жұмыстары басталады,»–  деп атап өтті.

Ескі шаһар орнындағы қазба жұмыстары музей мамандарының, студенттер мен «Жасыл ел» жасағы мүшелерінің қатысуымен жүргізілген. Мұрат Қалменов те – осы топта табысты жұмыс жүргізген археолог. «Бұл жер тұтастай алғанда Атыраудың туризм кластерінің дамуына оң ықпал етеді. Өйткені, XIII ғасырдың екінші жартысына тиесілі ескерткіш саналатын ескі қаланы қайта қалпына келтіріп, ашық аспан астындағы музейге айналдырар болсақ, келушілердің көп болары анық. Сонымен қатар, жергілікті оқу орындарының тарих, археология бағытындағы студенттері үшін таптырмас көмекші құрал, тәжірибеден өтетін алаң бола алады. Негізі, менің ойымша, бұл – жұмыстардың басы ғана. Өйткені, осы  жерде әлі жүз жылдық жұмыс бар» дейді маман бізбен әңгімесінде.

Айтып өткеніміздей, аталмыш қала орнындағы жұмыстардың жоспарланған бөлігі аяқталуға таяу. Аз күндерден соң арнайы топ Сарайшыққа аттанбақ. Ал, қазба жұмыстарының нәтижесіне қатысты, яғни, Ақтөбе-Лаэтидің қазылған аумағын қорғау, сақтау мәселесі қалай болады?» деген сауалымызға орай білгеніміздей, қазіргі уақытта аршылған жерді қоршау жүргізу жұмыстарын жергілікті деңгейде шешу ісі қолға алынған. Ал, негізінен аталмыш қала орнын толықтай қоршау – келер күннің еншісінде. Қажетті құжаттар жасақталып, тиісті министрлікке жолданып отыр.

Ендеше, Ақтөбе-Лаэти ортағасырлық қаласы орнынан аспанасты музей-қорығы тұрғызылар күннің таяу екеніне және құнды тарихи нысан тек қағаз жүзінде ғана қорғалатын аумақ болып қалмайтынына сенім білдіреміз. Себебі, өткенді сақтамай, болашақ жоқ екені белгілі.

Ақтөбе – XII-XIV ғасырларда төменгі Волгадан Орталық Азияға өтетін керуен жолында орналасқан алтынордалық қалалардың бірі. Шаһар XIV ғасырда Ұлы Жібек жолы бойымен жүріп өткен итальян көпесінің картасында «Лайете» деген атаумен көрсетілген. Қаланың негізгі кәсібі іргелес Алтын Орда қалаларын қолөнер бұйымдарымен және Хорезм, Иран сынды елдерге сапар шеккен сауда керуендеріне қызмет ету болған. Қаланың құлдырауына екі түрлі себеп болуы мүмкін деген болжам айтылады: Әмір Темірдің жорығы немесе Каспий теңізі деңгейінің көтерілуі.

Тарихшылар Ұлы Жібек жолының бойында сауда керуендеріне арналған Ақтөбе-Лаэти қалашығының орналасқаны жөнінде 1960 жылдан бері айта бастады. Мұнда 1965 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих-археология және этнография институының ғылыми қызметкерлері алғашқы болып археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, қалашық екі қорған ескерткіштен тұратындығын анықтаған. Қалашықта жүйелі түрдегі қазба жұмыстарын Лев Галкин жетекшілік еткен КСРО ғылым академиясының Археология институтының Орал-Еділ бойы экспедициясы 1974 жылы бастап, 1981 жылға дейін жүргізген.

Гүлжан Әмірова

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*